December 22, 2024

Намаздан кейін жамағат болып дұға ету мәселесі

Шейх Мухаммад Һашим әт-Тәтәуй әс-Синди парыз намаздан кейін дұға жасаудың абзалдығы туралы жазған «әт-Тухфату әл-Мәрғуба» кітабында Шейх Абдул-Хақ әд-Дәһләуй, Аллаһу Тағала оларды рақымына алсын, «ас-Сирату әл-Мустақим» кітабының шархында: «Күніміздегі араб және араб емес елдеріндегі мешіттерде намаздан кейін имам дұға жасап, жамағат «әмин» деп тұру мәселесіне келсек, бұған Пайғамбардан ﷺ қандайда бір нұсқаулық және дәлел болатындай қандай да бір хадис жоқ. Ақиқатында бұл [амалдар] бидғат болып саналады», - деп айтқан сөзіне үш тараптан қарап, жауап беріледі:

1. Шейх Абдул-Хақ әд-Дәһләуйге алты сахих хадис жинақтарында намаздан кейін дұға жасауға дәлел болатын хадистер жетпеген болар;

2. Егер Шейх Абдул-Хақ әд-Дәһләуй жалпы намаздан кейін дұға жасауды меңзеп тұрса, онда бұл еш негізсіз, өйткені парыздан кейін дұға жасау туралы көптеген дәлелдер келген;

3. Егер Шейх Абдул-Хақ әд-Дәһләуй намаздан кейін нақты қол көтеріп және жамағат «әмин, әмин» деп айтуды бидғат деп тұрса, онда бұл сөзде дұрыс емес. Өйткені жалпы дұғада қол көтеру, кейін бетті сипау дұғаның сүннеті, жамағаттың «әмин, әмин» деп тұруы да сүннет. Енді осы сүннеттерден жинақталған амалды бидғат деп айту дұрыс емес»¹.

¹Шейх Абдул-Фаттах әбу Ғудда әл-Ханафи, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, үшінші тараудың астына қосымша түсіндірме жазып айтты:

«Иә, егер біреу дәл осы кейіпте жиналған сүннет амалдарды (имам екі қолды көтеріп дұға жасап, жамағат «әмин» деп отыру) сүннет деп айтса және соны өзіне міндет қылып, солай жасамаған адамды сөгетін болса, онда әрине бұл қате және құпталмайды».