﴾Ерлер әйелдерге басшы﴿.
﴾Ерлер әйелдерге басшы﴿. «Ән-Ниса», 34-аят.
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Тәпсір иелері бұл аяттың ерлі-зайыптылар туралы түскенін айтқан. Бұған дәлел — Аллаһтың келесі сөзі: ﴾ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) қаржы-қаражат жауапкершілігін арқалағандығы﴿. Бұл жердегі ерлер — әйелін асырау міндеті жүктелген күйеулер екендігіне анық ишара бар.
Осы аят әйелдің нәпақасын (күнделікті тұрмыс шығындарын) күйеуі өтеуі міндет екенін білдіреді. Бұл жайында бүкіл мұсылман ғалымдарының ижмасы (бірауызды пікірі) бар.
Сондықтан да ерлер – әйелдерге басшылық етушілер. Аллаһ Тағала оларды (әйелдерді) әлсіз етіп, табыс табу, кәсіпке араласу және өз қажеттіліктерін толық өтеу істерінде шамасыз қылған. Сол себепті ерлер – әйелдерге басшылық жасаушылар, олардың істерін реттеушілер, қажеттіліктерін орындаушылар, осының бәріне жауапты адамдар болып табылады.
Сондықтан ерлерге әйелдердің мүдделерін қорғау, қызметтерін атқару парыз етілді. Дегенмен, егер әйелдер өз істерін өздері жүргізсе, [өз қажеттіліктеріне керекті заттарды сатып алу немесе сату секілді] сауда‑саттықпен, ішіп‑жеу, күнделікті қажеттілікпен және басқа да нәрселермен өздері шұғылданса – бұл да рұқсат.
Неке мәселесінде де осылай: ерлер әйелдерге басшылық етушілер болса да, егер әйелдер [күйеуінің рұқсаты қажет болмаған және шариғатқа қайшы келмеген] өз істерін өздері атқарып, оны өз қолдарына алса – бұл да басқа рұқсат етілген нәрселер сияқты рұқсат етіледі.
Ибн Аббас (Аллаһ ол екеуінен разы болсын) аят туралы айтты: «Яғни, ерлер — әйелдердің әміршілері. Әйел Аллаһ бұйырған нәрселерде күйеуіне бағынуы тиіс. Бұл бағыну — оның күйеуінің отбасына жақсы қарауы, мал-мүлкін қорғауы болып табылады. Ал еркектің артықшылығы — оның әйелін асырауымен және кең мүмкіндіктерімен көрінеді».
Айтылады: «Бұл аят бір еркек әйелінің бетінен шапалақпен ұрғаны жөнінде түскен. Әйелі күйеуінің төсегінен бас тартып, Аллаһ Елшісіне ﷺ шағымданады. Ол: “Уа, Аллаһтың Елшісі! Мені пәленше күйеуім шапалақпен ұрды. Міне, оның қолының ізі жүзімде тұр”, — деді.
Сонда Пайғамбарымыз ﷺ оған: “Сен де одан кек ал (яғни, соққының қарымтасын қайтар)”, — деді. Ол кезде ер мен әйел арасында шапалақ, жарақат немесе соққы болғанда кек қайтару (қисас) үкімі жүретін.
Сол сәтте Пайғамбарымыз ﷺ Жәбірейілді көріп, оған: “Тоқтай тұр! Мәселең жөнінде Жәбірейіл не алып келетінін күтейік”, — деді. Сонда Жәбірейіл осы аятты алып келді: ﴾Ерлер әйелдерге басшы. Мұның себебі, Аллаһтың кей адамдарды кейбіреуінен артық жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың қаржы-қаражат жауапкершілігін арқалағандығы﴿.
Яғни, ерлер әйелдердің тәртіптері мен ахлағына қатысты істерде билік жүргізуге уәкілетті».
Тағы да айтылады: ерлердің әйелдерден артық болуы — олардың ақыл-парасатында, мирас алуда және (соғыстан түскен) олжадағы үлесінде көрінеді. Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі.
Сосын Аллаһ Елшісі ﷺ былай деді: «Біз бір үкім бермек болдық, ал Аллаһ басқа үкім түсірді. Аллаһтың қалағаны — біздің қалағанымыздан жақсырақ».