﴾Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар!﴿
﴾Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар! Әйтсе де, соған қарамастан оларға кеңшілік жасасаңдар, оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Аллаһ – Кешірімді, Рахымды! Дүние-мүліктерің де, бала-шағаларың да сендер үшін бірер сынақ, одан басқа түк те емес. Ал ең үлкен сый-сияпат, ең зор сауап Алланың құзырында﴿ («әт-Тағабун» сүресі, 14-15 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«(Аяттағы «дұшпан» сөзі екі түрлі мағынада болуы мүмкін:) Шынайы дұшпандық (яғни, күпірлік пен ширк) немесе дұшпандық істеу. Шынайы дұшпандық екі түрлі болуы ықтимал:
Біріншісі: айқын дұшпандық, яғни күпірлік пен шірк дұшпандығы. Әдетте ол кезде ер кісі Ислам қабылдаса, әйелі мен баласы күпірде қалатын жағдайлар болатын. Сонда Аллаһу Тағала оларға әйелдер мен балаларымен мәміле жасауды үйретті: егер олар сендерді күпір мен шіркке шақырса, оларға бағынудан сақтаныңдар. ﴾Әйтсе де, соған қарамастан оларға кеңшілік жасасаңдар﴿ оларды шақырған нәрселері үшін жазалаудан кешірсеңдер, ﴾оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Аллаһ – Кешірімді, Рахымды!﴿.
Содан кейін Аллаһ Тағала кәпір болған әйел мен балаларға қатысты кешірім мен кеңшілік жайында айтты. Ал мүшрік ата-анаға ондай бұйрық келмеді, тек: ﴾Алайда бұл дүниеде олармен жақсы-қатынаста бол﴿ – деді.
Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл (аяттың) мәні — Аллаһ жақсырақ біледі — ер адамға өзінің әйелі мен баласына үстемдігін, билігін және күшін жүргізу құзыретін беру.
Осы себепті (яғни, әйел мен балалары ер кісінің қол астында болғандықтан) Аллаһ ер кісіге әйелдері мен балаларына қатысты кешірім мен кеңшілік жасауға бұйырды. Ал ата-аналарға келгенде, перзентке оларға үстемдік жүргізу құзыреті берілмегендіктен, оларды кешіруге бұйырудың мәні болмайды. Бірақ оған: ﴾Алайда бұл дүниеде олармен жақсы-қатынаста бол﴿ және олар шақырған жаман істерге мойынсұнбау бұйырылды. Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші.
Екінші: бұл дұшпандық жасырын дұшпандық болуы мүмкін, яғни нифақ (екіжүзділік) дұшпандығы. Сонда (аяттағы мағына) былай болғандай болады: ﴾Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін﴿, бірақ сендер оны сезбейсіңдер. ﴾Әйтсе де, соған қарамастан оларға﴿ күнәлары үшін жамандық жасамай, ﴾кеңшілік етіп, оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Аллаһ – Кешірімді, Рахымды!﴿.
Көріп тұрғаныңдай, Аллаһу Тағала мүміндерді екіжүзділерден сақтануға шақырды, олардың әлсіз әрі дәрменсіз болғанына қарамастан. Бұл жөнінде Аллаһ былай деді: ﴾Олар қас дұшпан, сол үшін олардан барынша сақтан﴿ («әл-Мунафиқун» сүресі, 4 аят).
Міне, дәл осы сияқты, әйелдер мен балалар да, олар сенің қол астыңда, билігің мен үстемдігіңде болғанымен, Аллаһу Тағала сені олардан да сақтануға бұйырады. Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі.
Сондай-ақ, бұл дұшпандық шынайы дұшпан болуды (яғни, күпірлік пен нифақты) емес, дұшпандық әрекетті меңзеуі де мүмкін. Яғни, олар шынайы дұшпан (яғни, кәпір немесе екі жүзді) емес, бірақ әдеттегі өмірде, адамдар арасында қалыптасқан жағдай бойынша: әйелдер мен балалар көбінесе әкелерін өзгелерге қаражат жұмсаудан тыюға, сараң болуға шақырады, басқаларға жақсылық жасауына, жомарттық көрсетуіне ренішпен қарайды, әкелерінің басқаларға жасаған қамқорлығы мен мейіріміне ауырлықпен қарайды, және мұндайды ұнатпайды. Ал бұл сырттай қарағанда — дұшпандық іс-әрекет тәрізді.
Сол себепті Аллаһу Тағала: ﴾Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның﴿ арасынан дұшпандық әрекет көрсететіндер бар деп ескертті. Сондықтан ﴾Ондайлардан сақ болыңдар!﴿ — яғни, олардың сөзіне еріп, өзгелерге жақсылық жасаудан, жомарттықтан бас тартпаңдар. Сосын былай деді: ﴾Әйтсе де, соған﴿ яғни, олардың сендерге істеген қылықтарына ﴾қарамастан оларға кеңшілік жасасаңдар, оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Аллаһ – Кешірімді, Рахымды!﴿.
﴾Дүние-мүліктерің де, бала-шағаларың да сендер үшін бірер сынақ, одан басқа түк те емес﴿: аяттағы «сынақ» деген – белгілі бір нәрсеге шектен тыс әуестену, қатты ғашықтық мағынасында. Яғни былай деп айтқан секілді: «Сендердің дүние-мүліктерің мен бала-шағаларың – сендердің көңілдерін байланған құмарларың. Бірақ Аллаһтың құзырындағы ұлы сый-сауапты іздеуден оларды жақсы көрулерің сендерді тосып қалмасын!»
Сондай-ақ: Аллаһу Тағала сендерге жұбай мен бала-шағаны текке берген жоқ. Олар арқылы сендерді сынау үшін, яғни Аллаһ сендердің бала-шағаларыңа, дүние-мүлкіне қатысты Оның әмірлеріне бағынудағы адалдықтарыңды және тыйымдарынан қаншалықты сақтанатыныңды сынау үшін жаратты деген мағынада болуы мүмкін.
Сосын Аллаһ: ﴾Ал ең үлкен сый-сияпат, ең зор сауап Аллаһтың құзырында﴿ – деп хабар берді. Яғни, сендердің бала-шаға мен дүние-мүлікке деген махаббаттарың күшті болған күнде де, Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарын орындаудағы қиындықтарды көтере білулерің үшін, сендерге Аллаһ үлкен сауап дайындап қойған.
Кейбір ғалымдар бұл аят туралы былай деп айтты:
«Күйеулері Мәдинаға һижрет еткісі келгенде, әйелдері мен балалары оларды жібермей, «Аллаһтың атымен сұраймыз, бізді тастама, бізді тіршіліксіз қалдырма!» – деп жармасатын.
Алайда, бұлай деу әлсіздеу, өйткені бұл аят Мәдинада түскен, ал ондай әрекеттер Меккеде болған. Тек егер олар Меккеден Мәдинадағы туыстарына осылай деп хат жазған болса ғана, бұл мағына үйлесуі мүмкін. Дұрысын Аллаһ жақсы біледі».