June 29

«Рибаның (өсімқорлықтың) 70 тармағы бар. Рибаның ең жеңілі – ер адамның өз анасымен жақындасуы сияқты».

Хазіретті Әбу Һурайрадан, оған Аллаһ разы болсын, айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Рибаның (өсімқорлықтың) 70 тармағы бар. Рибаның ең жеңілі – ер адамның өз анасымен жақындасуы сияқты». Хадисті әл-Баһақи өзінің «Шуғабу әл-Иман» кітабында және Ахмад риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2826) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Рибаның (өсімқорлықтың)) яғни, күнәсінің (70 тармағы бар) яғни, риуаятта айтылғандай риба күнә жағынан 70 түрі немесе 70 дәрежесі бар. (Рибаның ең жеңілі) яғни, 70-тің ішіндегі ең жеңіл түрі және дәреже жағынан ең төмеңгісі (ер адамның өз анасымен жақындасуы сияқты») яғни, өз анасымен қосылу сияқты. Басқа бір риуаятта: «Өсімқорлық жетпіс үш санаттан тұрады, оның ең кішісі адамның анасымен жақындасуы сияқты. Ең жаман өсімқорлық мұсылманның абыройын масақаралау (яғни, мұсылманның намысы Аллаһтың құзырында өсімқорлық секілді харам)». Бұл хадисті Мәлик Ибн Масғудтан жеткізген. Басқа бір риуаятта: «Өсімқорлық жетпіс екі санатқа жатады, оның ең азы - еркектің анасымен жақындасуы сияқты. Өсімқорлықтың ең жаманы адамның мұсылман бауырының абыройына қолсұғу». Бұл хадисті ат-Табарани «әл-Әусат» кітабында әл-Барадан жеткізген. Бұл екі хадис өсімқорлықтың күнә жағынан зинадан ауыр екенін көрсетеді. Өйткені зина әдетте әйелдің разылығымен ғана болады, сондықтан да Аллаһу Тағала өз сөзінде зинақор әйел деп ердің алдына қойып көрсеткен: ﴾Зина қылған әйел мен зина қылған ер﴿ [«ан-Нур»: 2]. Әйтпесе, егер мәселе біз айтқандай болмаса (яғни, егер өсімқорлық зинадан ауыр болмаса) мұсылманның абыройын (яғни, адам өсімқорлыққа бару арқылы өз анасымен зина жасағандай күнә алып, ар-намасын) төгуден артық қандай күнә болуы мүмкін?! Өйткені жала жабудың дәрежесі зина күнәсынан төмен. Дұрысын Аллаһу Тағала жақсырақ біледі».