December 30, 2024

Күндізгі сүннет пен нәпіл намаздар екі-екі ракағаттан оқылады деген хадисті қалай түсінеміз?

Имам ат-Тахауи өзінің «Мәғәни әл-Әсәр» кітабында (күндізгі және түнгі нәпіл намаздар қалай оқылады деген тарауда): «Бізге Әбу Бәкра, ол Әбу Дәуіттен, ол Шәғба ибн Яғләдан ибн Атаадан, ол Әли ибн Абдуллаһ әл-Бәрқиден, ол Ибн Омар Пайғамбардан ﷺ: «Түнгі және күндізгі (сүннет пен нәпіл) намаздар екі-екіден»,- деген сөзін жеткізеді».

Сол кітапқа («Кәшфу әл-Әстәр хашия Мәғәни әл-Әсәр») түсіндірме жазған Һинд елінің муфтиі ғұлама фақиһ Шейх Мухаммад Әмджәд Әли әл-Ағзамий әл-Ханафи хадиске байланысты айтты:

«Бұл хадисті Әбу Дәуіт, әт-Термизи, ән-Нәсәи, ибн Мәджә, Әбу Дәуіт ат-Таиәләсий, әд-Дәрақутни, әл-Бәһақи және Ибн Хузәйма жеткізеді. Имам әт-Термизи (хадситің иснады туралы) үндемей, тек былай деп айтады: «Шәғба туралы ғалымдар хиләфқа түсті: кейбірі иснады Пайғамбарға ﷺ жетеді десе, кейбірі олай емес деген. Және сондай хадисті Абдуллаһ ибн Умарий Нәфиғтен, ол ибн Омардан риуаят етеді. Сахихы, ибн Омар Пайғамбардан ﷺ: «Түнгі намаздар екі-екіден», - деген хадисі және Ибн Омардан жеткен сенімді риуаяттарда «күндізгі» деген сөз жоқ. Керісінше, Абдуллаһ ибн Нәфиғ өзінің ұстазы ибн Омардың түнде (сүннет пен нәпіл намаздарды) екі-екі ракағаттан, ал күндіз төрт ракағаттан оқығандығын жеткізеді».

Хадисте келген «екі-екіден» деген сөздің мағынасы: әр екі ракағаттан соң «сәлем». Хафиз ибн Хаджар әл-Әсқаләни (әш-Шәфиғи) өзінің «Фәтху әл-Бәрри» кітабында айтты: «Хадисті жеткізуші Ибн Омар «екі-екіден» деген сөзді ашықтап түсіндірген. Муслимде келетін Ғуқба ибн Харистің хадисінде айтты: «Ибн Омардан «екі-екіден» дегеннің мағынасын сұрағанымда, ол: «Әр екі ракағат сайын «сәлем»», - деді. Бұл сөз «әр екі ракағаттан кейін ташаһуд» деп түсінген ханафилерге қарсы жауап! Өйткені хадистің мағынасын сол хадисті риуаят еткен адам жақсы түсінеді. Жалпы ақылға Ибн Омардың түсіндіргені ғана келеді».

Мен (шейх Мухаммад Әмджәд Әли әл-Ағзамий әл-Ханафи) айтамын: «Ибн Омардың түсіндірмесі, Аллаһ оған разы болсын, ханафилердің хадистен түсінгенін жоққа шығармайды. Өйткені «сәлем» ташаһудта оқылатын дұғаның ішінде болғандықтан бұл сөзді жалпы ташаһуд дұғасына да қолданады (яғни, «сәлем» деген ташаһуд дұғасының екінші бір атауы). Өйткені сахабалар Пайғамбардан ﷺ: «Біз сәлемді (яғни, ташаһуд дұғасын) білеміз, енді (ташаһудтан кейін) саған салауатты қалай айтамыз?», - деп сұраған болатын. Хадисте келген «сәлем» сөзінің мағынасы ташаһуд дұғасы екенін ашық көрсетеді (яғни, «біз ташаһудты білеміз, енді салауатты қалай оқимыз?» деген мағына. Өйткені сәлем бергеннен кейін арнайы оқылатын салауат жоқ). Бұны тағы Пайғамбар ﷺ екінті алдын төрт ракағат (нәпіл) намаз оқып, екі ракағатын періштелерге және артынан ерген мұсылмандар мен мүміндерге «сәлеммен» бөлгендігі туралы риуаят қуаттайды. Имам әт-Термизи («екі ракағатын періштелерге және артынан ерген мұсылмандар мен мүміндерге «сәлеммен» бөлген» деген) хадистің мағынасы: «Екі ракағаттың арасын ташаһудпен бөлген», - деп түсіндірген. Ал (ибн Хаджар әл-Әсқаләнидің): «Жалпы ақылға Ибн Омардың түсіндіргені ғана келеді», - деген сөзін хадистің сыртқы мағынасы теріске шығарады. Өйткені Пайғамбардың ﷺ «екі-екіден» деген сөзі екі ракағаттан кейін ташаһудпен бөлу дегенді, сәлеммен шектелу емес екенін анық көрсетеді және осы пікір дұрыс».