December 5, 2024

Діннен шыққан муртад үкімі

Имам Абдул-Ғани әл-Ғунайми әл-Майдани әл-Ханафи өзініңі «Мухтасар әл-Қудури» кітабына жазған шархы «әл-Любәб» («Муртад үкімі», 5\315-317) кітабында айтты:

• Егер мұсылман ер адам діннен шықса, Аллаһу сақтасын, оған дағуат жету үшін Ислам дінін қайта қабылдауды ұсынады, біздің мәзһабта бұл (дін қабылдауды қайта ұсыну) мустахаб. Солай «Дурр» кітабында келген».

• Егер ол адамда Исламға қатысты күмәні болса, онда оған күмәні негізсіз екенін түсіндіріп, қатесін баяндайды. Өйткені адам тек неше түрлі күмән себепті діннен шығады.

• (Басшының бұйрығымен) үш күнге қамауға алынады, бұл мәндуб. Ал егер (әлгі муртад өзінің ісі дұрыс-бұрысын жалғыз отырып ойланайын деп) қамауға алуды өзі талап етсе, онда оны қамау уәжіп.

• Үш күн бойы\әр күні оған Исламды қайта қабылдауды ұсынады. Егер дінді қайта қабылдаса, онда азат қылады.

• Және сол сияқты екінші рет діннен шықса да солай, бірақ (басшының бұйрығымен) шапалағын береді, сосын дінді қайта қабылдаса: шапалағын беріп, тәубесін ашық көрсетпейінше абақтыда қамауда болады. Егер қайта діннен шықса, онда жоғарыда айтылған кезекті қайта қайталайды. Солай «ат-Татархания» кітабында келген.

• «Әл-Һидая» кітабында тәубесінің қалай болатындығы туралы айтты: «(Иман сөзін айтқаннан кейін) Исламнан басқа барлық діндерден бас тартады». Егер (иман сөзін айтқаннан кейін) басқа діндерден бас тартса, онда жеткілікті (яғни, азат етіледі).

• Ал егер дінді қайта қабылдамаса, Пайғамбардың ﷺ: «Кімде-кім Ислам дінінен шықса, өлім жазасына кесіледі» деген хадисіне сай, (басшының бұйрығымен) өлім жазасына кесіледі.

Әйел адамның риддасы

• Ал егер әйел адам діннен шықса, Пайғамбар ﷺ ешбір әйелді өлтіруден тыйғандықтан - мейлі асылы кәпір болған әйел болсын немесе діннен шыққан муртад болсын - муртад әйел өлім жазасына кесілмейді. Бірақ Аллаһу Тағаланың ақысын орындамағаны үшін (яғни, таухид сөзін айтып мұсылман болғаннан кейін сол жолда бекім болмай Аллаһтың ақысына кіргені үшін) дінді қайта қабылдағанға дейін қамауда болады. Аллаһу Тағаланың ақысын солай қамауды болумен өтеуге мәжбүрлейді, адамдардың ақысын жеген адам (қамауда болғаны) секілді. Солай «әл-Һидая» кітабында келген.