December 14, 2024
«Өз үйлеріңді қабір қылып алмаңдар және менің қабірімді мейрам тойлайтын орынға айналдырмаңдар, ...»
Хазіретті Әбу Һурайрадан, Аллаһу Тағала одан разы болсын, Пайғамбардың ﷺ былай деп айтқанын жеткізеді: «Өз үйлеріңді қабір қылып алмаңдар және менің қабірімді мейрам тойлайтын орынға айналдырмаңдар. Маған ﷺ қай жерде болсаңдар да салауат айтыңдар, шынында сендердің салауаттарың Маған ﷺ жетеді» (хадисті ән-Нәсәи жеткізді).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 926) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Өз үйлеріңді қабір қылып алмаңдар» (деген сөзге байланысты бірнеше мағына келтіреді):
- Яғни, Аллаһты зікір етуден және Оған мойынсұнудан ада болған қабірлер сияқты қабір етпеңіздер (өйткені қабір иелері зікір мен ғибадаттан мақрұм болады), бәлки үйлеріңізге берекет түсуі үшін үйде нәпіл құлшылық жасаңдар.
- Кейбіреулер мұның мағынасы: «Үйлеріңізге мәйіт жерлемеңдер», - деді. Бұл мағынаны әл-Хаттаби жоққа шығарып, Пайғамбар ﷺ өз үйінде жерленген деді. Бірақ (әл-Хаттабидің сөзіне) «Пайғамбарлар қайтыс болған жерлерінде ғана жерленеді» деген хадиспен жауап беріледі.
- Былай деп те айтылды: «(Қабірлерді үй етіп, сол жерде тұрумен қабірлерді күнде көріп, яғни: ақырет пен өлімді еске түсіретін қабірге әбден үйренісіп, сол себепті өлімді ұмытып) жүректегі жұмсақтық, ақыретті еске алу және мейірім кетпеуі үшін қабірлерді үй етіп алмаңыздар», - деген мағына болуы мүмкін. Бәлки қабірді зират еткеннен кейін үйлеріңізге қайта оралыңыз немесе (өлімді ұмытып) бұл дүниеге толықтай батып, ақыреттен үзіліп қалмас үшін. Сондықтан да: «Егер ақымақтар болмаса, дүние ойран болар еді», - делінген. Сол себепті әйелдерге қабірлерді көп зират етуден тыйған (яғни, әйел адам қабірге жиі барса, онда қабірде өмір сүретін адам секілді жүректері қабірге үйреніп, оны әдеттегі нәрсе ретінде көріп, өлім мен ақыретті ұмытады).
- «Үйлеріңізді намаз оқылмайтын тек ұйықтайтын мекен етіп алмаңыздар, өйткені ұйқы өлімінің інісі және мәйіт намаз оқымайды», - деп те айтылды.
- Әт-Турубиштий айтты: «Намаз оқымайтын адам мәйіт секілді, сондықтан ол адам (намаз оқымау арқылы) өз үйін қабір қылды деген мағына болуы мүмкін». Бұл сөздің мағынасы сахих Муслимде келген хадистен шығады: «Аллаһты зікір ететін үй мен зікірсіз болған үй - өлі мен тірі секілді». Бұл хадистің мағынасы: «Үйлеріңде, яғни, қабірлеріңде намаз оқымайтын мәйіт секілді болмаңыздар» немесе: «Үйлеріңізде намаз оқуды тәрк етіп, өздеріңіз мәйітке, үйлеріңізді қабірге айналдырмаңыздар» - деген. Бұл мағынаны келесі келетін хадистен шығады: «Үйлеріңізде намаз оқыңыздар, қабір қылып алмаңыздар». Кейбір ақпейіл адамдар: «Үйлеріңізді зиярат етіп келген қонақтарға ас бермейтін қабір қылып алмаңыздар», - деген мағынаны білдіруі мүмкін деді.
«және менің қабірімді айт тойлайтын орын айналдырмаңдар...»:
- Яғни, қабірімді зиярат етуді мейрамға айналдырмаңыздар немесе қабірімді мерекеге айналдырмаңыз, өйткені мейрам деген - көңіл көтеру және қуаныш күні, ал қабірді зиярат ету көңіл көтеру мен қуаныш емес.
- «Мүмкін, бұл қабірлерге жиі зиярат етуге ынталандыру болуы мүмкін; яғни, қабірлерге зияратты жиі жасаңыздар, жылына екі рет келетін мереке сияқты сирек емес», - деп те айтылды.
- Ат-Тибий айтты: «Айт күндері қабірлердің басына жиналатын және әсемдейтін қылудан тыйды, яһудилер мен христиандар өздерінің пайғамбарларының қабірлеріне жиналып, ақыр соңында олар ғапылдыққа түсіп, жүректері қатайды. Өлгендерін ұлықтап, ақыр соңында оларды пұт етіп алу пұтқа табынушылардың әдетінен. Пайғамбардың ﷺ: «Аллаһым, қабірімді құлшылық ететін пұт қылма» деген хадисі оның ﷺ қабірінде шектен шығудан қайтарды және осы себепті Аллаһтың қаһары пайғамбарларының қабірін сәжде ететін жер қылып алғандарға қатты болды деп хабарланды.
- Мұның мағынасы былай деп те айтылды: «Менің қабірімді әдеттегі жер қылып алмаңыздар, өйткені ол жаман әдеп пен ұятсыздыққа жетелейді. Өйткені Пайғамбардың ﷺ қабірінің қасында болмаған адамның салауаты Пайғамбарға ﷺ жетпейді деп ойлап қалмасын деп, хадистің жалғасында: «Шынында сендердің салауаттарың Маған ﷺ жетеді», - деп айтты. Яғни, менің қабіріме қайта келем деп қатты қиналма, өйткені сен маған салауат айтумен одан менің қабіріме қайта-қайта келу ауыртпашылығынан құтылдың (яғни, дініміз бізді Пайғамбар ﷺ қабіріне баруды міндеттемейді, салауат айтуда жеткілікті)».