September 9

﴾(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Аллаһ жолында жұмсауға шақырылудасыңдар﴿.

﴾(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Аллаһ жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңдағы базбіреулер сараңдық танытуда. Ендеше, кімде-кім сараңдық танытса, тек өз-өзіне сараңдық танытып, өз-өзін көптеген жақсылықтан мақұрым еткені. Аллаһ – Ғани, ал сендер пақырсыңдар! Егер бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі һәм олар сендер сияқты болмайды﴿. «Мухаммад» сүресі, 38 аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«﴾(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Аллаһ жолында жұмсауға шақырылудасыңдар﴿: Яғни, ей, адамдар! Сендер Аллаһ жолында мал жұмсауға шақырылдыңдар. Бұл — Аллаһтың дінін үстем етуге, не Оған мойынсұнуға, не болмаса жиһадқа жұмсау деген сөз. Өйткені осы аталғандардың барлығына жұмсалған нәрсе — Аллаһ жолында жұмсалған болып есептеледі. Аллаһ жақсырақ білуші.

Алайда араларыңдағы базбіреулер сараңдық танытуда﴿: Аллаһу Тағала адамдардың мал-мүлкін шынайы түрде олардың меншігі етіп, тек сол мүлікті Оның бұйрығына сай, Өзіне бойсұнуда жұмсаған кезде ғана нағыз иелік орнайтынын білдірді. Өйткені егер олар Аллаһ әмір еткен жерге, Оның разылығы үшін жұмсаса, ол дүниенің пайдасын бұл дүниеде көреді: жан-дүниесі рақат табады, ләззат алады [яғни, мал-мүлкін дұрыс жолға жұмсағаны үшін өкініш, уайым, сараңдық дерті болмайды және Аллаһ жолына берудің өзі жүрекке рухани тыныштық сыйлайды]. Сондай-ақ, ол мүлік ақыретте де пайда әкеледі — адамның зәру, мұқтаж кезінде көмектеседі. Міне, осылайша бұл дүние шынымен де олардың меншігіне айналады.

Ал егер олар Аллаһ бұйырған жерге мал жұмсамай, сараңдық танытса — қолындағы дүние шынайы түрде олардың мүлкі саналмайды. Ол не артында қалған мұрагеріне тиеді, не себепсіз өзінен кетіп қалады. Бұл дүние оларға еш пайда әкелмейді. Сондықтан да Аллаһ Тағаланың: ﴾Ендеше, кімде-кім сараңдық танытса, тек өз-өзіне сараңдық танытып, өз-өзін көптеген жақсылықтан мақұрым еткені﴿ деген сөзінің мағынасы — осы. Өйткені ол дүниесін ақыретке керек кезінде өзіне пайдалана алмай, сол арқылы өзін құрдымға жібереді. Аллаһ жақсырақ білуші.

Кейбір ғалымдар бұл аятты былай түсіндірген: ﴾Алайда араларыңдағы базбіреулер сараңдық танытуда﴿ — яғни, садақа беруге және Аллаһқа бойсұну жолында мал-мүлік жұмсауға сараңдық қылады. ﴾ Ендеше, кімде-кім сараңдық танытса﴿ — яғни, Аллаһқа бойсұну мақсатындағы садақадан бас тартса, ﴾өз-өзін көптеген жақсылықтан мақұрым еткені﴿— яғни, (ақыреттегі) сауаптан өзін құр қол қалдырады. Аллаһ жақсырақ білуші.

Аллаһ – Ғани﴿ — сендердің мал жұмсауларыңа да, не нәрсеге жұмсауға бұйыруына да мұқтаж емес [яғни, ешкімге һәм еш нәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі]ал сендер пақырсыңдар﴿ — сендер өздерің жұмсайтын нәрсеге мұқтажсыңдар. Яғни, Аллаһ сендерге неге жұмсауды бұйырса — ол сендердің өздеріңе пайда әкелетін нәрсе. Бұл — (жаратушы) Аллаһқа қайтып келетін пайда емес және Ол өз қажеті үшін бұйырып жатқан жоқ. Керісінше, сендер бір күні осы жұмсағандарыңа (сауап ретінде) мұқтаж болатындарың үшін бұйырып отыр. Аллаһ жақсырақ білуші.

Аллаһ – Ғани﴿ — яғни, Ол сендердің мал-мүліктеріңе мұқтаж емес. ﴾ал сендер пақырсыңдар﴿, яғни Аллаһтың кешіріміне, ризығына, жәннаты мен рақымына мұқтажсыңдар.

Аллаһу Тағаланың мына сөзі: ﴾Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі һәм олар сендер сияқты болмайды﴿:

Кейбірі бұл аят туралы: «Мұнда айтылғандар — Мекке халқы. Олар Аллаһқа бойсұнудан бас тартып, теріс айналды. Ал Аллаһ олардың орнына Мединелік мұсылмандарды әкелді» — деп түсіндірген. Бірақ бұл түсіндіру әлсіз, өйткені бұл сүре — Мединеде түскен, ал ондай жағдайда ﴾Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі﴿ деген сөзді Мекке халқына қаратып айту қисынсыз болар еді.

Кейбір ғалымдар бұл аятты екі түрлі жолмен түсіндірген:

Біріншісі: ﴾Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі﴿ деген сөз — яғни, сендер теріс айналған жоқсыңдар, сондықтан Аллаһ та сендердің орныңа басқа қауымды алмастырмады.

Екінші пікір: олар (яғни, кейбір тайпалар) расында теріс айналды, сондықтан олардың орнына Наха’ғ Ахмас, Киндә руынан біраз адамдар келді. Ал теріс айналғандар — Ханзала, Әсад, Ғатафан және басқа белгілі рулар болды.

Ал Аллаһтың: ﴾һәм олар сендер сияқты болмайды﴿ деген сөзі — яғни, олар Аллаһқа бойсұнуда сендердей немқұрайлы болмайды, қайта Аллаһқа әлдеқайда мойынсұнғыш, кішіпейіл болады. Аллаһ жақсырақ білуші.

Айтылады: Аллаһ Елшісінен ﷺ ﴾Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі﴿ деген аят жайында сұралғанда, ол қолымен Салман әл-Фарисидің санына ұрып: «Жаным Оның құзырында болғанмен ант етейін! Егер дін Сурәйя жұлдызында (қол жетпестей биікте) болса да, ол жерге парсылардан ерлер жетер еді», – деді.

Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Мен бір қара бұлтты көрдім, оны артынан ақ бұлт қуып келе жатты. Сосын ақ бұлт қара бұлтпен араласып, бәрі бірге қозғалды». Сахабалар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Бұл көргеніңізді қалай жорыдыңыз?» — деп сұрады. Пайғамбар ﷺ айтты: «Бұл — ажамдар (араб еместер) сендермен діндеріңде де, тектеріңде де ортақтас болады», — деді. Сахабалар таңырқап: «Ажамдар ма, уа, Аллаһтың Елшісі?!» — деді. Пайғамбар ﷺ: «Иә! Егер иман Сурәйя жұлдызында ілулі болса, оған ажамдар жетер еді. Ал солардың ішінде иманға ең бақыттысы — парсылар болады», – деді.

Егер бұл хадис сахих деп танылса, онда араб еместерді арабтарға тең деп санауға болады дегенге дәлел болады. Өйткені Пайғамбар ﷺ: «Олар сендермен тектеріңде ортақ болады» деді. Егер текте ортақ болса, онда некеде, дін істерінде және ар-намыста тең деген сөз.

«Пайғамбардың ﷺ "Олар сендермен тектеріңде ортақ болады" деген сөзін былай түсінуге болады: арабтар оларды (яғни, ажамдарды) соғыс кезінде тұтқынға алады, кейін олардан бала туады. Осылайша, ажамдар арабтармен тектес (ұрпақтас) болып кетеді. Бұл — айтылған сөздің мағынасы болуы мүмкін. Аллаһ жақсырақ білуші.

Әбу Һурайра, Аллаһ одан разы болсын, мынадай хадис риуаят етеді: Аллаһ Елшісі ﷺ мына аятты оқыды: ﴾Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі﴿. Сахабалар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, қандай қауымды әкеледі?» — деп сұрады. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ Салман әл-Фарисидің иығына қолын қойып: «Міне — осы және оның елі», — деді.

Тағы бір риуаятта Пайғамбар ﷺ былай деген: «Жаным қолында болған Аллаһпен ант етейін! Егер иман Сурәйя жұлдызында (қол жетпес биікте) ілулі тұрса да, оған парсылардан ерлер жетер еді» — деген.

Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші. Аллаһтың сәлемі мен игілігі Пайғамбарымыз Мухаммедке және оның әулетіне болсын».