«Дүйсенбі және бейсенбі күндері амалдар Аллаһқа ұсынылады. Ал жұма күні амалдар пайғамбарларға және ата-аналарға ұсынылады».
«Дүйсенбі және бейсенбі күндері амалдар Аллаһқа ұсынылады. Ал жұма күні амалдар пайғамбарларға және ата-аналарға ұсынылады. Олар жақсылықтарын көргенде қуанып, жүздері ағарып, нұрлана түседі. Сондықтан Аллаһтан қорқыңдар, әрі өлілеріңе зиян тигізбеңдер!». Хадисті әл-Хаким Абдул-Ғазиздің әкесінен жеткізді.
Имам әл-Мунауй өзінің «Файду әл-Қадир шарх әл-Джәмиғу ас-Сағир» (3316-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты (имам ас-Суюти رحمه الله تعالى хадисті «сахих» деген):
(«Дүйсенбі және бейсенбі күндері амалдар Аллаһқа ұсынылады. Ал жұма күні) — әр апта сайын, жұма күні (амалдар пайғамбарларға) — яғни әр үмбеттің амалдары өз Пайғамбарына көрсетіледі (және ата-аналарға ұсынылады) — яғни әрбір бала-шағаның амалдары олардың ата-анасына ұсынылады. (Олар жақсылықтарын көргенде қуанып) — яғни ата-аналар бала-шағаларының жақсы амалдарын көріп қуанады. Сондай-ақ бұл қуаныш Пайғамбарларға да қатысты деуге болады; (жүздері ағарып, нұрлана түседі) – яғни олардың рухтары, болмыстары қуанышқа бөленеді. Ал жаман амалдарымен — олар қайғырады. Бұған дәлел мына сөз: (Сондықтан Аллаһтан қорқыңдар) — яғни Одан қорқып сақтаныңдар, (әрі өлілеріңе зиян тигізбеңдер!») — яғни күнә істеу арқылы амалдары көрсетілетін өлілерге зиян тигізбеңдер (өйткені олар сендердің жаман амалдарың көрсетілу арқылы қайғырады).
Амалдардың оларға ұсынылуының пайдасы — Аллаһ Тағала тірі адамдарға бұл дүниеде жіберетін бәле‑қасіреттер мен жазалардың не үшін екенін өлілерге көрсету. Егер бұл оларға ұсынылуы арқылы емес, тікелей айтылса, ол олар үшін одан да ауыр болар еді (яғни, Аллаһ Тағала амалдарды көрсету арқылы өлілерге былай дегендей болады: «Қараңдар, сендердің ұрпақтарың осындай-осындай жаман істер істеп жатыр, сондықтан олар бұл дүниеде түрлі сынақтарға, қиыншылықтарға ұшырап жатыр». Ұрпақтарының сондай жаман амалдарын нақты өз көздерімен көру — өлілерге олардың тірі кезінде неге азап пен бәле көріп жатқанын оңайырақ түсінуге көмектеседі).
Әл-Қуртуби былай деген: «Өлген адам тірілердің іс-әрекеті мен сөздерінен қуаныш немесе күйініш алуы мүмкін — бұл Аллаһ Тағаланың қалауы бойынша періште арқылы жеткізілуі, не бір белгі немесе ишарат арқылы, немесе басқа бір Өзі қалаған хикметпен болуы мүмкін. ﴾Ол құлдарын Өзіне толық бағындырушы﴿».
Бұл жерде өлілер жайлы жаман сөз айтудан, сондай-ақ олар тірі кезінде ұнатып, жақсы көрген істерді істеуге үндеу бар.
Және әке-шешеге немесе балаларына өліп кеткеннен кейін қайғы әкелетін істер жасау — оларға жамандық жасаумен тең.
Әл-Қуртуби тағы былай дейді: «Егер жасалған іс тірі кезінде оларға жақсылық пен құрмет саналған болса, оған қарсы әрекет — өлімнен кейінгі оларға жамандық пен қатыгездік болады». (Хадисті әл-Хаким) және Тирмизи (Абдул-Ғазиздің әкесінен жеткізді) жеткізген».
Бұл хадис пен екі «Сахих» жинағында келген мына хадис арасында ешқандай қайшылық жоқ: «Мен сендерден бұрын хауз жанында тұрамын. Сол жерде менің алдымнан кейбір адамдар қуылып шығарылады. Сонда мен: “Уа, Раббым! Бұлар – менің сахабаларым ғой!” – деймін. Сонда маған: “Расында, сенен кейін олардың не жаңалықтар енгізгенін білмейсің”».
Сол себепті Аллаһ Елшісіне ﷺ қабірінде үмбетінің амалдары ұсынылатындар — шынайы, тақуа мүминдер. Олар Аллаһқа және Елшісіне ﷺ шынайы түрде мойынсұнған, діндерін бұрмаған, өзгерістер енгізбеген адамдар. Осындай мүминдердің амалдары ұсынылғанда Аллаһ Елшісі ﷺ олардың жақсылықтарына шүкір айтып, жамандық жасағандары үшін оларды кешіруді тілейді. Өйткені олар ﴾бір ерт істеген күнәні әдейі қайта істемейді﴿.
Ал енді сенім және иман мәселесінде ауытқыған, адасқан ағымдар — өз сенімдерін бұрмалаған, Аллаһ Елшісінің ﷺ жолынан қатты адасқан топтар — олар, яғни Пайғамбарымыздың ﷺ жолында болмағандар, ондайлардың амалдары оған ұсынылмайды. Себебі олардың амалдарының ұсынылуында пайда жоқ. Пайғамбар ﷺ ондайларға Аллаһтан жарылқау сұрамайды. Бұлар — Аллаһ Елшісі ﷺ айтқан адасқан ағымдар:
«Яһудилер жетпіс бір немесе жетпіс екі топқа бөлінді, христиандар жетпіс бір немесе жетпіс екі топқа бөлінді. Ал менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді» — (әл-Хаким, Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын)).
Осы хадиске сәйкес, үммет ішіндегі адасқан ағымдардың амалдары Аллаһ Елшісіне ﷺ барзах әлемінде ұсынылмайды. Пайғамбар ﷺ ондайлар үшін Аллаһтан жарылқау да сұрамайды.
Ал ақыретте олар туралы Аллаһ Елшісі ﷺ былай дейді:
«Менен кейін дінді өзгерткендер менен алыстатылсын, алыстатылсын!» — (Бухари мен Муслим, Сахл ибн Сағдтан (Аллаһ одан разы болсын)).
Аллаһ Елшісі ﷺ қабірінде де, қиямет күні де біз үшін жарылқау тілейтін адамдар қатарынан етсін! Бізді мына адамдардың санатына қоссын: ﴾Мүміндер арасында Аллаһқа берген сертінде тұрған нағыз ерлер бар. Олардың кейбірі уәдесінде тұрып, (Аллаһ жолында) жаны пида қылды. Енді біреуі (өз кезегін) күтуде. Олар серттеріне әсте тайған да, әуелгі қалыптарынан еш айныған да емес﴿ («Ахзаб» сүресі, 23-аят).