October 13

«Сәлем болсын сендерге, қабір иелері! Аллаһ бізді де, сендерді де кешірсін! Сендер — бізден бұрын кеткенсіңдер, ал біз де арттарыңнан барамыз».

Ибн Аббас айтты: «Пайғамбарымыз ﷺ Мәдина қаласындағы қабірлердің жанынан өтіп бара жатып, жүзін соларға қаратып: «Сәлем болсын сендерге, қабір иелері! Аллаһ бізді де, сендерді де кешірсін! Сендер — бізден бұрын кеткенсіңдер, ал біз де арттарыңнан барамыз», — деді». Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті және айтты: «Бұл хадис — хасан ғариб».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1765) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Пайғамбарымыз ﷺ Мәдина қаласындағы қабірлердің жанынан өтіп бара жатып, жүзін соларға қаратып) яғни, қабір иелеріне қарап жүзін бұрды. Бұл — өлгендерге сәлем бергенде қабірге қарап, бетпе-бет тұру мустахаб екенінің дәлелі. Және дұға кезінде де қабірге қарап тұру мустахаб¹. Осыған мұсылмандардың басым бөлігі амал еткен. Бұл Ибн Хажардың: «Бізде (яғни, шәфиғилерде) дұға кезінде құбылаға қарап тұру – сүннет, , өйткені жалпы дұға туралы риуаяттардан солай түсініледі» – деген сөзіне қайшы.

Бірақ Пайғамбарымыз ﷺ кейбір дұғаларда құбылаға емес, басқа жаққа қарап тұрған.

Соған мысал: осы жағдай (қабір басында дұға ету), (қажылықта) тауаф пен сағи кезі, мешітке кіріп-шығу, тамақ ішіп-жеу, науқасты зиярат ету және осыған ұқсас басқа да жағдайлар. Сондықтан құбылаға бет бұру немесе бұрмау мәселені нақты орынға қатысты қарап шешілуі керек. Егер нақты хабар болса, соған сай амал ету керек.

Ал кейбір өткен ізгілердің Пайғамбардың ﷺ зияратынан кейін құбылаға бұрылып дұға етуі — бұл қосымша амал, әрі имамдардың ешқайсысы бұл туралы нақты ереже бекітпеген.

Әл-Мазһар айтты: «Мәйітті зиярат ету — тірі адамды зиярат еткенде жүзденіп отырған сияқты, қабірін зиярат еткенде қабірге жүзденіп тұрады. Егер тірісінде ол үлкен қадірлі кісі болып, қасында алшақ отырып сөйлесетін болса, онда қабірін зиярат еткенде де алыстау отырып дұға етеді. Ал егер тірісінде оған жақын отыратын болса, онда қабіріне де жақын отырып дұға етеді».

Зиярат еткенде «Фатиха» сүресін және «Ықылас» сүресін үш рет оқиды, сосын мәйт үшін дұға етеді. Бірақ қабірді сипауға немесе сүюге болмайды, өйткені бұл — христиан дініндегілердің әдеті. Дегенмен, кейбір ғалымдар ата-ананың қабірін сүюде еш әбестік жоқ деген.

(Аллаһ бізді де, сендерді де кешірсін!) Аллаһтан әуелі өзіне кешірім сұрап, содан кейін мәйіттерге сұраған. Бұдан тірінің дұғасы мәйітке қарағанда абзал екені, әрі тірі адамның дұғасы бірінші тұруы керектігі аңғарылады. Сондай-ақ, дұғада қасындағы адамның дұғасы алыстағыға қарағанда басым екені меңзеледі. (Сендер — бізден бұрын кеткенсіңдер) «ән-Ниһая» кітабында: «Бұл — «сәләфа» етістігінен алынған, яғни алдын озу. Кейде бұл сөз «дүниесін алға жіберу» және оның орнына сабыр еткені үшін сауап алуды үміт ету мағынасында да қолданылған. Басқа бір көзқарас бойынша, «сәләф» дегеніміз — адамнан бұрын өліп кеткен ата-бабалар мен туыстар, сондықтан табиғиндердің алдыңғы буыны «сәләфу ас-салих» (өткен ізгілер) деп аталды».

Бірақ бұл пікірді Ибн Хаджар сынаған: ««Сәләфу ас-салих» дегеніміз алғашқы буын сахабалар, табиғиндер және олардың жолын ұстанғандар — үшеуі де сәләф», — дейді. Алайда бұл пікір қайтарылған: терминде талас жоқ. Сахабалар болса — олардың өзіне тән мәртебесі мен шоқтығы биік атағы бар, ал «сәләфу ас-салих» — негізінен табиғиндер. Ал «хәләфу ас-салих» (кейінгілер) деп — табиғиндердің жолын ұстағандарды айтады. Бұл кітаптың авторы да ең басында «сәләф» деген сөзді сахабаларға қатысты қолданып, оларды сәләф деп нақты атаған. Ал олардан кейінгілерді — хәләф. Ибн Хаджар бұл жерде жаңылысты, сондықтан мен оны ескерттім; (ал біз де арттарыңнан барамыз») яғни — «біз сендердің ізіңмен келеміз, арттарыңнан ерушіміз», яғни: бір күні біз де сендерге қосыламыз».

¹Дұға кезінде қабірге емес, құбылаға қарау — мустахаб дегенде көзқарас бар. Екеуі де біздің мәзһабқа сай.