October 10

«Әл-Уәдиға» (аманат)

Аллаһу Тағала айтты: {Аллаһ сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды бұйырады} («ән-Ниса», 58 аят).

Пайғамбар ﷺ айтты: «Саған сеніп тапсырылған аманатты иесіне қайтарып бер және саған опасыздық жасаған адамға опасыздық жасама».

«Әл-Уәдиға» (аманат) сөзінің шариғаттағы анықтамасы:

Затты басқа адамның сақтауына бере тұру.

Оның үкімі:

  1. Аманатты алған адам оны сақтауы және иесі кері сұраған уақытта қайтарып беруі міндет.
  2. Бұл зат оның қолында аманат болады және ол аманат байқаусыздан құртылып кетсе, оның орнына толтырмайды.

Аманатты қолына алған адам оны өзі сақтауы міндет пе?

Аманатты қолына алған адам ол затты өзінде немесе әйелі мен бала-шағасы секілді жан-ұясында сақтаса болады.

Және аманатты өзге адамның қолына сақтауға беруге болмайды, егер үйі өртеніп, сол себепті аманатты көршісіне қалдыру секілді аса қажет жағдайлардан басқа.

Егер аманатты өзінде немесе жан-ұясында сақтамаса немесе аса қажетсіз біреуге берсе, кейін ол зат құртылса - аманатқа берген иесіне құртылған затты өтейді.

Аманатты салғырттық себепті құртып алса, құртылған аманатты өтеу міндет болған жағдайларға мысалдар:

  1. Егер аманатқа қалдырылған затты өзінің немесе басқа біреудің затымен араластырып жіберсе және ол араласқан заттарды қиындықпен ғана ажыратып алатын болса, мысалы: бидаймен арпаны немесе бір-біріне қатты ұқсайтын екі қағаз ақшаны араластырып жіберсе.
  2. Егер заттың иесі аманатқа қалдырылған затты сұраған уақытта аманатты қайтармай құртып алса (бұл егер аманатты зұлымдық себепті иесіне қайтармай құртып алса. Ал егер сапарда болу секілді қандай-да бір үзір себепті иесіне қайтара алмай құртып алса, онда құртылған затты өтеп бермейді).
  3. Егер аманатқа қалдырылған зат желінетін тамақ немесе жұмсалатын ақша болып, аманатқа қалдырылған тамақтың кейбірін жеп қойса немесе аманат ақшаның кейбірін жұмсап қойса, кейін қалған бөлігі (байқаусыздан) құртылып кетсе: онда тек жеп немесе жұмсап қойған бөлігін ғана өтейді.
  4. Егер аманатқа қалдырылған затты пайдаланса, мысалы: аманатқа қалдырылған жануарға мініп немесе аманатқа қалдырылған киімді киіп немесе аманатты жан-ұясынан болмаған басқа бір адамға беріп, кейін ол зат құртылса, онда иесіне өтеп береді.

Аманатқа байланысты қосымша үкімдер:

  1. Егер аманатты иесіне қайтару үшін қандай-да бір шығын кететін болса, бұл шығын заттың иесінің мойнында.
  2. Егер заттың иесі рұқсат берсе және аманат құртылып кетеді деген қорқыныш болмаса, онда аманатты алған адам сол затпен сапарға шықса рұқсат.
  3. Егер екі адам бір адамға аманат қалдырса, кейін екі адамның бірі келіп аманаттағы өз үлесін қайтаруды сұраса (Имам Әбу Ханифаның пікірі бойынша): екінші адам келмейінше оған оның үлесін бермейді (екі шәкіртінің пікірі бойынша берсе рұқсат).
  4. Егер заттың иесі: «Мына аманатты жан-ұяңға берме» немесе «әйеліңе берме», - деп айтса және кейін олардың біріне беріп, егер оларға берместен аманатты аман алып қалу мүмкіндігі болмаса (яғни: аманатты жан-ұясына немесе әйеліне бермей сақтау мүмкін емес), кейін аманат құртылса: иесіне өтеп бермейді. Егер аманатты оларға берместен аман сақтау мүмкін болса, бірақ сонда да жан-ұясына немесе әйеліне беріп зат құртылса, онда иесіне затты өтеп береді. Егер заттың иесі: «Затты тек мына үйде сақта!», - деп берсе және аманатты алған адам ауласындағы басқа үйде сақтаса: егер ауладағы үйлер аманатты сақтау жағынан бірдей болса (және кейін аманата байқаусыздан құртылып кетсе) онда иесіне затты өтеп бермейді; ал егер ауладағы екі аманатты сақтау жағынан тең болмаса (мысалы: аманат тұрған үйдің есігі немесе терезелері жоқ, қалаған адам кіріп-шыға береді), онда құртылған затты иесіне өтейді.

Шейх Мухаммад Әли ибн Шәфиқ ән-Нәдуй әл-Ханафи, «әл-Фиқһу әл-Муиассар мәғә Бидаяту әл-муфти уә ниһаяту әл-мустафти», 358-360 бет.