August 18

﴾Рахман Аршқа «истәуә» етті﴿.

﴾Рахман Аршқа «истәуә» етті﴿ («Таһа» сүресі, 5 аят).

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде «Бақара» сүресінің 29 аяттың түсіндірмесінде айтты:

«Осыған ұқсасы Аллаһтың сөзі: «﴾Рахман Аршқа «истәуә» етті﴿ («Таһа», 5). Бұл аяттың мағынасын түсіндіруде екі түрлі жол бар:

Біріншісі: «Арш» сөзі «мүлік (билік)» деген мағынада болып, «истәуә» толық үстемдік, яғни Оның билігінде ешқандай кемшілік жоқ, оған біреу иелік ете алмайды, ешкімнің онда басқаруы жоқ дегенді білдіреді.

Екіншісі: «Арш» – жаратылыстың ең жоғарысы, ең биігі, сондай-ақ ақыл да Аршты аса биік деп қабылдайды (яғни, Арш жаратылыстардың ішіндегі ең ұлысы, жаратылыстың ең үстінде тұрғаны). Бұл жағдайда Ол (Аллаһ Аршыдан да Ұлы) биіктігімен сипатталады, бірақ мекендерден пәк түрде. Ол мекендер пайда болмай тұрып та қандай болса, сондай. Ол барлық нәрседен аса жоғары – бірақ бұл жоғары болу құдіреті, ұлылығы, ұлықтығы тұрғысынан, мекен тұрғысынан емес. Аллаһтан өзге күш-қуат жоқ.

Негізгі ереже – біз Оның ісін жаратылыстың ісіне ұқсатпаймыз және сипаттарын жаратылыстың сипатымен сипаттамаймыз. Себебі Аллаһу Тағала: ﴾Оның бірде-бір ұқсасы жоқ﴿ («аш-Шура» сүресі, 11 аят) деді».

Дәл осы аятқа қатысты Имам ат-Табаридің رحمه الله тәпсірін мына сілтемеден оқи аласыз.