Өзгенің үйіне рұқсатсыз кірудің үкімі.
«Өзгенің үйіне үй иесінің рұқсатынсыз кіруге болмайды. Бірақ кейбір зәру жағдайларда рұқсатсыз кіруге рұқсат етіледі, мысалы:
- Киімін тартып алып кеткен ұрыны қуып бара жатқан адам: егер ұры бір үйге кіріп кетсе, ал қуып келе жатқан адам оны қайтара алмай қаламын деп қорықса, бұл жағдайда оның соңынан сол үйге кіруіне рұқсат.
 - Ақшасы бір адамның үйіне түсіп кетіп, үй иесі оны иеленіп кетеді немесе мойындамай қояды деп қауіптенсе: егер үйге ешкімге байқатпай кіріп, ақшасын алып шығуы мүмкін болса, онда бұған рұқсат. Бірақ, тақуа кісілер ол үйге не үшін кіргенін білдіртуі қажет¹. Ал егер үй иесінен ондай қауіп болмаса, онда рұқсатсыз кіруіне болмайды.
 - Егер бір адамның су құбыры көршісінің үйінен өтіп, оны жөндеу қажет болса, немесе үй қабырғасы көршісінің үй жағынан болып, оны жөндеу керек болса, онда көршіге былай делінеді: «Үйге кіргізіп, жөндеуге мүмкіндік бер, немесе өзің жөндеп бер».
 
Егер (қарызын бермей қашып жүрген) борышкер үйінде тығылып, ол үйдің ішінде екені қазыға анық белгілі болса, қазы өзінің сенімді екі қызметкерін бірнеше көмекшілерімен және әйелдермен бірге әлгі үйге күтпеген жерден жібереді. Борышкер қашып кетпес үшін көмекшілер үйдің есігіне, айналасына, шатырға тұрып алады.
Сосын әйелдер үйге рұқсатсыз, ескерусіз кіреді де, үйдің әйелдеріне: «Басқа бөлмеге кіре тұрыңдар» деп бұйырады. Кейін қазының көмекшілері үйді бөлме-бөлме аралап, тандырдың асты секілді жерлерді де тексереді. Егер борышкер табылса, оны алып шығады. Ал табылмаса, қазы жіберген әйелдерге үйдің ішіндегі әйелдердің арасын тексеру бұйырылады, өйткені кейде ол әйелдердің арасында жасырынуы мүмкін.
Бишр айтты: «Әбу Юсуфты (Аллаһ оны рақымына алсын) былай деп айтқанын естідім: егер бір үйден музыкалық аспаптардың дауысы естілсе, мен оларға рұқсатсыз кіремін. Өйткені олар ашық түрде күнә жасап жатыр, ал мұндай жағдайда тыйым салу — уәжіп. Олар бұл харамды істеп, өз қадір-қасиеттерін (үй құпиясын, құрметін) жоғалтты, сондықтан ол үйдің абыройын сақтау бұдан кейін шарт емес».
¹Халық арасында жүрген абыройлы, шарапатты адамдар үшін – ел ішінде жаман күдік туындауы мүмкін жағдайлардың алдын алу сүннет амал болып табылады. Бұл – Пайғамбарымыздың ﷺ өнегесі. Ол ﷺ күмәнді жағдайдың өзінде түсіндірме жасап, адамдардың жүрегінде артық ой тумауына жол бермеген.
Имам Әләуд-Дин ибн Мухаммад Әмин Әбидин әл-Ханафи, «әл-Һадийяту әл-Ғәләия», 454 бет.