ЖАМАҒАТ НАМАЗЫНА ҮЛГЕРУ МӘСЕЛЕСІ
▪️ Кімде-кім өз кварталында жамағат намазын жіберіп алса, басқа мешітке барып сол жақтың жамағат намазына қатысу жағын қарау мустахаб немесе үйіне барып жан-ұясын жинап жамағат болып оқыса болады.
▪️ Егер адам үйінде парыз намазды оқып қойғаннан кейін дәл сол намазды оқиын деп жатқан жамағатқа барса, онда нәпіл намазға ниет етіп ұйып кетеді, бірақ бұл намаз бесін немесе құптан болу шартымен; егер таң намазы немесе екінті немесе ақшам намаздары болса, онда ұйымайды: өйткені таң мен екінтіден кейін нәпіл намаз оқуға шариғатта рұқсат жоқ; ақшам намазы үш ракағат, ал шариғат үш ракағаттық нәпіл намаз оқуға тыйым салған.
▪️ Егер жалғыз өзі парыз намаз бастап қойғаннан кейін жамағат намазға тұрса: егер бастап қойған парыз намазы екі ракағат таң намазы болса немесе үш ракағат ақшам намазы болса: егер екінші ракағаттың сәждесін жасап қойған болса, онда намазын екі сәлеммен аяқтап жамағатқа қосылады; егер үшінші ракағаттың сәждесін жасап қойған болса, онда намазын бұзбайды, бәлки бастап қойған парыз намазын жалғыз өзі аяқтайды.
Ал егер бастап қойған парыз намазы бесін, екінті немесе құптан намаздары секілді төрт ракағаттық болса: егер бірінші ракағаттың сәждесін жасамаған болса, онда (екі жаққа сәлем беріп) намазын бұзады да жамағат намазына қосылады; егер бірінші ракағаттың сәждесін жасап қойған болса, онда оған екінші ракағатты қосып екі ракағат қылып аяқтайды да, жамағат намазына қосылады; егер үшінші ракағатты бастап қойса және үшінші ракағаттың сәждесін әлі жасамаған болса, онда (екі жаққа сәлем беріп) намазын бұзады да жамағат намазына қосылады; егер үшінші ракағаттың сәждесін жасап қойған болса, онда намазын бұзбайды, бәлки жалғыз өзі бастап қойған парыз намазын аяқтайды.
▪️ Егер жалғыз өзі парыз намазын аяқтаса: егер (жамағат оқып жатқан намаз) таң намазы немесе екінті намазы болса, онда жамағатқа ұйымайды; егер бесін немесе құптан намазы болса, онда нәпіл ниетімен имамға ұйып кетеді.
▪️ Егер нәпіл намаз оқып жатқанда жамағат парыз намазын бастап кетсе, онда бірден намазын бұзбайды, бәлки: егер төрт ракағат нәпіл намазға ниет еткен болса, онда нәпіл намазын екі ракағатқа толықтырып, кейін барып жамағат намазына қосылады.
▪️ Егер бесін немесе жұма намазының алғашқы сүннетін бастап қойғаннан кейін жамағат намазға тұрса: мәзһабымыздың заһир риуаяты бойынша намазды екі ракағаттан аяқтап, жамағат намазына қосылады; бірақ көпшілік фақиһтердің құзырындағы дұрыс көзқарас: бастап қойған сүннет намазын аяқтап (1), кейін жамағат намазына қосылады; ал егер үшінші ракағаттың сәждесін жасап қойған болса, онда барлық ғалымдардың бір ауызды пікірі бойынша бастап қойған сүннет намазан аяқтайды.
▪️ Егер парыз намазды жіберіп алу қауіпі болса, онда сүннет намазды бастамайды; егер ондай қауіп болмаса, онда бастаса болады, әйтседе тәрк еткен абзал; егер бесін намаздың сүннетін оқып жатқанда парыз намаздың бір ракағатын жіберіп аламын деген қауіп болса, онда сүннет намазын тәрк етеді және қазасын бесін намазының соңғы екі ракағатынан кейін оқығаны абзал. Бұл мәселе таң намазының екі ракағат сүннетіне қатысты емес. Ал таң намазының екі ракағат сүннет намазына келетін болсақ: егер имамға ұйуға үлгеремін деп ойласа, онда екі ракағат сүннетін оқып алады; егер имамға үлгермеймін десе, онда сүннетін оқымай жамағат намазына қосылады және екі ракағат сүннетін күн шыққаннан кейін өтеп алады (2).
▪️ Егер таң намазының алғашқы екі ракағат сүннетін сүннеттерімен, мустахабымен оқыған жағдайда жамағат намазын жіберіп аламын деген қауіп болса, онда намаздың сүннеттері мен мустахабын тәрк етіп, тек парыз, уәжібімен шектеледі.
▪️ Мешітте жамағат намазға тұрғанда сүннет намазын оқымайды, мейлі ол таң намазының сүннеті болсын немесе басқасы болсын. Егер жамағат намазға тұрса, таң намазының сүннетін мешіттің сыртында оқиды; егер мешіт сыртында намаз оқитын жер болмаса, онда (мешіттің бір шетіне барып) саптан\жамағаттан алыс жерге барып оқып алады.
▪️ Кімде-кім имамға ақырғы ташаһудқа ұйып үлгерсе, онда ол жамағат намазының абзалдығынан мақрұм қалды.
▪️ Кімде-кім имаммен бірге рукуғке үлгерсе, сол ракағатқа үлгерді; егер рукуғке үлгермесе, онда сол ракағатқа үлгермеді.
▪️ Адам мешітке кірген кезде имам рукуғте болса, сосын (имамның ракағатына қосылуға үлгеру үшін) тәкбір тахримді еңкейген күйі айтса, онда намазы дұрыс емес! Өйткені тәкбір тахримнің шарты тік тұрған күйі айту; егер тәкбір тахримді еңкейген күйі айтса, онда айтқан тахримі дұрыс емес, тәкбір тахрим дұрыс болмаса, онда намазы да дұрыс емес.
(1) Барынша тез оқып бітіруге тырысады.
(2) Асылында, біздің мәзһабта егер таң намазының екі ракағат сүннетін белгілі бір себеппен оқымай, тек парызын оқыса, онда ол сүннетті күн шыққаннан кейін қаза ретінде өтемейді. Ал Имам Мухаммад (Аллаһу Тағала оны рақымына бөлесін) күн шыққаннан кейін де қаза болған таң намазының сүннетін оқуды ұнататын (тақуалыққа жақын амал). Сондықтан Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуи бұл жерде тақуалық жолын меңзеген болуы керек.
Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 142-143 бет.