Yesterday

﴾Енді біреулері: «Олар жетеу еді, сегізіншісі ит болатын», – деп айтады﴿.

(Үңгір иелері және олардың басынан өткен ғибратты оқиғадан ғибрат алудың орнына) кейбіреулер: «Олар үшеу еді, төртіншісі ит болатын», – десе, кейбіреулері: «Олар бесеу еді, алтыншысы ит болатын», – дейді. Олардың мұнысы небәрі ғайыпты болжау ғана. Енді біреулері: «Олар жетеу еді, сегізіншісі ит болатын», – деп айтады. (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Олардың нақты санын Раббым бәрінен де жақсы біледі. Анығында, олардың жай-күйін білетін адамдар өте аз», – деп айт. Сондықтан олар жайлы ашық айтылған (білдірілген) ақиқаттардан өзге мәселелерде ешкіммен сөз таластырма һәм олар жайлы өздерінше сөз таластырып жүргендерден де еш нәрсе сұрама﴿. «әл-Кәһф» сүресі, 22-аят.

Әлемге әйгілі «Хашия ас-Сауи әлә әл-Джәләләин» («әл-Кәф» сүресінің, 22-аяттың) тәпсірінде:

«﴾Енді біреулері: «Олар жетеу еді, сегізіншісі ит болатын», – деп айтады﴿ яғни, олардың есімдері: Муксалмина, Тамлиха, Мартунус, Найнунис, Сарирунис, Зуниуас, Фәлистантинус¹. Ал иттің аты Қитмир, кебірі: Хумран деді. Кейбіреулер былай деген: “Балаларыңа үңгір иелерінің есімдерін үйретіңдер. Расында, оларды бір үйдің есігіне жазса, ол үй отқа күймейді; бір мүлікке жазса, ол ұрланбайды; бір көлікке жазса, ол суға батпайды”.
Ибн Аббастан (Аллаһ ол екеуінен разы болсын) жеткен: “Үңгір иелерінің есімдерінің қасиеттері мына тоғыз нәрседе пайда береді: бір нәрсені іздеу кезінде; қауіптен қашу үшін; өртті басу үшін – оларды матаға жазып, оттың ортасына лақтырса, Аллаһтың қалауымен өрт өшеді; балалардың жылауын басу үшін; безгек ауруына қарсы; бас ауруы үшін – оң иыққа байланады; балалардың шошыну ауруына қарсы; құрлықта және теңізде сапар шеккенде; мал-мүлікті сақтау үшін; ақыл-ойды дамыту үшін; күнәһарлардың құтқарылуы үшін”».

¹Үңгірде болған жігіттердің есімдері жайлы Құранда да, сахих хадистерде де нақты бір риуаят жоқ. Бұл мәселеге қатысты тәпсір кітаптарында әртүрлі пікірлер айтылған. Сондықтан олардың нақты есімдері осылар деп сенімді түрде айту мүмкін емес.