«Қиямет күні Аллаһу Тағала (бүкіл) жерді алып, аспанды оң қолымен бүктеп...»
Хазіретті Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың ﷺ былай дегенін жеткізген: «Қиямет күні Аллаһу Тағала (бүкіл) жерді алып, аспанды оң қолымен бүктеп, сосын: «Мен Патшамын, енді жердің патшалары қайда?», - дейді» (хадисті Бухари мен Муслим руаят етті).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5522) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Қиямет күні Аллаһу Тағала (бүкіл) жерді алып, аспанды) бәлкім, бұл жерде меңзеп тұрғаны, Аллаһу Тағала айтқандай, оларды ауыстыру болса керек: ﴾Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады﴿ («Ибраһим», 48 аят); (оң қолымен бүктеп) яғни, Оның құдіретімен немесе күш-қуатымен немесе соны орындаймын деген антымен немесе Оның аршысының оң жағындағы періштелердің ұстап, бүктеуімен. Әл-Қади былай деді: «Бұл Аллаһу Тағаланың аспан мен жерді жойып, ақылға сыймайтын аса құдіретімен екеуін ортасынан шығарып, Адам баласына пана мен баспана болған аспан мен жерді жою». Кейінгі (яғни, дәл осы хадистен кейін келетін екінші бір) хадисте аспанның ұсталуын және бүктелуін оң тарапқа, ал жердің бүктелуін сол тарапқа қатысты етуі, бұл екеуінің арасындағы айырмашылық пен басымдылықты көрстеу үшін (яғни, аспанды оңға, ал жерді сол тарапқа тиесілі етудің мақсаты: аспанның жерден абзал екенін көрсету үшін. Өйткені әдетте оң тарап құрметті нәрсеге, ал сол тарап төмеңгі нәрсеге қолданылады). Кейбір ғалымдар айтты: «Аллаһу Тағала жаңадан пайда болатын нәрселерден және денелердің сипаттарынан аса пәк екенін және Құран мен хадистерде Оған қатысты тарап/бағыт-бағдар, физикалық жоғары болу, бір жерге орнығу, бір мекеннен екінші мекенге ауысы арқылы келу және түсу секілді сипаттарға нұсқайтын нәрселердің барлығынан аса пәк екенін біліңдер және біз бұл сипаттардың түсіндірмесіне терең үңілмейміз, керісінше, біз бұл сөздердің Аллаһу Тағала мақсат еткен мағынасына иман етеміз, сонымен бірге Аллаһу Тағалаға қатысты тарапты/бағыт-бағдарды немесе физикалық денелікті көрсететін кез келген нәрседен пәктейміз»; (сосын: «Мен Патшамын) яғни, Менікінен басқа патша жоқ, немесе Мен патшалар мен патшалықтардың Патшасымын ... (ары қарай араб тіліне қатысты мәселе қозғалады); (енді жердің патшалары қайда?») яғни, патшалығы тәуелсіз немесе патшалығы мәңгі және жойылмайды дегендер немесе төменгі дәрежеде Құдайлық патшалыққа ұмтылғандар қайда?; (хадисті Бухари мен Муслим руаят етті) және ән-Нәсәи мен ибн Маджа».