May 13

«Өзеннің арғы жағынан (мәуәран-нәһрден) бір адам шығады. Оны әл-Харис деп атайтын болады, ол —  Харрас. Оның алдыңғы шебінде Мансур деген кісі болады».

Хазіретті Әли, Аллаһу Тағала оған разы болсын, Пайғамбардың ﷺ былай дегенін жеткізеді: «Өзеннің арғы жағынан (мәуәран-нәһрден) бір адам шығады. Оны әл-Харис деп атайтын болады, ол — Харрас. Оның алдыңғы шебінде Мансур деген кісі болады. Қурайштер Аллаһ Елшісіне ﷺ көмектескені сияқты, ол Мухаммадтың әулетіне қоныс беруге немесе орнығуға көмектеседі және әрбір мүмін оған көмектесуге» немесе: «Оның шақыруына жауап беруге міндетті»» (Әбу Дәут риуаят еткен, хадис 4290/2).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5458) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Өзеннің арғы жағынан (мәуәран-нәһрден)) яғни, Бухара, Самарқанд секілді аймақтардан тақуа (адам шығады. Оны әл-Харис деп атайтын болады) яғни, оның есімі Харис болады және (ол — Харрас) яғни, диқаншы. (Оның алдыңғы) яғни, оның әскерінің алдыңғы (шебінде Мансур деген болады) яғни, «Мансур» сөзі — оның сипаты, яғни жеңімпаз деген мағынада (араб тілінде «Мансур» деген сөз - жеңімпаз дегенді білдіреді). Бұл хадиске қатысты: «Хадисте айтылып жатқан адам — Әбу Мансур әл-Матуриди. Ол — бүкіл әлемге танымал ұлы имам! Ол — ханафи ақидасының негізін қалаушылардың бірі», – деген де сөздер айтылған.

Алайда, хадистің «имам Мәһди» тарауда келуі бұл пікірге толық сай келе бермейді. Дегенмен, бұл хадисті Әбу Мансур әл-Матуриди жайында болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығара алмаймыз. Аллаһу Тағала жақсырақ біледі.

Өйткені бұл тарау — Қиямет белгілері туралы, сондықтан хадис Мәһдиге де, басқа тұлғаларға да қатысты болуы ықтимал.

Қожа Убайдуллаһ әс-Самарқанди ән-Нақшбандиден – Аллаһ оны рахым етсін – жеткен сөзде: «Хадисте айтылған «жеңімпаз» — Қызыр». (Қурайштер Аллаһ Елшісіне ﷺ көмектескені сияқты): Бұл жерде "олардың ішінен иман келтіргендер" меңзеліп тұр. ат-Тыйби айтты: «Құрайыш тайпасы Аллаһ Елшісіне ﷺ көмек көрсетті, бірақ ол көмекті олар басында емес, кейінірек берді. Басында Құрайыштар Пайғамбарымызды ﷺ Меккеден қуып шыққан еді, ал кейін олардың ұрпақтары Ислам дінін қабылдап, Пайғамбарымызға ﷺ тірі кезінде де, қайтқаннан кейін де жәрдем беріп, жерлерін де, басқа мүмкіндіктерін де пайдаланып көмектесті»; (ол Мухаммадтың әулетіне) яғни, Оның ﷺ ұрпағы мен жалпы әулетіне, нақтырақ айтқанда, Мәһдиге (өйткені Мәһди Пайғамбардың ﷺ ұрпағынан) немесе ал шынайы мағынасы — Мухаммедке ﷺ және Мәһдиге (қоныс беруге) яғни, бір нәрсені бекіту, орнықтыру деген мағына береді. «Қоныс беру» сөзінің түпкі мағынасы — біреуге мекен ететін орын беру (оны бір жерге тұрақтандыру) (немесе) риуаятшының күмәні немесе жалғаушы мағынада да болуы мүмкін (орнығуға көмектеседі) яғни, ол (адам) өзінің мал-дүниесімен, қазынасымен және қару-жарағымен қажетті себептерді әзірлейді, халифат ісін орнықтырады, оны күшейтеді және өз әскерімен қолдау көрсетеді (және әрбір мүмін оған көмектесуге ) яғни, — әл-Хариске көмек дегенді білдіруі мүмкін, бұл – сыртқы мағына. Немесе әл-Мансурға көмек көрсету дегенді білдіреді, бұл – мағына жағынан күштілеу. Немесе екеуінің біріне көмек деген мағынада. Немесе хадистің жалпы контексіне (мәнмәтініне) қарай бұл — Мәһдиге көмек көрсету дегенді білдіреді. Себебі әл-Харис пен әл-Мансур өз елдерінде және жолай кездескен адамдарға үстемдік ету арқылы Мәһдидің жақтастары болып табылады.; (немесе) бұл – риуаятшының күмәні: («Оның шақыруына жауап беруге міндетті»). Мағынасы – оның (хадисте айтылған адамның) шақыруын қабылдау және оған көмек көрсетуге міндетті».