«Бірде Фатима анамыз Аллаһ Елшісіне ﷺ келіп, қол диірменінен қолының ауырғанын айтып шағымданады».
Хазіретті Әлиден: «Бірде Фатима анамыз Аллаһ Елшісіне ﷺ келіп, қол диірменінен қолының ауырғанын айтып шағымданады. Кейінірек Фатима анамызға Пайғамбарға ﷺ тұтқындар әкелінгені туралы хабар жетеді. Пайғамбарға ﷺ барып кездестіре алмай, өтінішін Айша анамызға айтып кетеді.
Пайғамбар ﷺ үйіне оралғанда, Айша анамыз оған ﷺ Фатиманың келіп кеткенін және оның не мақсатпен келгенін айтып береді.
Айтты: «Сол түні біз төсегімізге жатып қойған кезде Аллаһ Елшісі ﷺ келді. Біз орнымыздан тұрмақ болдық, бірақ Ол ﷺ: «Орныңыздан тұрмаңыздар», – деді де, арамызға отырды, тіпті Оның ﷺ аяғының салқындығын өз денемде сезіндім. Сосын Пайғамбар ﷺ айтты: «Саған сұрағаныңнан да қайырлы бір нәрсе үйретейін бе? Ұйықтар кезде отыз үш рет: «СубханАллаһ», отыз үш рет: «Әлхамдулилләһ» және отыз төрт рет: «Аллаһу Әкбар» деп айт. Бұл – сендер үшін қызметшіден де артық»». Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2387) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Бірде Фатима анамыз Аллаһ Елшісіне ﷺ келіп, қол диірменінен) яғни, диірменді айналдырудағы қиындықтан, соның салдарынан шыққан мүйізгектен (қолының) басқа нұсқасында екі қолының (ауырғанын айтып шағымданды) яғни, шағымдану үшін барады. (Кейінірек Фатима анамызға Пайғамбарға ﷺ тұтқындар әкелінгені туралы хабар жетеді. Пайғамбарға ﷺ барып, кездестіре алмай) яғни, Пайғамбар ﷺ үйінде болмай (өтінішін Айша анамызға айтып кетеді. Пайғамбар ﷺ үйіне оралғанда, Айша анамыз оған ﷺ Фатиманың келіп кеткенін және оның не мақсатпен келгенін айтып береді. Айтты:) яғни, хазіретті Әли айтты: («Сол түні біз төсегімізге жатып қойған кезде Аллаһ Елшісі ﷺ келді. Біз орнымыздан тұрмақ болдық, бірақ Ол ﷺ: «Орныңыздан тұрмаңыздар», – деді де, арамызға отырды, тіпті Оның ﷺ аяғының) басқа нұсқада екі аяғының (салқындығын өз денемде сезіндім) бұл – Фатима мен Әли бір көрпеде жатқанын көрсетеді. (Сосын Пайғамбар ﷺ айтты: «Саған сұрағаныңнан да) яғни, қызметшіден де (қайырлы бір нәрсе үйретейін бе?) Ибн Хаджардың: «Фатима тек Әлидің рұқсатымен барды» деуі – бұл нақты емес, тек бір жорамал. Сосын олар жауап бермей тұрып Пайғамбар ﷺ айтты: (Ұйықтар кезде отыз үш рет: «СубханАллаһ», отыз үш рет: «Әлхамдулилләһ» және отыз төрт рет: «Аллаһу Әкбар» деп айт.) Әл-Джәззәри «әл-Мисбах» кітабына жазған шархында айтты: «Кейбір сахих риуаяттарда «Аллаһу Әкбар» (такбир)-ден басталады деп келген. Біздің ұстазымыз, хафиз Ибн Кәсир осыны артық көріп, былай дейтін: «Тасбих (Субханаллаһ) – намаздан кейін бірінші айтылады, ал такбир (Аллаһу Әкбар) – ұйықтарда бірінші айтылады».
Мен айтамын: «Ең дұрыс көзқарас – кейде бұлай бастап, кейде басқаша істеу. Екі риуаяттың екеуімен де амал қылған жөн, бұл бір риуаятты екіншісінен артық санаудан да абзал. Өйткені мақсат – көрсетілген санды орындау. Ал қайсысынан бастау маңызды емес. Бұған мына хадис дәлел: «Субханаллаһ, Әлхамдулилләһ, Лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу Әкбар – қайсымен бастасаң да зиян емес».
Ал такбирдің санын (отыз төртке) арттыру – Аллаһтың ұлылығы мен үстемдігін ерекше айқындауға ишара. Өйткені бұл сипат Аллаһтың ұлылығын кемшіліктен пәктейтін «субханаллаһ» пен нығметіне мадақ айтқызатын «әлхамдулилләһ» зікірлерінен үстемдік береді. Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі». (Бұл) яғни, жоғарыда айтылған зікірлер, (сендер үшін) – яғни, екеуін үшін, әсіресе сендер сияқты кемел иелері үшін (Фатима мен Әли, Аллаһ екеуінен де разы болсын), сондай-ақ осы жолмен жүрген, солардың артынан ерген рухани хал иелері үшін де (қызметшіден де) – «қызметші» деген сөз, ер мен әйелге бірдей қолданылатын жекеше атау (артық») – яғни, сендер үшін бұл зікір қызметшіден де жақсы, артық.
Бұл хадисте дүние ауыртпалықтарына, кедейлік пен дерт секілді машақаттарға сабыр етуге үндеу бар.
Сондай-ақ бұл жерде сабырлы кедейдің шүкір етуші байдан артық болуына ишара.
(Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді) және Әбу Дәуіт, әт-Термизи, ән-Нәсәи және ибн Маджа жеткізді.