July 25

«Кез келген мұсылман бір әйелдің сұлулығына алғаш рет көз салып қойып, содан кейін көзін түсірсе...»

Хазіретті Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кез келген мұсылман бір әйелдің сұлулығына алғаш рет көз салып қойып, содан кейін көзін түсірсе, Аллаһу Тағала ол үшін жүрегінде ләззатын сезінетін ғибадат нәсіп етеді». Хадисті Ахмад жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3224) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Кез келген мұсылман бір әйелдің сұлулығына алғаш рет көз салып қойып) яғни, қалауынсыз назары түсіп кетсе, (содан кейін көзін түсірсе) яғни, көзін жұмса немесе теріс айналса, (Аллаһу Тағала ол үшін) яғни, ол бұрын жасамаған (жүрегінде ләззатын сезінетін) яғни, көзін түсіру нәпсі мен еркектің табиғатына ауыр болса да Аллаһу Тағаланың әмірін орындағаны үшін ғибадаттың ләззатын сезеді. Әт-Тыйби айтты: «Пайғамбар ﷺ мұнымен Аллаһу Тағаланың мына сөзіне ишара жасады: ﴾(Уа, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын (яғни, бөтен әйелдерге және өзге ер кісілердің әуреті сынды қарауға болмайтын нәрселерге қарамасын)! Сондай-ақ абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сол оларға әлдеқайда «әзкә»﴿ [ән-Нұр: 30]. (Араб тілінде «әзкә» сөзінің екі мағынасы бар:) тазалық, не өсу (зекет сөзі осы «зәкә» сөзінен шығады). Тазалық, ол өсуге де қатысты және Аллаһу Тағала құлын жаратылған мақсатына, яғни ғибадатқа есік ашуынан асқан кемел әрі жақсы өсу жоқ. Оның кемелдігі – құлшылық ләззатын табуы және жалпы құлшылық пен шариғатқа мойсұнуда табылатын шаршаудан арылуы. Пайғамбарымыз ﷺ: «Намаз көзімнің қарасы. Уа, Біләл азан шақыр», – деп осы мақамға ишара етті, (ғибадат нәсіп етеді») яғни, ғибадат қылуда\әмірлеріне мойсұнуда оған жәрдем береді. (Хадисті Ахмад жеткізді) сондай-ақ, ат-Табарани мына сөзбен жеткізді: «Кез келген мұсылман бір әйелдің сұлулығына алғаш рет көз салып қойып, содан кейін көзін түсірсе, Аллаһу Тағала ол үшін жүрегінде ләззатын сезінетін ғибадат нәсіп етеді».