May 19, 2025

МУЛЛА ӘЛИ ӘЛ-ҚАРИ ӘЛ-ХАНАФИ ӘЛ-МАТУРИДИ

АВТОР: Ұстаз Әбу Әли әл-Ханафи әл-Әшғари

Имам Мулла Әли әл-Қаридің өмірбаяны

Оның толық аты-жөні - Нуруд-Дин Әбу әл-Хасан Әли ибн Султан Мухаммад әл-Қари әл-Харауи әл-Макки әл-Ханафи, Мулла Әли әл-Қари деген атпен белгілі.

Әкесінің есімі Султан Мухаммад болған. Араб емес халықтарда екі есімді біріктіріп ат қою кең тараған.

«Әл-Қари» — оның Құран оқу шеберлігін білдіреді: ол хафиз, қырағат ілімінің білгірі және тарауих намаздарында имам болған.

«Әл-Харауи» — оның Герат қаласында дүниеге келгенін көрсетеді.

«Мулла» — парсы тілінде ұлы ғалымдар мен атақты дін қайраткерлеріне берілетін атау.

Мулла әл-Қари Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. Алайда нақты туған жылы белгісіз. Шейх Әбу Ғудда кейбір шейхтардың өмірбаяндарына сүйене отырып, оның һиджри 930 жылы дүниеге келген болуы мүмкін екенін айтқан. Якут әл-Хамауи атап өткендей, Герат қаласы Хорасандағы ірі білім орталықтарының бірі болған.

Мулла әл-Қари білімін осы қалада Құран жаттаудан бастаған. Ол алғашқы ұстаздарының бірі — Муинуд-Дин ибн әл-Хафиз әл-Харауиден дәріс алған. Бұл ғалым шииттік сафәуилер әулетінің негізін қалаушы Шаһ Исмаил өз билігіндегі аймақтарда сунниттерге қарсы қуғын-сүргін жүргізген кезде алғашқылардың бірі болып өлтірілген.

Шиит Шаһ Исмаил суннит ғалымдарды өлтіруге және олардың кітаптарын өртеуге бұйрық берген. Соның салдарынан көптеген адамдар бұл жерлерден һиджра жасауға мәжбүр болды. Солардың қатарында Мулла әл-Қари да бар еді.

Осылайша, ұлы имам Меккеге қоныс аударып, оның есіміне «әл-Макки» нисбасы қосылды. Меккеде ол өз дәуірінің ірі ғалымдарынан білімін жалғастырды.

Ол «Мирқат әл-Мәфәтих» кітабының басында өзі иджаза алған ұстаздарының тізімін келтірген.

Мулла Әли әл-Қаридің ұстаздары

1. Шейх ибн Хаджар әл-Һайтами

Ол өз заманының ең ірі шәфиғи ғалымдарының бірі болған. Мулла әл-Қари оның ықпалында қалып, ұстазын жиі еске алып отырған және кейбір мәселелерде онымен пікірталасқа түскен. Себебі ол Ибн Хаджар түсіндірме жазған бірқатар кітаптарға өз түсіндірмелерін жазған. Мысалы, Тирмизидің «Шәмәйл» және «әл-Мишкат» еңбектеріне.

2. Әли әл-Муттақи әл-Һинди

Үндістанның Джайпур қаласында дүниеге келген, Қадария және Шәзәлия тариқаттарының ірі шейхы, фақиһ әрі мухаддис. Әш-Шағрани оны «Табақат» кітабында атап өтіп, онымен кездескенін айтқан. Ол хадис саласында «Кәнз әл-Уммал» атты әйгілі еңбекті жазған. Мулла әл-Қари онымен бірге «әл-Мишкатты» оқып, «әл-Мирқат» түсіндірмесінде оны жиі еске алады.

3. Мир Калян деген атпен белгілі шейх Мухаммад Сәид ибн Хожа әл-Хурасани

Үлкен сопы әрі мухаддис, атақты Мирак Шаһтың шәкірті. Шамасы, Мулла әл-Қари одан Нақшбандия тариқатын алған.

4. Шейх мулла Абдуллаһ әл-Мутаққи әс-Синди

Синд жерінде дүниеге келген. Кейін Мәдина мен Меккеде білім алып, ұстаздық еткен, одан соң Үндістанға оралған. Ол — Ибн Хаджар әл-Һайтамидің негізгі шәкірттерінің бірі. Кейде ұстазының өзі одан грамматика мәселелерінде кеңес алғаны айтылады. Ол Ханафи қажылық мәселелеріне арналған «Жәмғу әл-Манасик» кітабының авторы. Сондай-ақ әл-Сухрауардидің «Ауариф әл-мағариф» еңбегіне маржиналия жазған.

5. Шейх Қутбуд-Дин ән-Нахрауани

Лахорда дүниеге келіп, кейін Меккеге, одан соң Мысырға барған. Османлылардың ерліктері туралы бірнеше еңбек жазып, Османлы оқу орындарында сабақ берген. Мулла әл-Қари оның жақын шәкірті болған.

Мулла әл-Қаридің шәкірттері

1. Шейх Абдул-Қадир әл-Хусәйни әш-Шәфиғи

Мулла әл-Қаримен бірге «әш-Шатибияны» оқыды.

2. Әл-Муршиди ​​деген атпен белгілі шейх Абдур-Рахман әл-Умари әл-Ханафи

Мекке муфтиі. Мулла әл-Қаридан қырат үйренді.

3. Шейх Мухаммад ибн Мулла Фарух әл-Мурави әл-Ханафи

4. Әс-Сәйид әл-Муаззам әл-Балхи

Мулла Әли әл-Қари кітаптарын негізгі жеткізушісі.

Мулла Әли әл-Қари тұлға ретінде

Мулла әл-Қаридің қолжазбасы өте көркем болған, әрі оның көшірген кітаптары жоғары сұранысқа ие еді. Бір жылдың ішінде екі мусхафты көшіріп сатқаны айтылады: бірінің ақысын зекет ретінде беріп, екіншісінен түскен қаражатпен күн көрген.

Мулла әл-Қаридің, әсіресе, өзін билік иелерінен алыс ұстауы — ерекше назар аударарлық мінез. Айтылуынша, әкесі оның билеушілерге жақындап кетуінен қауіптеніп, ғалым болуын қаламаған. Сондай-ақ Мулла Әли әл-Қари өз заманының ғалымдарына үндеу ретінде арнайы еңбек жазып, оларды билік иелерінен барынша алыс болуға шақырған. Жалпы, ол айналасындағы адамдарға сын көзбен қарап, көпшілікпен араласудан гөрі оңашалықты таңдаған. Бір еңбегінде былай дейді:

«Біздің заман – тыныштық заманы: үйде отырып, өлгенше барға қанағат ету. Аллаһ ризықтарымызды таза қылсын».

Сонымен қатар, Мулла әл-Қари бидғатшыларға қарсы қатты күрес жүргізген: рафидилерге де, шектен шыққан уужудия бағытын ұстанған сопыларға да. Көптеген еңбектерінде мұсылман қоғамында кең тарала бастаған надан сопылардан сақтандырған.

Мулла әл-Қари өз дәуірінде мәзһабтарды шамадан тыс фанатизммен ұстану құбылысын да байқаған. Әсіресе ханафилер мен шәфиғилер арасында орын алған зиянды бәсекелестікті көрген. Осыған байланысты, кейбір мәселелерде дәлел соған меңзеген жағдайда мәзһабтағы муғтамад пікірден ауытқыған болуы мүмкін. Ол былай деген:

«Әһлу сүннеттің барлық мүжтаһидтері ақиқатты ұстанады. Ешкім ханафи, шәфиғи, мәлики немесе ханбали болуға міндетті емес. Алайда ижтиһад дәрежесіне жетпеген адамға осы имамдардың біріне еру — парыз».

Жалпы, мәзһабтағы кейбір қағидалардан белгілі деңгейде ауытқыған ханафи мухаддистерінің бағыты кейінгі кезеңдерде де жалғасын тапты. Бұл бағытты Шаһ Уәлиуллаһ әд-Дәхләуи мектебі мен Синд мухаддистері дамытып, ақырында Үндістанда «әһлу-хадис» деп аталған мәзһабсыздыққа бет алған ағымның қалыптасуына әсер етті. Дегенмен, Мулла әл-Қари өзі ханафи мәзһабын ұстанған.

Бірқатар ғалымдар Мулла Әли әл-Қариды һиджри XI ғасырдың мужаддиді (дін жаңартушысы) деп санаған. Оның өзі де осы пікірді ұстанғаны айтылады. Имам Ибн Абидин де бұл көзқарасты келтіріп, онымен келіскен.

Мулла Әли әл-Қаридің кітаптары

Мулла Әли әл-Қари көптеген еңбектердің авторы. Жақында «Дару әл-Лубаб» баспасы оның сексенге жуық шағын шығармасын жарыққа шығарды. Оның іргелі еңбектерінің ішінде төмендегілерін ерекше атап өткен жөн:

1. «Әл-Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкәт әл-Масабих»

Бұл оның «Мишкату әл-Масабих» хадистер жинағын түсіндіруі. Әрине, бұл жинақтың ең жақсы түсіндірмесі және – жалпы – хадистердің түсіндірмесі жағынан ең жақсы кітаптардың бірі. Өкінішке орай, бұл кітаптың әлі жақсы басылымы жоқ.

2. «Фатху баб әл-Ғиная»

Бұл «ан-Нуқая» («Мухтасар әл-Уиқая» деген атпен танымал) кітабының түсіндірмесі. Мулла әл-Қари бұл кітапта ханафилердің дәлелдеріне үлкен мән береді.

3. «Шарх Нухба әл-фикар»

Бұл хадис терминологиясы бойынша Ибн Хаджар әл-Асқаләнидің әйгілі кітабының егжей-тегжейлі түсіндірмесі.

4. «Джәмғу әл-Усайл»

Бұл Имам Тирмизидің әйгілі «Шәмәйлдің» ең жақсы және егжей-тегжейлі түсіндірмелерінің бірі. Ең жақсы басылым – «Дару ибн әл-Қайим».

5. «Шарху әш-Шифа»

Бұл Қади Ғиядтың әйгілі кітабының түсіндірмесі. Өкінішке орай, бұл кітаптың жақсы басылымы әлі жоқ. Айта кету керек, бірде бұл кітапты басып шығарған кезінде автордың атынан Аллаһ Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ата-анасының тағдырына қатысты көзқарасын бұрмалаған.

6. «Әл-Мәсну»

Мулла Әли әл-Қари бұл кітапта жалған хадистерді жинаған. Кітапты шейх Әбу Ғудда шығарған.

Мулла Әли әл-Қари 1014 жылы Меккеде қайтыс болды.

Сілтеме: https://azan.ru/maqalat/read/mulla-ali-al-kari-11065