August 19

«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақиретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!».

﴾Сондай-ақ олардың ішінде: «Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақиретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!» – деп жалбарынатындар бар﴿¹ («Бақара» сүресі, 201-аят).

¹«Раббәнәә әәтинә фид-дуния хасанатән, уа фил-аахирати хасанатән, уа қинәә ғазәбән-нәр».

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«Бұл аят қайта тірілу мен өлімнен кейін өмірге иман келтірмеген бір қауым жайында айтылған. Олар осы дүниенің ғана жақсылықтарын тілеп, ақыреттің жақсылықтарын сұрамайтын. Сонда оларға дүниедегі сұраған жақсылықтары берілді. Бұл мына аятта айтылғаны сияқты: ﴾Ал кімде-кім қу дүниенің жемісін мақсат тұтса (яғни, бар қызықты осы дүниеде көруді қаласа), оның жемісінен оған да береміз. Алайда оған ақиретте ешқандай несібе бұйырмайды﴿ яғни, Аллаһу Тағала оларға тек сұраған нәрсесін ғана берді және: ﴾Кімде-кім ақирет жемісін мақсат тұтса (яғни, бұл дүниеде шын ниетпен істеген игі істерінің жемісін о дүниеде көруді қаласа), Біз оның ақиретте көрер жемісін арттыра түсеміз﴿ («Шура» сүресі, 20-аят) яғни, екі дүние жақсылығын сұраған адамға мына дүниенің, әрі ақыреттің жақсылығын береді. Сондықтан кімнің жүрегі мына дүниеге байланған болса, ол осы дүниеден басқа нәрсені сұрап дұға етпейді. Ал кімде-кім қайта тірілу мен өлімнен кейінгі өмірге иман келтірсе, олар мына дүниенің, әрі ақыреттің жақсылығын сұрайды. Яғни: ﴾«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақиретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!»﴿ деп дұға етеді. Осы дүниенің жақсылығын сұрауы, себебі осы дүние ақыретке азық жинайтын мекен. Өйткені Аллаһу Тағала мына дүниені олар үшін ақыретке азық жинайтын мекен етіп қойды. Шын мәнінде, Аллаһ оларды ақырет үшін жаратқан. Аллаһтың мына сөзі секілді: ﴾Ендеше, уа, ақыл иелері! (Ақиреттегі азықтарыңды қамдау үшін) Менен қорқып, тақуалық шеңберінде әрекет етіңдер (һәм қажылық сынды өздеріңе парыз етілген өзге де құлшылықтарды толық атқарыңдар)!﴿ («Бақара» сүресі, 197-аят).

Содан кейін ﴾осы дүниеде жақсылық﴿ пен ﴾Ақиретте де жақсылық﴿ дегеннің мағынасында ғалымдар әртүрлі пікір айтты. Біреулер: осы дүниедегі жақсылық – білім мен ғибадат, ал ақыреттегі жақсылық – жәннат пен кешірім деді. Басқалары: дүниедегі жақсылық – жеңіс пен ризық, ал ақыреттегі жақсылық – рақым және разылық деді. Бұлардың барлығы бір мағынаға саяды.

Аллаһ Елшісі ﷺ былай деп айтқаны риуаят етіледі: «Аллаһтың кейбір құлдары бар: олар амандықта өмір сүріп, амандықта жан тапсырады және жәннатқа амандықпен кіреді». Сахабалар: «Уа, Аллаһ Елшісі, бұл не себептен?» – деп сұралғанда, Ол ﷺ: «Олардың көп айтатын сөздері: ﴾«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақиретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!»﴿ – деп жауап берді». (Ат-Табарани «әл-Әусат», №3127)».