Күнә жасауға қолданылатын нәрсені сату мәселесі.
Ханбали мәзһабының ғалымдары бойынша, сатушы сатып алушының ниетін білсе, мұндай сауда харам әрі жарамсыз. Сондықтан сатылған зат сатып алушының меншігіне, ал төленген ақша сатушының меншігіне өтпейді (ибн Қудама әл-Ханбали, «әл-Муғни», 4\284).
Ал мәлики мәзһабы ғалымдарының сөздерінен мұндай сауданың харам болғанымен, сауда келісімі жарамды саналатыны аңғарылады (әз-Зарқани әл-Мәлики, «Шарх әз-Зарқани әлә Мухтасар Халил», 5\11).
Ал шафиғи мәзһабы бойынша, сатушы сатып алушының ниетін білсе, мұндай сауда мәкруһ саналады, бірақ сауда келісімі жарамды болады (имам әш-Шәфиғи, «әл-Умм», 4\152).
Ал ханафи мәзһабының негізгі мәтіндерінен олардың екі жағдайды ажыратқаны аңғарылады.
Сатып алушы алған затын күнә жасау үшін пайдаланғысы келсе, сауданың үкімі жағдайға қарай өзгереді.
Күнә жасауға тікелей қолданылатын нәрсені сату
А) Сатушы сатып алушыға күнә жасауға әдейі көмектесуді көздесе, келісімшарт харам әрі жарамсыз болады, сатушы да күнәға батады. Сатылатын заттың күнә жасау үшін қолданылатыны келісімшартта ашық айтылса да, үкім осындай. Мысалы, жүзімді немесе оның шырынын шарап жасау үшін сататынын ашық айту. Тек күнә жасауға ғана қолданылатын затты, мысалы, табынатын пұтты сатуға да осы үкім қолданылады.
﴾Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар﴿ «әл-Мәида», 2-аят.
Күнәға себеп болатын нәрсені сату
Ә) Сатушы күнә жасауға көмектесуді көздемесе, сауданың күнәға себеп болуының өзі келісімшартты харам етпейді. Бірақ егер сауда:
- Сатып алушыны тікелей күнә жасауға апаратын болса, сауда харам (сауда келісімі дұрыс, бірақ сатушы күнәға батады).
- Сатып алушыны күнәға тікелей итермелемей, бірақ себеп болса және затты өңдемей-ақ, сол күйінде күнә жасауға қолдануға болса, сату мәкруһ тахрим саналады.
Мысалы: бүлік шығарушыларға қару сату, үйді ішінде шарап сататын немесе оны шіркеуге айналдыратын адамға жалға беру.
Сондай-ақ ғимаратты өсіммен жұмыс істейтін банкке бөлімше ашу үшін сату немесе жалға беру. Бөлімше ашу мақсатын көрсету ғимараттың өсімге негізделген операцияларға пайдаланылатынын ашық айтумен тең. Сондықтан мұндай келісімшарт харам әрі жарамсыз.
Компьютерлік бағдарламаны өсіммен жұмыс істейтін банкке сатудың үкімі де осыған ұқсас. Сатушы харам істерге жәрдемдесуді көздесе немесе бағдарламада тек өсімге негізделген операцияларға не басқа харам істерге ғана жарайтын функциялар болса, келісімшарт харам әрі жарамсыз. Ал сатушы жәрдемдесуді көздемесе және бағдарламада тек харам істерге арналған функциялар болмаса, келісімшарт жарамды, ал сату мәкруһ тәнзиһ саналады.
- Күнә жасауға қолдану үшін сатып алушы затты қосымша өңдеуі қажет болса, сату мәкруһ тәнзиһи саналады.
Сауда күнәға алыс себеп болса, мәкруһ тәнзиһ саналады. Яғни сатылған затты сол күйінде күнә жасауға қолдану мүмкін болмай, оны қосымша өңдеу қажет болады. Бұған бүлік шығарушыларға темір сату мысал.
Сол сияқты, ғимаратты өсіммен жұмыс істейтін банкке бөлімше ашу үшін емес, қойма ретінде пайдалану секілді басқа мақсатпен сату немесе жалға беру де мәкруһ тәнзиһ саналады.