Аллаһу Тағала айтты: “Уа, Адам баласы! Сен жұмса, Мен де саған жұмсаймын (беремін)”.
Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ былай деді: «Аллаһу Тағала айтты: “Уа, Адам баласы! Сен жұмса, Мен де саған жұмсаймын (беремін)”». Хадисті имам әл-Бухари мен имам Муслим жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1862) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Аллаһу Тағала айтты: “Уа, Адам баласы! Сен) яғни, өткінші, сарқылатын нәрсе (дүниелік мал-мүліктен) (жұмса, Мен де саған) мәңгі, сарқылмайтын нәрседен (жұмсаймын”») беремін.
Бұл — Аллаһ Тағаланың: ﴾Сендердің қолдарыңдағы дүние түгелдей таусылып бітеді. Ал Аллаһтың құзырындағылар мәңгілік﴿ деген мағынасына ишара. Яғни, дүниеде фәни болған малды жұмсаңдар, ақыретте биік дәрежелерге қол жеткізесіңдер.
Тағы бір түсіндірмеде: Мағынасы — Аллаһ саған берген ризықтан адамдарға бер, сонда Аллаһ та сені ризықтандырады, яғни дүниеде де, ақыретте де. Бұл — ﴾Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Аллаһ оның орнын толтырады﴿ деген мағынаға ишара».