﴾Расында, Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдауда. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған сәлем жолдаңдар!»﴿.
﴾Расында, Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдауда. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған сәлем жолдаңдар!»﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 56 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ.) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Кейбір хадистерде айтылғандай: «Аллаһу Тағала бұл аятты түсіргенде, сахабалардың бірі Аллаһ Елшісіне ﷺ: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бұл аят сен жайлы түскен екен, ал бізге не бар?» – деп сұрады. Сол кезде мына аят түсті: ﴾Аллаһ сендерді тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығару үшін сендерге шексіз рақымы мен нығметін төгеді. Періштелері де (сол мақсатта) сендер үшін дұға етіп, Аллаһтан кешірім тілейді. Шүбәсіз, Аллаһ мүмін құлдарына ерекше мейірімді!﴿ («Ахзаб» сүресі, 43 аят). Яғни, олар сендер үшін һидаят пен дұрыс жол сұрап дұға ету.
Сондай-ақ Кағб ибн Ғуджра былай деген: «﴾Расында, Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдауда﴿ аяты түскен кезде мен Пайғамбарға ﷺ барып:
— Уа, Аллаһтың Елшісі, «сәлем» дегенімізді білеміз. Ал саған қалай салауат айтуымыз керек? – деп сұрадым.
Сонда Пайғамбар ﷺ былай деді:
— Былай деп айтыңдар деді:
«Аллаһым! Ибраһимге және Ибраһимнің жанұясына салауат еткенің сияқты, хазірет Мухаммедке және оның жанұясына салауат ет. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың әрі даңқың ұлы.
Аллаһым! Ибраһимге және Ибраһимнің жанұясына берекет бергенің сияқты, хазірет Мухаммедке және оның жанұясына да берекет бер. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың әрі даңқың ұлы».
Аятта мүміндерге Пайғамбарға ﷺ салауат айту бұйырылған. Бірақ кейін Аллаһ Елшісінен ﷺ оған қалай салауат айту керектігі, формасы туралы сұралғанда, ол оларға: «Аллаһым! Мухаммедке салауат ет!» – деп айту керектігін үйретті. Бұл — (біздің Пайғамбарға ﷺ лайықты ұлықтауды өзіміз жасай алмағандықтан) Аллаһтан Пайғамбарды ﷺ Өзі мадақ айтып, ұлықтауын сұрау.
Аяттың сыртқы мағынасына қарағанда, Пайғамбарға ﷺ салауат айту — мүміндердің өз міндеті. Яғни, олар Аллаһ Елшісіне ﷺ салауатты өздері айтуы керек.
Алайда, Пайғамбарға ﷺ салауат айту дегеніміз — Оны ең жоғары дәрежеде мадақтау, кемел түрде ұлықтау. Бұл — мадақтың ең шыңы. Ал ондай ұлық мадақты айту — адамдардың өздері ойлап тауып орындай алатын іс емес екенін Пайғамбар ﷺ білді. Сол себепті ол ﷺ үмбетіне: салауатты (өз бетінше құрап шығармай), оны қалай айту керектігін Аллаһтың Өзі үйретуін сұрауға — яғни бұл істі түгелдей Аллаһқа тапсыруға бұйырды.
Әйтпесе, аяттың сыртқы мағынасында Аллаһтан Оның өзі Пайғамбарға ﷺ салауат айтуын сұрау жоқ; онда тек: “Сендер салауат айтыңдар” деген бұйрық бар. Аллаһ жақсырақ біледі.
«Аллаһым! Ибраһимге және Ибраһимнің жанұясына салауат еткенің сияқты...» салауатында Ибраһим пайғамбардың басқа пайғамбарлардан ерекше аталып өтуі туралы тәпсір ғалымдары былай деген: «Дүниедегі әрбір дін мен мәзһабтың иелері өздерін Ибраһим пайғамбардың жолындамыз, соның ізімен келеміз деп есептейді әрі солай деп сенеді. Сондықтан ол пайғамбар — бүкіл үмбеттер арасында ерекше орын алғандықтан, дұғада да басқа пайғамбарлардан ерекшеленіп аталады». Бірақ бұл ерекшелену дәл осы себепке ғана қатысты емес болуы да мүмкін. Мүмкін Ибраһим пайғамбар мен оның ұрпақтарында біз білмейтін Аллаһқа ғана аян бір ерекше сипат болған шығар. Сол себепті Аллаһ Тағала оны басқалардан даралап атаған. Аллаһ жақсырақ біледі.
Ал: «Аллаһым! Ибраһимге және Ибраһимнің жанұясына берекет бергенің сияқты...» деген сөздегі "береке" дегеніміз – әрдайым өсіп, артып отыратын барлық игіліктің жалпы атауы іспетті. Бұрын айтып өткеніміздей, Аллаһтың салауаты, періштелердің салауаты және мүміндердің салауаты туралы сөз қозғалған еді¹».
¹Осы сүренің 43 аятының тәпсірінде келеді: ««Аллаһтың салауаты» — бұл Оның рақымы мен кешірімі. Ал «періштелердің салауаты» — кешірім тілеу және күнәдан амандық пен құтылуды сұрау».