Нәзір ету мәселесі
▪️ Кімде-кім «егер әкем ауруынан жазылса, онда пәленше затты садақа етемін» деп асылы Аллаһқа жақындататын [шариғатта парыз және уәжіп амалдың жынысынан болған] нәрсені айтып [1] нәзір етсе, онда оған нәзір міндет және шарттың табылуымен [яғни, әкесі ауруынан жазылумен] айтқан нәзірін орындау уәжіп болады. Ал егер мубах немесе күнә болған нәрсемен нәзір етсе, онда оған нәзір міндет емес және орындау да уәжіп емес.
▪️ Егер былай нәзір етіп айтса: «Егер ауруымнан жазылсам, Аллаһ үшін бес күн қатарынан ораза тұтамын» немесе «қатарынан» деп айтпады, бірақ соған ниет етсе, кейін ауруынан жазылса, онда оған бес күн қатарынан ораза ораза ұстау уәжіп болады; егер бес күн арасында бір күн ауызын ашып жіберсе, онда бес күнді қайта басынан бастап ұстау уәжіп болады; егер «қатарынан» деп айтпаса және ниетте етпеген болса, онда оразаны бес күн қатарынан ұстау уәжіп емес.
▪️ Егер былай нәзір етіп айтса: «Аллаһ үшін жұма күні ораза ұстаймын» дегеннен кейін басқа күні ораза ұстаса - рұқсат; және сол сияқты «Аллаһ үшін мухаррам айының он күнінде ораза ұстаймын» деп нәзір еткеннен кейін басқа айда он күн ораза тұтса - рұқсат; егер «Аллаһ үшін мухаррам айының алғашқы он күнінде ораза ұстаймын» деп айтса, онда кез-келген басқа айда қатарынан он күн ораза ұстау уәжіп болады.
▪️ Егер нақты айдың атап нәзір етсе - мысалы, мухаррам айында ораза ұстаймын деді - онда оған сол айда қатарынан, арасын үзбестен ораза ұстау уәжіп болады, оразаны қатарынан ұстаймын деп айтсын немесе айтпасын, айырмашылық жоқ; ал егер сол айда бір күн оразасын ашып жіберген болса, онда сол күннің ғана қазасын өтейді және айдың басынан бастап қайта ораза ұстау міндет емес; және басқа айда ұстаса да рұқсат.
▪️ Егер былай нәзір етіп айтса: «Егер жоғалған нәрсемді тапсам, онда сегіз ракағат намаз оқимын», сосын жоғалған нәрсесін тапса: егер қаласа сегіз ракағатты бір сәлеммен немесе төрт ракағаттан екі сәлеммен немесе екі ракағаттан төрт сәлеммен оқыса болады; егер «төрт ракағат оқимын» деп нәзір етіп айтса, онда оған төрт ракағатты бір сәлеммен оқу уәжіп болады, ал егер екі сәлеммен екі ракағаттан оқыса, онда нәзірін орындамаған болады.
▪️ Егер «Аллаһ үшін бір ракағат намаз оқимын» деп нәзір етіп айтса, онда оған екі ракағат намаз оқу уәжіп; егер «үш ракағат намаз оқимын» деп нәзір етіп айтса, онда оған төрт ракағат оқу уәжіп.
▪️ Егер «Аллаһ үшін он дирһам садақа беремін» деп нәзір етіп айтса, онда оған он дирһам садақа беру уәжіп болады.
▪️ Егер жүз дирһам садақа етемін деп нәзір етіп айтса және қолында он дирһамнан басқа ақшасы болмаса, онда оған қолындағы он дирһамды ғана садақа ету уәжіп, қолындағы басқа затты емес; егер оның қолында жүз дирһамға тең келетін зат болса, онда оған жүз дирһам садақа ету уәжіп; егер оның қолында он дирһам және жиырма дирһамға тең келетін зат болса, онда оған отыз дирһамды садақа ету уәжіп.
▪️ Егер он міскінді тамақтандырамын деп нәзір етіп айтса және ниеті таңғы мен кешкі ас беру болса, онда ниет еткен нәрсесін орындау [яғни, таңертең және кешке он міскінді тамақтандыру] уәжіп; егер [таңғы және кешкі ас] деп еш нәрсеге ниет етпесе, онда оған он міскінді таңертең және кешке тамақтандыру уәжіп; егер он міскінге жарты сағ [шамамен 1600 гр.] бидайдан берсе, онда бұл тамақтандырғанның орнына жүреді.
▪️ Егер «ауруымнан жазылсам, онда бір дирһам нанды садақа етемін» деп нәзір етіп айтса және кейін ауруынан жазылса, онда оған нанмен немесе сол нанның құнымен садақа етсе рұқсат.
▪️ Егер он міскінге он дирһам садақа беремін деп нәзір етіп айтса, онда бір міскінге он дирһам берсе рұқсат және сол сияқты он дирһамды жиырма міскінге бөліп садақа етсе де рұқсат.
▪️ Егер нақты бір міскінге садақа беремін деп нәзір етіп айтса, кейін садақаны басқа міскінге берсе - рұқсат.
▪️ Егер нақты бір дирһамды Меккеде немесе жұма күні берем деп нәзір етіп айтса, онда басқа дирһаммен садақа етсе рұқсат және сол сияқты Меккеден басқа жерде немесе жұмадан басқа күні садақа етсе рұқсат.
▪️ Егер біреу үлкен мешітте намаз оқимын деп немесе Меккедегі харам мешітінде намаз оқимын деп нәзір етіп айтса, оған екі мешіттен басқа жерлерде намаз оқуы рұқсат.
▪️ Егер біреу былай деп нәзір етіп айтса: «Егер бауырым ауруынан жазылса, онда құрбандықта бір қой шаламын» немесе «қойдың етінен садақа етемін» және кейін бауыры ауруынан жазылса, онда оған нәзір міндет болады: егер құрбандыққа қой шаламын десе, онда құрбандық күндері құрбандық шалу уәжіп және бұл еттен өзі жеуі немесе байларды тамақтандыруы дұрыс емес, мейлі малды құрбандық күні сойсын немесе басқа күні сойсын; егер бұл еттен өзі жесе немесе байларды тамақтандырған болса, онда оған сол жегеннің немесе жегізген еттің құныңдай садақ беру уәжіп.
▪️ Кімде-кім «Аллаһ үшін сиыр соямын» немесе «Аллаһ үшін сиырдың етін садақа етемін» деп нәзір етіп айтса, кейін сиырдың орнына жеті қой сойса - рұқсат.
▪️ «Егер әкем келсе, онда он дирһам садақа беремін» деп нәзір етіп айтса, сосын әкесі келмей тұрып он дирһамды садақа етіп жіберсе, онда оның мойнынан нәзір түспейді, әкесі келгеннен кейін он дирһам садақа етуі керек.
▪️ Егер нәзірін сол нәрсенің болуын қалаған нәрсеге байлап айтса: «егер ауруымнан жазылсам» немесе «әкем келсе» деген секілді, кейін ауруынан жазылса немесе әкесі келсе, онда екі мысалда да ол адамға он дирһам садақа беру уәжіп болады; егер нәзірін сол нәрсенің болуын қаламаған нәрсеге байлап айтса: «Егер пәленшемін сөйлессем» немесе «егер бүгін намаз оқымасам, онда он дирһам садақа етемін», сосын әлгі адаммен сөйлессе немесе намаз оқыса, онда ол адам өз таңдауында: егер қаласа он дирһам садақа береді, егер қаласа ант бұзғанда болатын кәфәратты өтейді.
▪️ Егер күніне мың рет Пайғамбарға ﷺ салауат немесе «Ләә иләәһә иллАллаһ» деп айтамын деп нәзір етіп айтса, онда оған нәзірін орындау міндет; ал егер «субхәнАллаһ» немесе «ләә хәулә уә ләә қууәтә иллә билләһ» айтамын деп нәзір етіп айтса, онда оған нәзір міндет емес.
▪️ Кімде-кім Құранды он рет хатым етемін немесе бір пара оқимын деп нәзір етіп айтқан болса, онда оған айтқан нәзірін орындау міндет.
▪️ Кейбір қара халықтың өлілерге және әулиелерге жақын болу үшін айтқан нәзірлері және ақшаларынан, балауыздан, майдан және сол сияқтыларды әулиелердің мазарларына жақындау үшін апарулары - бірауыздан дұрыс емес және харам.
▪️ Әулиелер үшін ораза ұстаймын деп нәзір ету ширк.
▪️ Кімде-кім мешіт немесе көпір жөндеймін деп нәзір айтқан болса, оған нәзірін орындау міндет емес.
▪️ «Егер әкем ауруынан жазылса, онда концерттен қалмаймын» деген секілді күнәлі іске нәзір айту дұрыс емес және нәзірі нәзір болмай, солай нәзір еткендігі үшін күнәкар болады.
▪️ Кімде-кім «егер мынадай нәрсе болса, онда мәуліттен қалмаймын» немесе «пәленшенің қабіріне шапанымды қоямын» немесе «пәленшенің атынан қой соямын» немесе «пәленшенің атынан садақа беремін» деп - сосын әулиелердің бірінің атын атап - нәзір айтқан болса, нәзірі дұрыс емес және оған нәзірін орындау уәжіп емес.
[1] Айтудың ең аз деңгейі өзін еститін деңгейде айту, жүрекпен айтылған\ниет еткен нәрсе нәзір/қасам болмайды.
Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 328-331 бет.