September 16

Әйелдің күйеуінің мүлкінен садақа беру бабы.

1947. Айша анамыз риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Егер әйел үйіндегі азық-түліктен ысырап етпей жұмсаса, ол жұмсағаны үшін сауап алады. Күйеуі де өз табысы үшін сауап алады. Сондай-ақ қазынашы (қор сақтаушы) да сондай сауап алады. Бұл үшеуінің ешқайсысының сауабы бір-бірінен кемімейді». Хадисті имам Бұхари мен Муслім риуаят еткен.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1947/1948/1951) кітабында хадистердің түсіндірмесінде айтты:

«(«Әйел үйіндегі азық-түліктен ысырап етпей жұмсаса) яғни, шамадан тыс шығынға салынбай, орынсыз көп жұмсамай садақа етсе. Бұл күйеуінің ашық рұқсатымен немесе ишара арқылы рұқсат еткеніне қатысты деп түсіндірілген. Тағы бір пікір бойынша, бұл хадис хижаздықтардың әдетіне байланысты айтылған. Өйткені олардың әдетінде әйелдеріне және қызметшілеріне қонаққа ас беруіне, міскін мен көршілерге тамақ таратуына рұқсат ететін. Сондықтан Аллаһ Елшісі ﷺ үмметін осы жақсы әдетке, мақтаулы қасиетке үндеген; (ол жұмсағаны үшін сауап алады) яғни, шығарған садақасы себепті. (Күйеуі де өз табысы үшін сауап алады) яғни дүние тапқаны үшін. (Сондай-ақ қазынашы (қор сақтаушы) да сондай сауап алады) яғни, садақа бергендіктен. ( Бұл үшеуінің ешқайсысының сауабы бір-бірінен кемімейді») яғни, сауаптан да, амалдан да ештеңе азаймайды.

Ат-Тыйби айтты: «Бұл – ас ішуге дайындалған тамақ, әйелге жұмсауға еркіндік берілген және соған қазынашы белгіленген жағдай. Егер әйел ысырапсыз түрде өзін және қамқорлығындағы адамдарды тамақтандырса, оған да сауап жазылады». Бұл хадис (күйеуінің рұқсатынсыз) садақа етуге рұқсат екеніне анық дәлел болмайды. Бірақ кейінгі хадис күйеуінің рұқсатынсыз садақа етуге болатындығын көрсетеді.

«Сүннетті тірілтуші» (әл-Бәғауи) былай деді: «Ғалымдардың басым көпшілігі әйелге күйеуінің мүлкінен рұқсатсыз садақа етуге болмайды деп есептеген. Қызметшіге де сол үкім жүреді. Ал рұқсатты білдіретін хадистер хижаздықтардың әдетіне байланысты айтылған. Олар әйелдеріне және қызметшілеріне қайыршы келгенде немесе қонақ түскенде садақа беруге және ас беруге еркіндік беретін».

Аллаһ Елшісі ﷺ айтқан хадисінде: «Ыдысыңды қатты қысып ұстама (яғни, саран болма), әйтпесе Аллаһ та саған бермейді». (Хадисті имам Бұхари мен Муслім риуаят еткен).

1948. Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Егер әйел күйеуінің тапқан малынан оның рұқсатынсыз жұмсаса, оған (әйелге) соның сауабының жартысы жазылады». Хадисті имам Бұхари мен Муслім риуаят еткен

«(«Егер әйел күйеуінің тапқан малынан) яғни, оның мүлкінен (оның рұқсатынсыз) бұл, әйелдің күйеуінің разылығын білетін жағдайына қатысты немесе әдетте рұқсат сұралмайтын кішігірім нәрселерге қатысты дүниесін (жұмсаса) яғни, садақа етсе, (оған (әйелге) соның сауабының жартысы жазылады») бұл жайлы былай делінген: «Егер әйел өзіне жұмсалатын нәпақадан артық күйеуінің малынан алып садақа етсе, артық алғанын өтеуі тиіс¹. Ал егер күйеуі бұл жайлы біліп, разы болса, онда әйелге өз нәпақасынан садақа еткені үшін жарты сауап жазылады, ал күйеуіне – өзінің хақысы болып табылатын артық малдан садақа еткені үшін жарты сауап жазылады. Өйткені артық бөлігі – күйеуінің хақысы».

¹Әйел өз нәпақасынан қалағанынша садақа қыла алады. Бірақ нәпақасынан артық кеткені – күйеуінің мүлкі, ол үшін күйеуінің ризалығы міндетті. Мұндай жағдайда ол рұқсатсыз істегендіктен, күйеуіне қарыз болып есептеледі. Мысалы, әйелдің нәпақасы жүз мың теңге дерлік, егер әйел жүз елу мың теңге садақа етсе, елу мың теңге күйеуінің мүлкі болып есептеліп, артығын өтеу керек.

1951. Әбу Умама риуаят етті: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ қоштасу қажылығындағы құтпасында былай дегенін естідім: «Әйел күйеуінің үйінен оның рұқсатынсыз еш нәрсе жұмсамасын». Адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, тамақтан да ма?» – деп сұрады. Ол ﷺ: «Ол – біздің ең қадірлі мал-мүлкіміз», – деп жауап берді». Хадисті имам Тирмизи риуаят етті.

«(«Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ қоштасу қажылығындағы құтпасында былай дегенін естідім: «Әйел күйеуінің үйінен оның рұқсатынсыз) бұл тыйым мағынасында (еш нәрсе жұмсамасын»). «Әл-Мисбах» кітабында: «Әйел күйеуінің рұқсатынсыз оның үйінен еш нәрсе жұмсамасын» – деп келтірілген. Яғни күйеуінің рұқсаты ашық түрде берілген болса немесе ишарамен білдірілген болса ғана рұқсат етіледі. (Адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, тамақтан да ма?» – деп сұрады. Ол ﷺ: «Ол – біздің ең қадірлі мал-мүлкіміз¹», – деп жауап берді»). Кейбір нұсқаларда: «Адамдардың ең құнды мүлкі» деп келеді. Мағынасы: егер азық-түлік сияқты құндылығы азырақ дүниеден күйнуінің рұқсатынсыз садақа етуге рұқсат болмаса, онда құндылығы одан да жоғары тамақтан садақа етуге қалай рұқсат болмақ?!».

¹Яғни, күнделікті тұрмыста ең жиі жұмсалатын және ең жиі таратылатын мүлік мағынасында.