«Әрбір туылған сәби фитрада туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы мәжус қылады».
Хазіретті Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісінен ﷺ айтты:
«Әрбір туылған сәби фитрада туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы мәжус қылады. Бұл – малдың кемшіліксіз, бүтін төл тууы сияқты. Сен оның ішінде мүгедек болып туғанын көресің бе?».
Содан кейін Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) мына аятты оқитын:
«﴾Бұл сондай дін – Аллаһ күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты, (адамзаттың жаратылыс мақсаты да – сол хақ дінге бет бұру болып табылады)﴿ («Рум» сүресі, 30-аят).
Шейх Мухаммад Әли ас-Сабуни әл-Ханафи өзінің «әш-Шарх әл-муяссар ли-Сахих әл-Бухари» кітабында (1358-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Әрбір туылған сәби фитрада туылады). Яғни Аллаһ жаратқан әрбір пенде тура дінде, яғни әуелгі таза болмыс діні болған Ислам дінінде дүниеге келеді. Демек, ол дүниеге келген сәтінде иман үстінде болады.
(Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы мәжус қылады). Яғни әкесі мен анасы оның әуелгі таза болмысын бұзады: егер өздері яһуди болса – оны яһуди етеді, христиан болса – христиан етеді, ал отқа табынатын мәжус дінінде болса – оны мәжуси етеді.
(Бұл – малдың кемшіліксіз, бүтін төл тууы сияқты. Сен оның ішінде мүгедек болып туғанын көресің бе?») Яғни қой қалай жаратылысы толық, кемшіліксіз болып туса, онда ешбір ақау да, кемістік те болмайды. Кемшілік кейін адамдардың іс-әрекетінен пайда болады: мысалы, құлағын кесу немесе еркек малды піштіріп қою сияқты.
(Содан кейін Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) мына аятты оқитын) яғни, «Қаласаңдар, мына аятты оқыңдар»: ﴾Бұл сондай дін – Аллаһ күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты, (адамзаттың жаратылыс мақсаты да – сол хақ дінге бет бұру болып табылады)﴿ («Рум» сүресі, 30-аят))».
«Аллаһ Елшісі ﷺ бізге әрбір адамның Аллаһ тарапынан таза болмыспен жаратылатынын баян етеді. Яғни ол иман мен таухид үстінде дүниеге келеді. Алайда оны бұзатын – қоғам, әсіресе әке-шешесі. Өйткені баланың түзулігі немесе бұзылуы, тура жолда болуы немесе адасуы көбіне соларға байланысты.
Егер бала болмысымен өз күйінде қалдырылса, ол иман мен таухид үстінде өсіп, ізгілік пен жақсылық жолында өмір сүрер еді. Балаға ең жақын адамдар – ата-анасы. Сол екеуі оны тура жолдан адасуға, иманнан күпірлікке бұрып жіберуі мүмкін. Егер ата-анасы адасқан болмаса, бала да өз болмысы бойынша таза жүректі, дұрыс сенімді, ізгілік пен кемелдік жолын ұстанған күйінде қалар еді.
Қараңыз – Аллаһ сізді сақтасын – Аллаһ Елшісі ﷺ келтірген ғажайып әрі көркем мысалға. Ол жаңа туған сәбиді Аллаһ Тағала кемшіліксіз, әдемі бейнеде жаратқан қойға ұқсатты. Ол қойда ешбір кемістік те, ақау да болмайды. Бірақ кейін адамдар оның сұлулығын өздері бұзады: мұрнын немесе құлағын кеседі, әртүрлі әрекет жасап, ақырында оны кемтар, бейнесі бұзылған хәлге түсіреді.
Біріншісі: Кәпірлердің балалары да таухид үстінде, яғни таза болмыспен дүниеге келетіні баяндалады.
Екіншісі: Олардың бұзылуына себеп – ата-анасы. Солар баланы тура жолдан адасуға бұрады.
Үшіншісі: Егер бала шариғи міндет жүктелетін жасқа жетпей қайтыс болса, жасаған іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды. Ал оның болашақта не істерін Аллаһ жақсырақ біледі».