Кішкентай балаларды оразаға дағдыландыру.
1960 – Рубәйиғ бинт Муғауиз (Аллаһ одан разы болсын) былай деді:
«Аллаһ Елшісі ﷺ Ашура күні таңертең ансарлардың ауылдарына кісі жіберіп: “Кім таңды ауыз ашып (оразасыз) қарсы алса, сол күннің қалған бөлігін (тамақ ішпей) толық өткізсін. Ал кім таңды оразамен қарсы алса, оразасын жалғастырсын”, – деп бұйырды.
Ол (Рубайиғ) айтты: “Содан кейін біз бұл күнді өзіміз де ораза ұстайтын болдық әрі балаларымызға да ораза ұстататын едік. Оларға жүннен ойыншық жасап беретінбіз. Егер олардың бірі тамақ сұрап жыласа, ауыз ашар уақытына дейін сол ойыншықпен алдандыратынбыз”».
Шейх Мухаммад Әли ас-Сабуни әл-Ханафи өзінің «әш-Шарх әл-муяссар ли-Сахих әл-Бухари» кітабында (1960-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Өткен ізгілер балиғат жасына жетпеген, жеті мен он жас аралығындағы балаларына ораза ұстауды құп көретін әрі оларды оразаға бұйыратын. Бұл – олар оразаға машықтанып, бойларына дұрыс тәрбие сіңіп, құлшылық пен мойынсұнуға дағдыланып өсуі үшін еді. Егер олардың кішкентай балалары қарны ашып жыласа, ауыз ашқанға дейін алдануы үшін жүннен немесе басқа нәрседен жасалған ойыншық беретін.
Бұл жерде айтылған Рубайиғ – сахабалардың бірі, әрі жас сахабалар қатарынан. Имам әл-Бухари одан басқа жас сахабалардан хадис риуаят етпеген. Бұған дейін Ашура оразасы жайлы хадис өткен еді. Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Өйткені ол – ұлы әрі берекелі күн. Бұл күні Аллаһ Мұса пайғамбарды және онымен бірге болған мүминдерді құтқарып, Перғауын мен оның қылмыскер ілесушілерін суға батырған. Мұса пайғамбар шүкіршілік ретінде сол күні ораза ұстаған және оны ұстауға бұйырған».