Хазіретті Омар табаррук жасауға тыйым салды ма?
Уаһаби-хауариждер табаррук амалын харам деу үшін хазіретті Омардың, Аллаһ одан разы болсын, ісін дәлел ретінде алға тартады. Олар былай дейді: «Омар, Аллаһ одан разы болсын, Ридуан байғаты жасалған ағашты шапты, өйткені адамдар сол жерге барып, онымен табаррук жасайтын еді».
Осы риуаятқа сүйене отырып, олар хазіретті Омардың, Аллаһ одан разы болсын, табаррукке қарсы болғанын дәлелдемек. Бірақ олар бұл оқиғаны тек өз бұрмаланған пікірлеріне дәлел қылу үшін ғана айтады. Олар бұл әрекеттің шынайы себебін қарастырмайды да, оны нақты әрі сенімді риуаяттардан іздемейді.
Ин шәә Аллаһ, осы жазбада хазіретті Омардың, Аллаһ одан разы болсын, бұл әрекетінің шынайы себебін түсіндіреміз. Бұл себеп, шын мәнінде, бидғатшылардың айтқан сөздеріне мүлде қайшы келеді.
Сонымен, Ибн Сағд өзінің «ат-Табақат» (4-том, 100-бет) атты кітабында Нәфиғтан былай деп жеткізеді:
عَنْ نَافِعٍ، قَالَ: " كَانَ النَّاسُ يَأْتُونَ الشَّجَرَةَ الَّتِي يُقَالُ لَهَا شَجَرَةُ الرِّضْوَانِ فَيُصَلُّونَ عِنْدَهَا قَالَ: فَبَلَغَ ذَلِكَ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ فَأَوْعَدَهُمْ فِيهَا وَأَمَرَ بِهَا فَقُطِعَتْ "
«Адамдар «Шажарату ар-Ридуан»¹ деп аталатын ағашқа барып, оның жанында намаз оқитын. Бұл жайлы Омар ибн әл-Хаттабқа (Аллаһ одан разы болсын) жеткен кезде, ол адамдарды бұл істері үшін ескертіп, ағашты шаптыруды бұйырды, сөйтіп, ол ағашты шауып тастады».
¹Ридуан байғаты – Пайғамбарымыз ﷺ Худайбияда сахабаларынан байғат алған тарихи оқиға. Бұл байғат ағаштың астында берілгендіктен, сол ағаш «Шажарату ар-Ридуан» деп аталды.
Аллаһ Тағала бұл оқиғаға разы болғанын Құранда білдірген: ﴾Шүбәсіз, Аллаһ (Худайбияда) әлгі ағаштың түбінде өзіңе қол беріп, байғат еткендерінде мүміндерден разы болды﴿ («Фатх» сүресі, 18-аят).
Біріншіден:
Уаһабилердің өз ұстанымына сәйкес, мурсал риуаят — яғни, табиғиннің өзі сахабамен кездеспеген, немесе олардың арасындағы риуаят етушіні атамастан тікелей сахабадан немесе пайғамбардан ﷺ жеткізген хабары — дәлел ретінде жарамсыз. Ал біз сөз етіп отырған риуаятты Нәфиғ жеткізген. Алайда ол ешқашан хазіретті Омар ибн әл-Хаттабпен, Аллаһ одан разы болсын, кездеспеген және одан хадис риуаят етпеген.
Демек, бұл асар — мурсал саналады және олардың өз қағидаларына сай, дәлел болмауы тиіс еді. Алайда, олар үшін қарсыластарымен күресте барлық амал "мубах" болғандықтан, дәлелдік шарттар аяқ астынан өзгеріп шыға келеді. Басқаларға қолданбайтын қағиданы, өздерінің оппоненттеріне қарсы келсе, еш қымсынбастан қолдана салады. Орыстар айтпақшы: «На войне все средства хороши».
Бұл туралы шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи өзінің әйгілі «Фатху әл-Мулхим» атты еңбегінде (4/314-бет) былай деп атап өтеді:
«Біз Сауд ұрпағы сұлтан Абдул-Ғазиз ибн әл-Файсал және Нәждтің ең атақты ғұламаларының бірі — Абдуллаһ ибн Буләһәдпен осы (яғни, табаррук) мәселесінде сөйлестік. Бұл — һижри 1344 жылы Меккеге келгенімізде, біз Үндістан ғалымдары қауымдастығы атынан Ислам әлемі конференциясына делегат ретінде қатысқан кезімізде болды. Біз оларға кейбір қасиетті мекендер мен орындардан табаррук жасаудың бидғат немесе шариғатқа қайшы емес екендігін дәлелдейтін риуаяттарды келтірдік. Бірақ олардан мардымды жауап болмады. Олар тек қана Ибн Сағдтың «ат-Табақат» кітабында Нәфиғ арқылы жеткен, хазіретті Омар, Аллаһ одан разы болсын, жайлы асарға сүйеніп, қарсылық білдірді. Алайда бұл риуаят үзілген, себебі Нәфиғ хазіретті Омарды ешқашан көрмеген. Бұл — «әт-Тәһзиб» кітабында да айтылған. Сонымен қатар (аудармашыдан: егер бұл асар бәрібір біз үшін дәлел дейтін болсаңыздар) бұл (— Пайғамбардан ﷺ тікелей жеткен хадис) емес, хазіретті Омардың, Аллаһ одан разы болсын, сол уақытта қандайда бір пайда үшін жасаған ижтиһады¹. Бұл жалпылама табарруктың тыйым салынған үкімін білдіретін үкім емес. Бұл, керісінше, ширкке апаратын жолды жабу және оның тамырын кесу мақсатындағы амал».
¹Уаһабилердің құзырында сахабалардың ижтихады да дәлел емес. Мұны уаһабилік Фаузан мына жерде ашық айтады.
Енді Омар ибн әл-Хаттабтың, Аллаһ одан разы болсын, аталмыш ағашты шаптыру туралы бұйрығының шынайы себебіне тоқталайық.
Бұл туралы Ануар Шаһ әл-Кашмири әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Сахих» әл-Бухариге жазған әйгілі «Фәйду әл-Бәрри» (5\157) кітабында түсіндіреді:
«Сахабалар, Аллаһ олардан разы болсын, сол ағаш туралы былай деген: «Біз келесі жылы қайтып келгенімізде, ол ағаштың (ар-Ридуан ағашы) нақты қайсысы екенін нақты анықтай алмадық². Бір риуаятта айтылғандай, хазірет Омар ағашты шаптыруды бұйырған. Бұл жайында Шаһ Абдул-Ғазиз былай деген:
«Ағашты шаптыру бұйрығы – адамдар анық емес, белгісіз бір ағашпен табаррук жасамасын деген мақсатта берілген». Ал хафиз (ибн Хаджар әл-Әсқаләни) бұл жөнінде: «Адамдар бұл ағашқа шектен тыс құрмет көрсетіп, шариғат шекарасынан асып кетпесін деген мақсатпен шаптырылған» – деген көзқарасты ұстанған (яғни, хафиздің пікірінше, хазірет Омардың бұл әрекеті адамдарды табаррук жасаудан толық тыю үшін емес, тек шектен тыс ұлықтауға жол бермеу мақсатында жасалған).
Мен (Ануар Шаһ әл-Кашмири әл-Ханафи әл-Матуриди ) айтамын: «Дұрыс пікір – Шаһ Абдул-Ғазиздің айтқаны. Өйткені, егер ол ағаш жоғалып кеткен болса әрі нақты қайсысы екені белгісіз болса, енді оған қалай табаррук жасалмақ?»
Бұл жағдайда, ағашты шаптыру оқиғасы – ізгілердің қалдырған белгілерінен табаррук алуға қарсы дәлел бола алмайды.
Керісінше, бұл тек адамдарды шатастырудың алдын алу шарасы ғана. Өйткені шаптыру – шектен тыс асып кетуден қорыққаннан емес, анық емес бір ағашқа табаррук жасап қоймау үшін жасалған».
²«Сахих» әл-Бухари, № 4162 және № 4163.
Байқап отырғанымыздай, уаһабилердің дәлелі – әрі иснад тұрғысынан, әрі мағына жағынан – бізге қарсы нақты дәлел бола алмайды.