December 2, 2024

 «Пайғамбарымыз ﷺ Медина келген кезде Медина халқының екі күнді мейрамдап ойын-сауық салып жүргенін көреді...

Хазіретті Әнәс айтты: «Пайғамбарымыз ﷺ Медина келген кезде Медина халқының екі күнді мейрамдап ойын-сауық салып жүргенін көреді. Сөйтіп Пайғамбарымыз ﷺ:
- Бұл қандай күндер? -деп сұрақ қояды.

Медина халқы:
- Біздер жаһилиятта (қараңғылық кезде) бұл күндері ойын-сауық құратын едік деп жауап береді.

Пайғамбарымыз ﷺ оларға:
- Расында Аллаһу Тағала ол екі күндеріңді сендерге ол екеуінен де қайырлы болған Ораза және Құрбан айт мейрамдарымен ауыстырып берді - деді». Хадисті Әбу Дәуіт риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкәт әл-Мәсабих» (хадис нөмірі 1439, екі айт намаз бабында) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Пайғамбарымыз ﷺ Медина келген кезде) яғни, Меккеден һиджра жасап келгенде. (Медина халқының екі күнді мейрамдап ойын-сауық салып жүргенін көреді): бұл екі күн Наурыз бен Миһраджан күндері болатын. Солай хадис түсіндірмешілері айтқан. Хазіретті Әлиге, Аллаһу Тағала одан разы болсын, наурыз күні тәттілер ұсынылғанда: «Бұл не?», - деп сұрайды. Олар: «Наурыздың құрметіне», - деп жауап береді. Сонда хазіретті Әли, Аллаһу Тағала одан разы болсын: «Бізде күнде наурыз», ал миһраджанда ұсынылғанда: «Бізде күнде миһраджан», - дейді» (Хазіретті Әлидің, Аллаһу Тағала одан разы болсын, бұл сөзі Наурызды мақтау емес, керісінше даттау. Мағынасы: «Біз бұл екі күнге мұқтаж емеспін, өйткені бізде күнде мейрам, күнде қуаныш», - деген).

Наурыз күннің Оқты белгісіне өтетін алғашқы күні және күн күнтізбесі бойынша Мұхаррам айы секілді жыл басы болуымен әйгілі. Ал Миһраджан Наурызбен салыстырғанда, бұл Таразының бірінші күні болып табылады. Бұл күндері ауа-райы орташа: ыстық та, суық та болмайды, түн мен күн теңеседі. Өз уақытындағы философтар бұл күндерді мерекеге таңдаған және халық олардың ақыл-ойының кемелдігіне сенгендіктен оларға еліктеп, сол күндерді ойын-сауық, мейрам етіп алған. Сосын пайғамбарлар келіп, бұл күндерді негізсіз деп таныды.

(Пайғамбарымыз ﷺ: - Бұл қандай күндер? -деп сұрақ қояды) яғни, бұл екі күн қандай күн деп сұрады. (Медина халқы: - Біздер жаһилиятта (қараңғылық кезде) бұл күндері ойын-сауық құратын едік деп жауап береді) яғни, Исламға дейінгі қараңғылық кездегі екі мейрам күндері деді.

(Пайғамбарымыз ﷺ оларға: - Расында Аллаһу Тағала ол екі күндеріңді сендерге ол екеуінен де қайырлы болған) яғни, Аллаһу Тағала бұл екі күнді (Наурыз бен Миһраджанды) ақыретте де және бұл дүниеде де қайырлы болған нәрсемен ауыстырды. Бұл жердегі «қайырлы» деген сөз «жақсырақ\абзалырақ» деген мағынада емес, (наурыз бен миһраджан мейрамдарында) ешқандай қайыр жоқ деген мағынада.

(Ораза және Құрбан айт мейрамдарымен ауыстырып берді - деді) хадисте Құрбан айт бірінші келуі, өйткені бұл өте ұлы мейрам.

Ат-Тыиби айтты: «Пайғамбар ﷺ бұл екі күні, яғни наурыз бен миһраджан күндері, ойын-сауыққа және қуануға тыйым салып, ғибадат етуді бұйырды. Өйткені шынайы ләззат ғибадатта ғана. Аллаһу Тағала айтты: {(Уа, Пайғамбар!) Оларға: «Бұл тек Аллаһтың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», - деп айт} («Жүніс», 58 аят)».

Әл-Мазһар айтты: «Бұл хадис наурызды, миһраджанды және кәпірлердің басқа да мерекелерін дәріптеуге тыйым салынғанына дәлел».

Әбу Хафс әл-Кәбир әл-Ханафи айтты: «Кімде-кім Наурыз мейрамында сол күнді құрметтеп, мүшрікке сыйлық ретінде жұмыртқа берсе, Аллаһу Тағалаға күпірлік танытты және оның сауап амалдарының барлығы жойылды».

Қазы Әбу әл-Мухасин әл-Хасан ибн Мансур әл-Ханафи (әйгілі Қадихан) айтты: «Кімде-кім (Наурыз немесе миһраджан күндері) әдетті сатып алмайтын нәрсе сатып алса немесе сол күндері басқа біреуге сыйлық берсе және сол ісімен кәпірлер сол күндерді тағзым еткені секілді тағзым етуді қаласа, кәпір болды. Ал егер (әлгі екі күні әдетте сатып алмайтын нәрселер сатып алған сәтте) өзі рақаттануды және бой жазуды немесе сыйлыққа берген сәтте әдеттегі жақсылық жасауды ниет етсе, күпірлік емес, бірақ кәпірлерге ұқсау мәкруһ болғандықтан (өйткені бұл күндері кәпірлер бір-біріне сыйлық жасап, тәттілер алып қуанатын болғандықтан) ондай істерден алыс болған жөн».