December 26, 2024

Жұма намазын үзірсіз тәрк еткен адам туралы

Хазіретті ибн Аббас Пайғамбардың ﷺ былай деп айтқан сөзін жеткізеді: «Кімде-кім жұманы үзірсіз тәрк етсе, екі жүзді деп өшірілмейтін және ауыстырылмайтын кітапқа жазылады», кейбір риауяттарда «үш рет» деп келген» (Имам әш-Шәфиғи риуаят етті).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1379) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Кімде-кім жұманы) яғни, жұма намазын (үзірсіз тәрк етсе) «Шарху әл-Муния» кітабында: залымнан немесе сол секілді қатты жауын мен бораннан, батпаққа бату секілді үзір болмаса (екі жүзді деп) өте ауыр ескерту (өшірілмейтін және ауыстырылмайтын кітапқа жазылады) яғни, тәубе етпейінше ег нәрсе өзгертілмейді. Садақа¹ бергенше деп те айтылды. (... кейбір риауяттарда «үш рет» деп келген) яғни, үш рет жұма намазын үзірсіз тәрк етсе».

¹Кейбір риуаяттарда жұма намазын үзірсіз тәрк еткен адам бір динар, егер оған шамасы жетпесе жарты динар садақа беру керек деп келеді. Бірақ бұл жұма намазын тәрк етудің орнын басып, күнәні толық көтермейді, яғни ол үшін кәфарат болмайды. Өйткені оның жазасы тек ақыретте ғана. Жұманы үзірсіз тәрк еткен адам садақа берсін дегеннің мақсаты, күнәні сәл жеңілдетуді үміт ету (осы кітаптың 1374 хадистің түсіндірмесі).