August 19

Тәуил мен тәпсірдің айырмашылығы.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде айтты:

«Тәуил мен тәпсірдің айырмашылығы мына айтылған сөзде: тәпсір – сахабаларға тән, ал тәуил – фақиһтарға тән».

Бұл сөздің мәні – сахабалар оқиғаларды көрді және Құран түскен жағдайларды білді. Сондықтан олардың аятты тәпсірлеуі маңыздырақ, өйткені олар мұны көздерімен көрді және куә болды. Өйткені бұл – аяттағы шынайы мақсат еткен мағынасы. Ол – көзбен көргендей анық нәрсе, сондықтан оны түсіндіруге тек (сол жағдайды) білген сахабаларға ғана лайық (яғни, сахабалардың тәпсірі шынайы мақсатқа дәл келеді. Себебі олар аяттың түсу себебіне тікелей куә болғандықтан, олардың білімі көзбен көргенмен тең дәрежеде. Сондықтан оны түсіндіріп айту тек білген, куә болған кісілерге ғана жарайды). Сол себепті: «Кім Құранды өз пікіріне сүйеніп тәпсірлесе, тозақтағы орны дайын болсын», – делінген. Өйткені ол тәпсір жасағанда Аллаһтың атынан сөйледі.

Ал тәуилдің мәні – істің соңғы нәтижесін ашып көрсету. Бұл «آلَ يَؤولُ» (қайту, оралу) сөзінен алынған. Яғни сөздің қайда оралатынын, қандай мәнге бағытталатынын көрсету. Мұның мағынасы Әбу Зәйд айтқандай: «Егер бұл біреудің сөзі болса, оны былай-былай бағыттауға болады» – дегендей. Яғни сөзді бірнеше мағынаға бағыттау. Мұнда тәпсірдегідей қатаңдық болмайды. Өйткені тәуил жасаушы Аллаһтың атынан сөйлегендей болмайды және Аллаһтың бұл аятта нақты не мақсат еткенін хабарлап тұрған жоқ, «Аллаһ бұл сөзімен осыны мақсат етіп тұр» деп айтпайды. Тек: «Бұл сөз мынадай және мынадай мағына беруі мүмкін» дейді. Бұл – адамдардың сөзі. Ал оның даналық тұрғысынан дұрыстығын Аллаһ жақсы біледі.

Мысал ретінде: тәпсір ғалымдары ﴾Бар мадақ, шүкіршілік атаулы күллі әлемнің Раббысы - бір Аллаһқа арналалды﴿ («Фатиха» сүресі, 1-аят) туралы түрлі пікір айтқан. Кейбірі: «Аллаһу Тағала Өзін мақтады», – десе, тағы біреулері: «Аллаһ бізге Өзін мадақтауды әмір етті», – деді. Осы екеуінің бірін ғана таңдаған кісі – міне, тәпсір жасаушы.

Ал тәуил болса: «Мақтау – Оған мадақтау және дәріптеу ретінде де, әрі шүкір ету әмірі ретінде де бағытталуы мүмкін» – деп айту. Бірақ «Аллаһ бұл аятпен міндетті түрде осы мағынаны қалады» деп айтпайды. Тура мағынасы Аллаһқа мәлім.

Сондықтан тәпсір – бір ғана (анық) мағынаға ие, ал тәуил – бірнеше түрлі мағынаға бағытталуы мүмкін¹»».

¹Яғни:

  • Тәпсір – сахабалар айтқандай, аяттың түсу себебі мен нақты жағдайға қатысты жалғыз шынайы мағынаны білдіреді. Ол бір-ақ «анық мағынаға» ие, өйткені ол Аллаһтың қалаған мағынасына тура сәйкес келеді.
  • Тәуил – аятты түрлі мағыналық қырларына қарай бағыттау. Мұнда бірнеше ықтимал жол бар, сондықтан ол «бірнеше мағынаға» ие. Бірақ мұнда Аллаһтың нақты нені мақсат еткені айтылмайды, тек «бұлай да, былай да түсінуге болады» делінеді.