«Расында біз — «умми» үмбетпіз. Біз жазбаймыз да, есептемейміз. Ай бірде былай, былай, былай болады» және саусағын бүкті».
Бізге Суләйман ибн Харб, ол Шуғбадан, ол Әсуад ибн Қаистан, Сағид ибн Амрден (яғни, Сағид ибн әл-Астан) Ибн Омардан (Аллаһ одан разы болсын) Аллаһ Елшісінің ﷺ мына сөзін риуаят етті: «Расында біз — «умми» үмбетпіз. Біз жазбаймыз да, есептемейміз. Ай бірде былай, былай, былай болады» және саусағын бүкті».
Риуаят етуші Сүлейман үшіншіде саусағын бүгіп көрсетті — яғни: Ай кейде 29 күн, кейде 30 күн болады».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (2319-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Расында біз) яғни: арабтар. Кейбір ғалымдар: мұнда өзі (Пайғамбарымыз ﷺ) меңзелген деген — («умми») — бұл сөз бірнеше түрде түсіндірілген: (сол уақытта оқып-жазып білмейтін) Арабтарға қатысты айтылған. Өйткені олардың көбісі жазу мен оқуды білмейтін болған; «Анаға» (الأم) қатысты айтылған. Яғни адам анасы туғанда қандай күйде болса (жазу-оқуды білмей), сол күйінде қалған; «Умм әл-Қура» (Мекке) сөзіне қатысты айтылған. Яғни: «Біз — Мекке (үмбетпіз) яғни: жамағат, қауым.
( Біз жазбаймыз да, есептемейміз). Бұл үкім — адамдардың көпшілігіне қарап айтылған. Немесе мағынасы: біз жазу мен есепті жақсы меңгермегенбіз.
Оған: «Олардың ішінде жазу-есеп білетіндер болған ғой» деген сөз қайшы келмейді. Өйткені жазу ол кезде сирек еді.
Ал мұндағы «есеп» — жұлдыз есебі (астрономиялық есеп) туралы. Олар бұл саладан да өте аз ғана білетін. Сондықтан шариғат ораза және басқа үкімдерді — айды көруге байлады. Бұл — адамдарға ауырлық түспеуі үшін.
Оразадағы бұл үкім кейін астрономияны білетін адамдар шықса да өзгермейді. Тіпті мәтіннің сыртқы мағынасы үкімді астрономоиялық есепке мүлде байланыстырмауды білдіреді.
Кейбір топтар бұл мәселеде астрономдарға жүгінуге болады деген. Олар — (шиалық) рафидилер.
Имам әл-Бәжи: «Өткен ізгілердің ижмасы — оларға қарсы дәлел» деген.
Ибн Бәзиза: «Бұл — жалған мәзһаб. Шариғат жұлдыз ғылымына терең кіруден тыйған. Өйткені ол — жорамал мен болжам. Онда нақты да, басым ықтимал да жоқ. Егер үкім соған байланыстырылса, қиындық туар еді. Өйткені оны аз ғана адам біледі» деген.
(Ай бірде былай, былай, былай болады») яғни үш рет айтты. Содан кейін екі қолының он саусағын ашып көрсетті (және саусағын бүкті) — яғни жинады, бүкті. Басқа саусақтар ашық тұрған кезде, бір саусағын бүгіп көрсетті.
(Риуаят етуші Сүлейман үшіншіде саусағын бүгіп көрсетті — яғни: Ай кейде 29 күн). Сосын тағы да: «Ай бірде былай, былай, былай болады» деді. Яғни бұл жолы толық 30 күнді меңзеді. Яғни: Алғашында екі қолының 10 саусағын екі рет толық ашып көрсетті; Үшіншіде басбармағын бүгіп — 29 күнге ишара етті; Кейін тағы үш рет толық он саусақты көрсетіп — ( кейде 30 күн болады») деп ишара етті».