«Пайғамбарымызды ﷺ бір нәрсе қынжылтса, намазға тұратын».
Хузайфа (Аллаһ одан разы болсын) жеткізген хадисте айтты: «Пайғамбарымызды ﷺ бір нәрсе қынжылтса, намазға тұратын». Хадисті Әбу Дәуід риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1325) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Пайғамбарымызды ﷺ бір нәрсе) яғни, бір іс мазалап, мұңайтып, (қынжылтса) яғни, ауыр, мазасыз жағдайға тап болса. Кей риуаятта «қайғыртатын іс келсе» деп келеді, (намазға тұратын») бұл – сол мәселенің жеңілдеуі үшін, әрі Құрандағы: ﴾Сабырлық танытып, намаз оқып, (Аллаһтан) медет тілеңдер﴿ деген бұйрықты орындау мақсатында жасалатын амал еді. Яғни: бәлекеттерге сабыр ету және намазға жүгіну. Сол сияқты Аллаһу Тағала тағы: ﴾Отбасыңа намаз оқуды бұйыр әрі өзің де намаз оқуда табандылық таныт﴿ – деп бұйырады. (Хадисті Әбу Дәуід риуаят етті): Бұл намаз «қажет намазы» деп аталуы керек. Өйткені ол белгілі бір формаға немесе белгілі бір уақытқа тәуелді емес. Яғни, қай кезде адам мұқтаждық пен қиындыққа тап болса, сол кезде оқуға болады».