«Сендердің біреуің ұйқыда қорқса, онда былай десін...»
Амр ибн Шуғайбтан, ол әкесінен, ол атасынан, Аллаһ олардан разы болсын, Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Сендердің біреуің ұйқыда қорқса, онда былай десін: «Аллаһтың қаһарынан және жазасынан, Оның құлдарының зұлымдықтарынан және шайтандардың азғырулары мен олардың маған жақындауынан Аллаһтың кемел сөзіне сиынамын» («әғузу би-кәлимәтилләһит-тәммәти мин ғадабиһи уә иқаби-һи, уә шәрри ғибәдиһ, уә мин һәмәзәтиш-шәйатыйни уә ән йахдурун»). Шынында, осы дұғаны айтқан адамға ол (зиян) тимейді.
Абдуллаһ ибн Амр ақыл толған өз ұлдарына осыны үйрететін, ал ақыл толмаған балдарына қағазға жазып, мойындарына іліп қоятын». Хадисті Әбу Дәуіт және әт-Термизи осы сөзбен жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2477) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Сендердің біреуің ұйқыда қорқса) ұйқы кезінде немесе ұйқыға жатарда (онда былай десін: «Аллаһтың қаһарынан) яғни, Оның ашуының әсерінен (және жазасынан) яғни, азабынан (Оның құлдарының жамандығынан) — адамдар тарапынан келетін зұлымдықтан, күнәлі істерден (және шайтандардың азғырулары) яғни, олардың адамның жүрегіне тастайтын жаман ойлары, жамандыққа итермелейтін сыбырлары, бүлік тудыру және бұзық сенімдерді енгізу. Бұл — жалпы жамандықтан кейін ерекше түрде шайтандардың жамандығын нақтылап көрсету. Мұндай нақтылау, бір жағынан, шайтандардың Аллаһтың «ерекше құлдары» қатарына кірмейтінін білдіреді. Екінші жағынан, шайтандарды «Аллаһтың құлдары» деп атамау — олардан жирендіру мақсатында, тіпті оларды құл атауына да лайық емес етіп көрсету үшін әдейі таңдалған тәсіл.
Себебі Аллаһ Тағала Құранда: ﴾Шайтан – сендерге ашық дұшпан﴿ – деп ескерткен. (мен олардың маған жақындауынан) яғни, олар менің намазымда, Құран оқуымда, зікірімде, дұғамда және жан тапсыру сәтімде менің қасыма келмесін деп (Аллаһтың кемел сөзіне сиынамын») Оның есімдері, сипаттары және кітаптарындағы аяттары, яғни кемел әрі қорған болатын сөздер. (Шынында, осы дұғаны айтқан адамға ол (зиян) тимейді) яғни, егер адам осы дұғаны оқитын болса, ешқандай зиян келтіре алмайды, сырттай да, іштей де. Бұл — ұйқыдағы үрейдің шын мәнінде шайтаннан болатынына дәлел.
(Абдуллаһ ибн Амр ақыл толған өз ұлдарына осыны) яғни, осы сөздерді (үйрететін, ал ақыл толмаған балдарына қағазға жазып) яғни, әлгі дұға жазылған парақты, (мойындарына іліп қоятын»). Бұл — баласының мойнына ілінетін тұмар. Бұл Аллаһтың есімдері жазылған тұмарларды ілуге рұқсат екеніне негіз болып табылады».