October 6

«Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Жақында үмбеттер табақтағы тамаққа үймелегендей, сендерге жабылады».

Хазіретті Саубан жеткізіп айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Жақында үмбеттер табақтағы тамаққа үймелегендей, сендерге жабылады».

Бір адам: — Сол кезде біз аз боламыз ба? — деп сұрады.

Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ, қайта сендер сол күні көп боласыңдар. Бірақ сендер ағын судың көбігі секілді боласыңдар. Аллаһ дұшпандарыңның жүрегінен сендерге деген үрейді алып тастайды және сендердің жүректеріңе әлсіздік тастайды» – деп жауап берді.

Сонда бір адам: — Уа, Аллаһтың Елшісі! Әлсіздік деген не? — деп сұрады.

Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Бұл – дүниені сүю және өлімді жек көру». Хадисті Әбу Дәуіт және әл-Байһақи өзінің «Дәләил ән-Нубуа» кітабында жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5369) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Хазіретті Саубан жеткізіп айтты): Ол – Пайғамбарымыздың ﷺ азат еткен құлы: (Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Жақында үмбеттер) яғни, кәпірлер мен адасқандар (табақтағы тамаққа үймелегендей) яғни, ешқандай кедергісіз, қарсыласусыз табақтан ас алып жегендей, сендерден де дүниелеріңді оп-оңай тартып алады: оларға ешқандай зиян да тимейді, бөгет те болмайды, қарсылық та кездеспейді, (сендерге жабылады») яғни, олар бір-бірін сендерге шабуыл жасауға, күш-қуаттарыңды сындыруға, иеленген мекендерің мен мал-мүліктеріңді тартып алуға шақырады.

(Бір адам: — Сол кезде біз аз боламыз ба? — деп сұрады). Яғни, «Біздің аздығымыздан бола ма?» — деген мағына.

(Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ, қайта сендер сол күні көп боласыңдар), яғни сан жағынан көп, бірақ көмек пен қуат жағынан әлсіз боласыңдар. Бұл сөздің мағынасын нақтылау үшін Пайғамбарымыз ﷺ әрі қарай: (Бірақ сендер ағын судың көбігі секілді боласыңдар) – деп жалғастырды.

Имам ат-Тыйби, Аллаһ оны рақымына алсын, бұл жердегі «көбік» сөзін былайша түсіндіреді: «Селдің үстіндегі көбігі мен қоқысы, яғни салмағы жоқ, пайдасыз, жеңіл нәрселер. Пайғамбарымыз ﷺ үмбеттің сол кезде батырлық пен ар-намыс жағынан әлсіз, абыройсыз, ой-санасы үстірт, ұстанымы тұрақсыз, үміті бытыраңқы болатынына ишарат еткен». (Аллаһ дұшпандарыңның жүрегінен сендерге деген үрейді алып тастайды және сендердің жүректеріңе) Аллаһ (әлсіздік тастайды» – деп жауап берді).

(Сонда бір адам: — Уа, Аллаһтың Елшісі! Әлсіздік деген не? — деп сұрады) – яғни, бұл әлсіздіктің себебі не, неден туындайды, оған не итермелейді?

Имам ат-Тыйби, Аллаһ оны рақымына алсын, айтты: «Бұл – әлсіздіктің түрін, табиғатын сұрау. Немесе сұрақ иесі «бұл әлсіздік қандай жолмен, қандай негізде пайда болады?» дегенді меңзеп тұрған болуы мүмкін».

(Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Бұл – дүниені сүю және өлімді жек көру»). Бұл екеуі – өзара тығыз байланысты. Дүниеге құмарту мен өлімді жек көру — бір-бірінен ажырамайтын хал. Осы екеуі адамды дұшпанға қарсы дінді төмендетуге, дінді сатып жіберуге, қорлануға, жауға бағынып беруге итермелейді.

Аллаһ бізді мұндай халден сақтасын. Өйткені біз дәл қазір осы сипаттармен сыналып жатқандаймыз. Біз сол жерде айтылған нәрселерге қатысты айтылғандай болдық». (Хадисті Әбу Дәуіт және әл-Байһақи өзінің «Дәләил ән-Нубуа» кітабында жеткізді)».