February 23

«Аллаһ Елшісі ﷺ адамдардың ең жомарты еді. Оның жомарттығы әсіресе Рамазан айында, Жәбірейілмен кездескен кезде, тіпті арта түсетін».

Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ ол екеуінен разы болсын) айтты:

«Аллаһ Елшісі ﷺ адамдардың ең жомарты еді. Оның жомарттығы әсіресе Рамазан айында, Жәбірейілмен кездескен кезде, тіпті арта түсетін. Жәбірейіл оған Рамазан айының әр түнінде келіп, Құранды бірге қайталап отыратын. Аллаһ Елшісі ﷺ жақсылық жасауда еркін ескен желден де жомарт еді».

Бухариде келген: 6.

Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи өзінің әйгілі «Ғумдату әл-Қари шарх Сахих әл-Бухари» кітабында (6-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Хадистен алынатын пайдалар: Бұдан барлық уақытта жомарт болуға, жақсылық жасап, кеңдік көрсетуге үндейтіні аңғарылады. Әсіресе Рамазан айында және ізгі адамдармен бас қосқанда жомарттықты арттыру қажет екені түсініледі. Сондай-ақ ізгі, абзал адамдарды зиярат ету, олармен бірге отыру, егер зиярат етілген адам бұған қарсы болмаса, оларды зиярат етуді жиелету мустахаб екендігі шығады. Рамазан айында Құран оқуды көбейту мустахаб екендігі. Құранды және өзге де шариғи ілімдерді өзара оқып, қайталап, талқылаудың мустахаб екендігі. Дұрыс көзқарас бойынша «Рамазан» деп, «ай» сөзін қоспай айтуға болатындығы (бұл жайлы кейін, Аллаһ қаласа, сөз болады). Құран оқу – тәсбі мен басқа зікірлерден абзалырақ екендігі. Өйткені егер зікір одан абзал немесе тең болғанда, екеуі (Аллаһ Елшісі ﷺ мен Жәбірейіл) әрдайым немесе кездесулерінің кейбірінде соны да тұрақты түрде істер еді».