Yesterday

Тарауих намазы туралы.

Имам әш-Шурунбуләли әл-Ханафи өзінің әйгілі «Мәрақи әл-Фәләх» (тарауих намаз бабында) айтты:

«Әсад ибн Әмр Әбу Юсуфтің былай деп айтқаның риуаят етті: «Мен Әбу Ханифадан тарауих намазы және Омардың (Аллаһ оған разы болсын) бұл мәселедегі ісі туралы сұрадым. Ол былай жауап берді:

“Тарауих – бекітілген сүннет. Омар оны өз бетінше ойлап шығарған жоқ, бұл істе бидғатшы болған жоқ. Ол оны тек өзінде бар негізге және Аллаһ Елшісінен ﷺ жеткен сүннетке сүйеніп бұйырды”.

Сондай-ақ тарауих – ерлер мен әйелдерге қатысты бекітілген жеке сүннет. Оның сүннет екендігі Пайғамбарымыздың ﷺ ісімен және мына сөзімен бекіген:

«Менің сүннетімді және менен кейінгі тура жолдағы халифалардың сүннетін ұстаныңдар».

Тарауих намазын Омар, Осман және Әли (Аллаһ оларға разы болсын) тұрақты түрде орындаған.

Садр әш-Шәһид былай деген:

«Тарауихта жамағатпен оқу – сүннет кифая. Яғни егер мешітте бір топ адам жамағатпен орындаса, ал қалған квартал тұрғындары оны үйлерінде жеке-жеке оқыса, олар сүннетті тастаған болып есептелмейді. Өйткені сахабалардың кейбірінен жамағатқа қатыспай өздері оқығандары риуаят етілген».

Ал «әл-Мабсут» кітабында былай делінген:

«Егер бір адам тарауихты өз үйінде оқыса, күнәһар болмайды. Өйткені мұны Ибн Омар, Уруа, Сәлим, Қасым, Ибраһим және Нафиғ та істеген. Бұлардың ісі мешіттегі жамағаттың сүннет кифая екенін көрсетеді. Себебі Ибн Омар және оған ергендердің сүннетті тастауы мүмкін емес» (әрине, мешітте оқыған абзал).

Тарауих намазы – сахабалардың ижмасымен жиырма ракағат.

Тарауих он сәлеммен оқылады, яғни әр екі ракағаттан кейін сәлем беріледі. Бұл – үмметте өткен ізгілерден жалғасып келе жатқан тәртіп.

Егер адам тарауихты түгел (немесе төрт ракағатты) бір сәлеммен оқып, әр екі ракағаттан кейін отырса, ең дұрыс пікір бойынша, мұны әдейі істесе – мәкруһ болады. Алайда намазы дұрыс және жиырма рәкәғаттың орнына жүреді.

Ал егер әр төрт рәкәғаттан кейін ғана отырса (яғни төрт ракағаттың ортасында отырмады), онда ол бір ғана сәлемнің орнына есептеледі. Дұрыс пікір бойынша, мұндай төрт ракағат екі ракағат үкімінде болады.

Әр төрт ракағаттан кейін сол мөлшерге шамалас уақыт отырып тынығу – мустахаб. Сол сияқты бесінші тарауихта (яғни жиырмасыншы ракағаты) мен үтір намазының арасында да осындай уақыт отырып тынығу мустахаб саналады. Өйткені бұл – өткен ізгілерден жалғасып келген амал. Бұл пікір Әбу Ханифадан да риуаят етілген.

«Тарауих» атауының өзі де осыны білдіреді, өйткені «тарауих» – тынығу деген мағынаны қамтиды.

Ал осы отырыс кезінде не істесе таңдау өз еркінде: тәсбих айтуға, Құран оқуға, жеке намаз оқуға немесе үнсіз отыруға болады.

Тарауих намазында бір ай ішінде Құранды бір рет хатым ету – дұрыс пікір бойынша сүннет. Бұл – ғалымдардың көбінің ұстанымы. Хасан ибн Зияд бұл пікірді Әбу Ханифадан риуаят еткен. Әдетте әр ракағатта шамамен он аят немесе соған жуық көлемде оқылады.

Ал Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бір хабарда, оның Рамазан айында алпыс бір рет хатым жасағаны айтылады: күн сайын бір хатым, әр түн сайын бір хатым және тарауихта бір хатым. Сондай-ақ ол екі рәкәғатта бүкіл Құранды оқығаны және қырық жыл бойы құптан намазының дәретімен таң намазын оқығаны да риуаят етіледі.

Тарауих намазының уақыты өтіп кетсе, қазасын өтемейді – мейлі жеке өзі болсын, мейлі жамағатпен болсын. Ең дұрыс пікір осы.

Өйткені қаза ету – уәжіп амалдарға тән сипат. Егер біреу тарауих намаздың қазасын орындаса, ол тарауих болып саналмайды, жай ғана нәпіл намаз болады.

Тарауих – уақыттың (яғни, Рамазан айының) сүннеті, ең дұрыс пікір бойынша оразаның сүннеті емес.

Сондықтан кім күннің соңында адамға намаз шариғи тұрғыдан міндет болса, оған тарауих оқу сүннет болады. Мысалы: (ақшам намазы алдын) хайыздан тазарған әйелге, (сапарда жүріп) ораза ұстамаған жолаушыға немесе науқасқа (яғни, денсаулығына байланысты ораза ұстамаса да) тарауих намазын оқу – сүннет».