Ихрамдағы әйелдің жүзін жабу мәселесі
Шейхул-Ислам Имам әл-Марғинани өзінің әйгілі «әл-Һидая» кітабында айтты:
«Ихрамдағы әйел басын ашпай жауып жүреді, өйткені әурет және Пайғамбардың ﷺ: «Әйелдің ихрамы жүзінде», - деген хадисіне байланысты ихрамға кірген әйел жүзін ашып жүреді. Ал егер матаны бетіне тиіп тұрмайтындай етіп жүзін жапса, рұқсат. Солай Айша анамыз, Аллаһу Тағала одан разы болсын, істегендегі туралы риуаят етіледі. Өйткені бұл (әйелдің ақысында) көлеңкелеу секілді болады».
Ханафи мәзһабында муджтаһид дәрежесіне жеткен Имам ибн әл-Һумам әл-Ханафи өзінің әйгілі «әл-Һидая» кітабына жазған «Фәтху әл-Қадир» кітабында Имам әл-Марғинанидің сөзін ашықтап жазады:
«Әбу Дәуіт пен ибн Маджа риуаят еткен хадисте Айша анамыз, Аллаһу Тағала одан разы болсын, айтты: «Біз Аллаһ Елшісімен ﷺ бірге ихрамда болған кезде қасымыздан аттылар өтетін. Олар біздің жанымыздан өткенде біз басымыздан төмен қарай жүзімізге джилбәбімізді түсіретін едік, өтіп кеткеннен кейін ашатынбыз». Ғалымдарымыз айтты: «(Ихрамға кірген әйел) бетіне тиіп тұрмайтындай етіп жүзін жабуы мустахаб». Сол себепті ағаш сабақтарынан күмбез секілді жасап, бастан төмен мата түсіріп жүздерін жабатын (төменде суреттегідей). Бұл мәселе әйел адам аса қажетсіз бөтен ер адамдарға жүздерін ашуға тыйым салынғандығын көрсетеді».