February 19

«Егер сендердің біреуің азанды естісе және қолында ыдыс болса, онда одан қажетін өтемейінше оны қоймасын».

Бізге Абдул-Әғлә ибн Хаммад жеткізді, ол Хамад (ибн Сәләмдан), ол Мухаммад ибн Амрден, ол Әбу Сәләмәдан, ол Әбу Һурайраның былай деп айтқаның жеткізді: Аллаһ Елшісінің ﷺ айтты: «Егер сендердің біреуің азанды естісе және қолында ыдыс болса, онда одан қажетін өтемейінше оны қоймасын».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (2350-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Аллаһ Елшісінің ﷺ айтты: «Егер сендердің біреуің азанды естісе) яғни таң намазының азанын естісе (және қолында) жегісі немесе ішкісі келіп тұрған (ыдыс болса) яғни ішіп-жеу ыдысы, (онда одан қажетін өтемейінше оны қоймасын») яғни азан себепті қолындағы ыдысты ішіп-жемейінше қоймасын.

«Әд-Дәрәжәт» кітабында былай делінген: «Бұл хадис: “Биләл түнде азан айтады, сондықтан Ибн Үмм Мактум азан айтқанға дейін ішіп-жеңдер” деген хадиске жорылады»

(Пақыр аудармашыдан: Кезінде бірінші азанды — Биләл (Аллаһ одан разы болсын) айтатын. Бұл азан таң уақыты кірмей тұрып, түннің соңында айтылатын. Оның мақсаты – ұйықтап жатқан адамдарды ояту және сәресі ішетіндерге ескерту жасау еді. Екінші азанды — Үмм Мактум (Аллаһ одан разы болсын) айтатын. Бұл азан таң нақты атқан кезде айтылатын).

Ал (хафиз) әл-Бәйһақи: «Осы түсіндіру күштірек. Өйткені көпшілік ғалымдардың түсіндіруі бойынша, бұл хадис азан айтушының таң атпай тұрып азан айтуы мүмкін болған жағдайға қатысты. Яғни адамның ішіп-жеуі таң намазы кірмей тұрып жүзеге асады».

(Мулла Әли) әл-Қари: «Бұл (яғни, таң анмазына азан шақырып жатқан уақытта тамақ ішіп-жеу) – таң әлі атпай тұрғанын нақты білген немесе солай деп ойлаған жағдайда», – деген.

Ибн әл-Мәлик: «Бұл рұқсат – таңның атқанын білмеген жағдайда ғана. Ал егер таңның атқанын нақты білсе, немесе атқан-атпағанына күмәнданса, онда ішіп-жеуге болмайды», – деген.

Мен айтамын: «Бұл хадисті жорамалдауда ең дұрысы – Аллаһ Елшісі ﷺ осы сөзінде ішіп-жеудің харам болуы азанға емес, таң намазының кіруіне байланысты екенін меңзеген деп айту. Өйткені азаншы кейде (қателесіп) таң намазы кірмей тұрып азан айтуы мүмкін. Сондықтан таң атқаны анық болмаса, азанның өзіне үкім байланыстырылмайды. Бұл үкім – таң намазының уақытын ажырата алатын адамдарға қатысты. Ал таң уақытын ажырата алмайтын қарапайым адамдар сақтық жолын ұстануы тиіс. Аллаһу Тағала жақсырақ біледі».

(Пақыр аудармашыдан: Яғни, бұрын қазіргідей намаз уақытын дәл есептейтін құралдар болмаған. Сол себепті кейде азаншылар таң атпай тұрып азан шақырып қоятын жағдайлар болған. Мұндай кезде таңның нақты атқан-атпағанын жақсы білетін адамдар тамақтануын жалғастыра береді. Өйткені ауыз бекіту азан дауысына емес, шариғатта белгіленген шынайы таңның атуына (фәжр садыққа) байланысты).

Сосын тағы айтамын: «Бұл хадис ішіп-жеуден тыйылуда таңның жай ғана шығуы емес, оның айқындалуы шарт деп есептеген көзқарасқа жорылады. Өйткені азан таңның алғашқы аутымен айтылады. Ал таңның алғашқы атуы ішіп-жеуге тыйым салмайды. Тыйым салатын нәрсе – таң уақытынң айқындалып, анық көрінуі».

Марқұм мәуләнә Мухаммад Яхя өзінің ұстазының (Аллаһ Тағала оларды рақымына алсын) дәрістерінен жазып алғанында былай дейді:

«“Егер сендердің біреуің азанды естісе…” деген сөзге келсек: Егер мұндағы “азан” – ақшам азаны меңзелсе, онда мағынасы айқын. Яғни күн батқаннан кейін азанның толық бітуін немесе басқа нәрсені күтпеуі керек, керісінше, ауыз ашуға асығуы қажет.

Ал егер таң намазының азаны меңзелсе, онда мағынасы – азанның өзі үкімге негіз болмайды, үкім таң атуына байланысты. Сондықтан егер азан айтылса, бірақ ораза ұстаушы таң әлі атпағанын білсе, онда ол қолындағы ыдыстан тамағын жеп болмайынша қоймайды.

Сондай-ақ ол (яғни ғалым) осы хадис пен Аллаһ Тағаланың мына сөзіне: ﴾Сондай-ақ таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға (таңның бейне бір ақ жіптей ағарып, қылаң бере бастағанын көргенге) дейін жеп-ішіңдер﴿ («Бақара» сүресі, 187-аят) сүйене отырып, тыйымның таңның жай ғана шығуына емес, оның айқындалуына байланысты екенін айтқан. Бұл – шариғаттың жеңілдігін ескергенде, қарапайым адамдар үшін анағұрлым лайықтырақ. Өйткені көптеген таңдаулы адамдардың өзі таңның шынайы басталуын дәл ажырата алмайды, ал қарапайым халық туралы не айтуға болады?»

Үкімді таңның жай ғана шуағына байланыстыру – қиындық пен машақаттан ада емес. Сондықтан бұл риуаятты ораза жағдайына емес, намаз жағдайына жоруыңа да болады. Онда ол таңға да, ақшамға да қатысты болмайды. Керісінше, ол намаз мәселесіне қатысты келген. Бұл Аллаһ Елшісінің ﷺ: “Кешкі ас дайын болып, намазға қамат айтылса, алдымен кешкі асты ішіп алыңдар” деген хадисі секілді. Екі хадис те бір үлгіде келген. Екеуінде де мақсат – намаз оқушының ойын намаздан өзге нәрсемен алаңдататын себептерді жою. Қалай ол хадисте қажетін өтеу (тамақ жеу) айтылса, мұнда да ішіп-жеу қажеттілігін өтеп алу меңзелген. Сонда (оразаға қатысты) туындайтын қиындық туындамайды. Аллаһ Тағала жақсырақ біледі».