«Аллаһым! Мені харамнан сақтап, адал нәрсеңді жеткілікті ет! Өзіңнен басқаға мұқтаж етпей, Өз кеңшілігіңмен байыт!»
Хазіретті Әли ибн Абу Талибтен (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте: Оған бір мукәтәб келіп: «Мен келісімшарттағы ақшаны төлей алмай жатырмын. Маған көмектесіңіз», – деді.
Сонда хазіретті Әли (Аллаһ одан разы болсын) оған былай деді: «Саған Аллаһ Елшісі ﷺ маған үйреткен сөздерді үйретейін бе? Егер сенің мойныңда таудай қарыз болса да, Аллаһ ол қарызды сен үшін өтейді. Айт: «Аллаһым! Мені харамнан сақтап, адал нәрсеңді жеткілікті ет! Өзіңнен басқаға мұқтаж етпей, Өз кеңшілігіңмен байыт!»».
Бұл хадисті әт-Тирмизи және әл-Бәйһақи өзінің «әд-Дағуат әл-кәбир» атты еңбегінде келтірген.
Ал Джәбирден риуаят етілген «Иттер үруін естісеңдер...» деген хадис «Ыдыстарды жабу» бөлімінде айтылатын болады, Аллаһ қаласа.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2449) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Оған бір мукәтәб келіп) Мұндағы «мукәтәб» деген — бас бостандығын белгілі бір ақымен сатып алуға келісім жасаған құл. Бұл үкімнің егжей-тегжейі фиқһ кітаптарында түсіндіріледі: («Мен келісімшарттағы ақшаны төлей алмай жатырмын) яғни, ол төлеуі тиіс құны туралы – бұл құлдың өзінің иесімен келісімшарт жасаған ақшасы. Демек, иесіне төлеуі тиіс ақшасын төлейтін уақыт келіп жеткен, бірақ оның қолында ондай қаражат жоқ. (Маған көмектесіңіз», – деді) яғни, бұл көмекті мал-дүниемен де, дұғамен де сұрауы мүмкін. (Сонда хазіретті Әли (Аллаһ одан разы болсын) оған былай деді: «Саған Аллаһ Елшісі ﷺ маған үйреткен сөздерді үйретейін бе? Егер сенің мойныңда таудай қарыз болса да, Аллаһ ол қарызды сен үшін өтейді). Ат-Тыйби айтты: «(Хазіретті Әли (Аллаһ одан разы болсын)) бұл дұғаны үйретумен ғана шектелді. Себебі ол кезде оның қолында көмектесетіндей дүние болмаған шығар, сондықтан оны ең көркем түрде қайтарды. Бұл Құранда айтылған: ﴾Бір ауыз жылы сөз, біреудің айыбын жасыру һәм қатесін кешіру арты (қайыр-садақа алған адамды) ренжітуге ұласатын садақадан әлдеқайда қайырлы﴿ деген аятқа амал етуі. Немесе ол адамның жағдайына дұға көбірек лайық болғандықтан осылай істеген». (Айт) — бұл сөз Пайғамбарымыздың ﷺ сөзі болуы мүмкін, немесе Әлидің (Аллаһ оның жүзіне нұр берсін) сөзі болуы да мүмкін: («Аллаһым! Мені харамнан сақтап, адал нәрсеңді жеткілікті ет) яғни, харамнан аулақтатып, адалмен өмір сүруге күш-қуат бер! (Өзіңнен басқаға мұқтаж етпей, Өз кеңшілігіңмен байыт) яғни, Сенің кеңшілігің жеткілікті, мені Сеннен басқаға тәуелді етпе.
(Бұл хадисті әт-Тирмизи) яғни, «әс-Сунан» жинағында және (әл-Бәйһақи өзінің «әд-Дағуат әл-кәбир» атты еңбегінде келтірген). Әл-Хакимде риуаят еткен.
(Ал Джәбирден риуаят етілген «Иттер үруін естісеңдер...» деген хадис)
Хадистің толық нұсқасы «әл-Масабих» кітабында былай деп берілген: «Түнде иттердің үруі мен есектің ақыруын естісеңдер – Аллаһтың лағнеттелген шайтанынан Аллаһқа сыйыныңдар!»
«Олар» – яғни, иттер мен есектер – сендер көрмейтін нәрселерді көреді. Бұл сөз адамдарға қатысты, яғни адамдар көре алмайтын нәрселерді (мысалы, жын-шайтанды) көреді деген мағынада. Бұл сәтте жын-шайтандардың зиянынан сақтану үшін сыйныңдар.
(«Ыдыстарды жабу» бөлімінде айтылатын болады, Аллаһ қаласа) – яғни, бұл хадис сол тарауда айтылатын болады».