﴾Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін﴿.
﴾Сендерге қанша жерден ұнамаса да (Аллаһ жолында) соғысу парыз етілді. Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер﴿ («Бақара» сүресі, 216 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«﴾Сендерге қанша жерден ұнамаса да (Аллаһ жолында) соғысу парыз етілді. Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар﴿:
Бұл жерде айтылған ұнатпау мен ұнату – таңдау еркіне байланысты емес, адамның табиғи болмысына тән ұнатпау мен ұнату. Себебі табиғатынан әрбір адам соғыс пен дұшпанмен шайқасуға бейім емес, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Ал табиғи жек көруге негізделген нәрсеге діни үкім мен бұйрық байланысты болмайды. Бірақ бұл олардың соғысты өз еріктерімен ұнатпады дегенді білдірмейді. Өйткені Аллаһ Елшісінің ﷺ сахабалары соғысу мен жаумен күреске бұйырылып тұрып, бұйырылған нәрсені өз еріктерімен ұнатпады деу ақылға қонымсыз. Мұндай мінез – тозақ иелеріне тән сипат.
Сондықтан жоғарыдағы ұнатпау деген сөз – адамның табиғаты мен нәпсісінің ауыртпалық пен қиындықты көтеруге деген табиғи құштарлығының жоқтығын білдіреді. Яғни, адамның табиғаты соғыс сияқты ауыртпалықты ұнатпайды.
﴾ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар﴿:
Бұл аят тек соғыс мәселесіне қатысты айтылған болуы мүмкін. Яғни, олар соғысты ондағы машақат пен қиындықтар себебінен ұнатпаған. ﴾ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар﴿ – өйткені жиһадтың нәтижесінде жеңіс пен олжа, кең өмір, сауап пен ақыреттегі дәрежелерге қол жеткізу бар.
﴾Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің﴿ яғни, жиһадтан тыс болуды, бармай тыныш қалуды жақсы көру, ﴾түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін﴿ – өйткені бұл дұшпанның басынуына, тұтқынға түсуге, өлтірілуге, қор болуға, қорлық пен кемсінуге, сондай-ақ ақыреттегі сауаптан құр қалуға себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ, бұл аят жалпы барлық істерге де қатысты болуы мүмкін: адам кейде бастапқыда жақсы көрген бір істің соңы жаман болып шығуы мүмкін, ал алғашында жек көрген ісі ақырында өзіне қайырлы болып оралуы мүмкін. Бұл – әр істің ақыры мен нәтижесін тек Аллаһ қана білетінін әрі істерді басқару адамның еркінде емес, толықтай Аллаһтың құзырында екенін түсінуіміз үшін айтылған.
﴾Ақиқатын Аллаһ біледі﴿ – яғни, қай нәрсе ақырында сендер үшін қайырлы, ал қайсысы жаман болатынын Аллаһ біледі, ﴾сендер білмейсіңдер﴿».