«Ширк» — Аллаһу Тағаланың затына немесе сипаттарының біріне басқа біреуді серік қосу.
Сұрақ: Аллаһу Тағаланың затына серік қосу деген не?
Аллаһтың затына ортақ қосу — «екі немесе үш құдай бар» деп сену. Мысалы, христиандар — олар үштіктік сенімге иланғандары үшін мүшрик (ортақ қосушы). Зороастрлықтар да екі құдайға табынатындары үшін мүшриктер. Пұтқа табынушылар да сансыз көп құдай бар деп сенгендіктен мүшрик болып табылады.
СҰРАҚ: Аллаһу Тағаланың сипатында серік қосу деген не?
Бұл — Аллаһ Тағаланың сипаттарының бірін басқа біреуге бекіту. Бұл көпқұдайшылық. Бұл да ширкке жатады. Өйткені бүкіл жаратылыс (періште, пайғамбар, әулие, шейіт, ұстаз немесе шейх болсын) Аллаһтың сипаттарына ие бола алмайды.
СҰРАҚ: Аллаһу Тағаланың сипатында серік қосу қандай түрлерге бөлінеді?
Көп түрі бар, солардың кейбірін айтайық:
- Құдірет сипатындағы ширк
Бұл — жаратылыстың біріне Аллаһтың құдірет сипатын бекіту. Мысалы, бір адам пайғамбар немесе әулие немесе шәһид (өз құдіретімен) жаңбыр жаудыра алатынына, тірілте немесе өлтіре алатынына, зиян не пайда бере алатынына сенсе — бұл құдірет сипатындағы ширк болады. - Білім сипатындағы ширк
Бұл — жаратылыстың біріне Аллаһқа тән білімді телу. Мысалы, біреу белгілі бір пайғамбар не әулие ғайыпты Аллаһ секілді (өздігінен) біледі деп сенсе немесе олар бар нәрсені, алыс-жақынды түгел біледі деп сенсе — бұл білімдегі ширк болады. - Есту мен көрудегі ширк
Бұл — Аллаһтың «Самиғ» (Естуші) және «Басир» (Көруші) сипаттарына біреуді ортақ ету. Мысалы, біреудің белгілі бір пайғамбар не әулие (өздігінен) біздің барлық сөзімізді естиді, барлық амалдарымызды көріп отырады деп сенуі — бұл да есту мен көру сипатындағы ширк болады. - Үкімдегі ширк
Бұл — адам қандай да бір билеуші немесе муршидтің үкімі Аллаһтың үкімі секілді және оның әмірі орындалуда Аллаһтың әмірімен тең немесе одан басым деп сенуі, Аллаһ сақтасын. Мысалы: муршид біреуге: «Екінті намазына дейін зікірді аяқта» десе, ол адам зікірін аяқтау үшін аср намазын кешіктіріп, мәкруһ уақытта оқыса — бұл да үкімдегі ширк болады. - Құлшылықтағы ширк
Бұл — Аллаһтан басқа біреуге Аллаһ сияқты құлшылық етуге лайық деп сену. Мысалы: қабірге немесе ұстазға (құлшылық ниетімен) сәжде ету, біреуге рукуғ ету, белгілі бір имамның атымен ораза ұстау, Аллаһтан басқаға нәзір атау, қабірді немесе басқа бір үйді Қағба сияқты (құлшылық ниетімен) тауап ету — бұлардың барлығы құлшылықтағы ширкке жатады.
СҰАРҚ: Жоғарыда айтылғандардан басқа ширкке қатысты істер бар ма?
Иә! Жоғарыда айтылғандардан бөлек те ішінде ширк белгісі бар көптеген істер бар. Олардың бәрінен сақтану қажет. Солардың кейбірі төмендегідей:
- Бақсылар мен балшылардан ғайып нәрселерді сұрау.
- Жұлдызшы-көріпкелдерге жүгіну немесе олардың айтқандарын жақсылықтың белгісі санау.
- Індет аурулары, мысалы шешек (оспа) сынды дерттер (Аллаһтың қалауынан тыс, өздігінен) жұғады деген сенім.
- Мухаррам айының тоғызыншы немесе оныншы күндерінде (рафиди шиалар жасап жүргендей) имам Хасан мен имам Хусейннің (Аллаһ олардан разы болсын) зираттарының макетін жасау және бұл рәсімді «аза тұту рәсімі» деп атау.
- Сол күндері олардың аттарымен жалау көтеру.
- Қабір иесінің атымен нәзір атау немесе тамақ тарату.
- Аллаһтан басқаға ант ету.
- Жанды мақұлықтардың суретін (тағзым ету мақсатында) салу немесе оларды дәріптеу.
- «Уа, қиындықтарды шешуші!», «Уа, мұқтаждарды өтеуші!» деп пір не әулиені көмекке шақыру.
- Шаш өріп, оны пірдің атымен байлау.
- Рафидилердің Мухаррам айында жасап жүрген ырым-жоралғылары мен қиял-ертегілері.
- Қабірлерге шам жағып, оларды мейрам етіп тойлау, сол арқылы қуаныш білдіру.
Мұндай амалдардың барлығы — ширкке бастайтын істер. Сондықтан олардан қатты сақтану керек.
Муфти КифаятуЛлаһ әд-Дәһләуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Исламды үйрету».