September 16

﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса, Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді﴿.

Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса, Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді. (Сондай-ақ) оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді. Кім Аллаһқа арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған бір Аллаһ жеткілікті. Шүбәсіз, Аллаһ әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған﴿. «ат-Талақ», 2-3-аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«Біз бұған дейін айтқанымыздай, егер «тақуалық» сөзі жеке түрде айтылса, онда ол — Аллаһтың барлық бұйрықтары мен тыйымдарын орындауды қамтиды. Ал егер онымен бірге «игілік» немесе «ихсан» секілді сөздер бірге айтылса, онда «тақуалық» өз алдына бір мағынада, ал «игілік» екінші мағынада қолданылады.

Осы аяттағы «тақуалық» жеке түрде келтірілгендіктен, бұл жерде де ол — бұйрықтар мен тыйымдардың барлығын орындауды қамтиды деп айтуға болады.

Сондай-ақ мына мағынада да түсінуге болады: ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿ яғни, Оның белгілеп берген шектерін (яғни, үкімдерін) сақтаса, ﴾Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді﴿ яғни, үкімі ашық айтылмаған және күмән туғызатын істерде шығар жол көрсетеді.

Немесе мына мағынада да болуы мүмкін: ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿ яғни, Аллаһтың бұйрықтары мен тыйымдары жолында күрессе, ﴾Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді﴿, тура жолды көрсетеді, оған жолын айқындайды. Бұған мына аят дәлел болады: ﴾Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни, бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз﴿.

Айтты: тақуалықты ұстанған адам дүние мен ақырет жақсылығына қол жеткізуі мүмкін. Себебі Аллаһу Тағала тақуалықты және оның жемістерін әртүрлі сөздермен еске алған. Мәселен, бір жерде: ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса, Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді﴿, тағы бір жерде: ﴾Оның ісін жеңілдетеді﴿, басқа бір жерде: ﴾Оның күнә-қателіктерін өшіреді﴿, ал тағы бір жерде: ﴾Расында, Аллаһ азабынан тақуа құлдарымен әрі Хақ тағаланың, өздерін көріп бақылап тұрғанын жадында ұстап үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге﴿ («ан-Нахыл» сүресі, 128-аят) деп айтқан. Яғни, Аллаһ тақуаларға жәрдем мен қолдау көрсету тұрғысынан, немесе тура жолға салу мен күнәдан сақтандыру тұрғысынан бірге болады. Аллаһ кімге жәрдем берсе, оған ешкім үстем бола алмайды. Ал Аллаһ кімді сақтаса, оны ешкім адастыра алмайды. Егер адам осы екі қасиетке ие болса, ол дүние мен ақыреттің жақсылығына қол жеткізген болады.

Тағы бір түсінік бойынша, ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿ дегені — Оның азабынан қорқуды білдіреді. Сонда Аллаһ оған дүниедегі қиыншылықтардан, өлім сәтіндегі қиналыстар мен жан алқымға келгендегі ауыр хәлден және ақыреттегі қатты сынақтар мен қорқынышты жағдайлардан шығар жол нәсіп етеді.

Тағы бір мағынасы: ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿ — табыс табу жолында қорқуды білдіреді. Сонда Аллаһ оған күмәнді және харам нәрселерден шығар жол береді, сөйтіп ол харам мен күмәндардан аман қалады.

Немесе: ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿ — аятта алдын (осы, яғни «ат-Талақ» сүресінің 1-ші және 2-ші аятында ажырасуға қатысты) баяндалған үкімдерден қорқуды білдіреді. Яғни, әйелдерге қатысты үкімдерде ﴾Кімде-кім Аллаһқа қарсы келуден сақтанып тақуалық танытса﴿, онда олар жағынан мазалаған нәрселерден ﴾Аллаһ оған тығырықтан шығатын жол ашып береді﴿.

Бұл (аяттың мағынасы) Аллаһтың үкімдерін сақтаған жағдайда болуы мүмкін: егер ол соларды сақтаса, Аллаһ оған әйел мен мал-мүлік тұрғысынан біз сипаттаған ризықты береді.

Немесе бұл сауда-саттық пен кәсіп секілді барлық істерге қатысты болуы мүмкін. Өйткені саудагерлер: «Бізге артық пайда мен табыс тек саудамызға күмәнді және харам нәрселерді қосқандықтан келеді, егер оларды алып тастасақ, жақсы табысқа қол жеткізе алмаймыз» деп ойлайды. Сонда Аллаһ Тағала оларға хабар берді: егер олар сауда-саттықтарында күмәнді және харам нәрселерден сақтанса, ﴾оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді﴿.

Немесе бұл аят кәпірлерге арналып айтылған болуы да мүмкін. Өйткені олар: ﴾Мекке мүшріктері: «(Уа, Мухаммад! Жарайды, сенікі жөн делік), алайда біз (ата-баба дінімізді тастап) сенімен бірге тура жолға түсетін болсақ, өз жерімізден қағыламыз (өзге араб тайпалары бізді түтіп жеп қояды», – деді﴿ («Қасас» сүресі, 57-аят) деп қорқатын. Сонда Аллаһу Тағала Ислам үшін олар қорыққан нәрселерден аман қылғандай болды және оларға: егер Аллаһты бір деп танып, Елшісіне иман келтірсе, ﴾оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді﴿ және несібелерін кеңейтіп қоятынын хабарлады. Аллаһ жақсырақ білуші».

Аллаһтың: ﴾Кім Аллаһқа арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған бір Аллаһ жеткілікті﴿ деген сөзі туралы.
Бұл мына мағынада болуы мүмкін: яғни, кім әрбір ауыр жағдайда Аллаһқа сүйінсе, әрбір істі Оған тапсырып, Оған жүгінсе.

«Өкіл» дегеніміз — істердің барлығы оған тапсырылады.
Тағы бір түсіндірмеде: «өкіл» — қорғаушы дегенді білдіреді. Яғни, аяттың мағынасы: кім өзіне келген қиыншылықтарда Аллаһқа сүйенсе, Ол оған жеткілікті уәкіл болады, істері Оған тапсырылған болады. Ол оған жеткілікті қорғаушы, жәрдемші әрі көмекші болады.

Аллаһ бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады﴿: Яғни, Аллаһ Өзі хабарлаған үкімдерінде, уәдесі мен ескертуінде, оны адамдарға түсіретініне сөзсіз жетеді. Немесе ﴾Аллаһ бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады﴿ дегені: Аллаһ Елшісіне жеткізуге бұйырғанын соңғы қауымға дейін жеткізетінін білдіреді. Сонда оларға да дәл Елші тікелей жеткізгендей болып қалады.

Аллаһтың: ﴾Шүбәсіз, Аллаһ әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған﴿ деген сөзі жайлы әл-Хасан айтты: «Аллаһ құлдардың әрбір ісі үшін өлшем мен шек қойды және ақыретте оның сауап-қарымын да белгіледі».

Біздің түсінігіміз бойынша: «Аллаһ қиямет күніне дейін болатын барлық жақсы мен жаман нәрсенің бәріне хикметпен өлшем қойды. Қарасаңшы, құлдардың істері қалай олардың еркінен тыс, бір уақыттан екінші уақытқа, бір мекеннен басқа мекенге және соған ұқсас жағдайларға ауысып отырады. Бұл — Аллаһ Тағала сол уақытты да, сол орынды да, сол істі де алдын ала өлшеп қойғанының дәлелі. Сөйтіп, құлдың ісі оның өзі белгілеген жоспарынан өзгеше болып, Аллаһ белгілеген өлшем бойынша жүзеге асады. Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші».