October 16

Үкім беру — тек Аллаһқа ғана тән!

«Бұл қағида — ислам саясатының барлық негіздерінің түп-қазығы болып саналатын ең басты іргетасы. Оның мәні мынада: барша ғаламдағы шынайы Жоғарғы билік иесі — тек қана Аллаһу Тағала, ешкім де бұл билікке ортақтаса алмайды. Сондықтан кез келген мемлекеттегі билік иелері осы Жоғарғы Билікке мойынсұнуы тиіс.

Бұл қағиданы Құран Кәрім бірнеше аяттарда нақты түрде баян етеді. Аллаһу Тағала былай дейді:

(Қай мәселеде болмасын) кесімді үкім шығару бір Аллаһқа ғана тән﴿
«әл-Әнғам» сүресі, 57-аят; «Юсуф» сүресі, 40 және 67-аяттар
Біліп қойыңдар! Билік айтып, үкім шығару бір Аллаһқа тиесілі. Ол жауапқа тартуда өте жылдам﴿
«әл-Әнғам» сүресі, 62-аят
Бар билік, шексіз үстемдік бір Өзінің қолында және бәрің де Оған қайтарылудасыңдар﴿
«әл-Қасас» сүресі, 70-аят
Күллі аспан әлеміндегі және жердегі бар мүлік пен бар билік бір Аллаһқа тиесілі. Аллаһ барлық нәрсеге құдіретті﴿
«Әли Имран» сүресі, 189-аят
(Уа, Мухаммад!) Былай деп айт: «Уа, бар билік бір Өзіне ғана тиесілі болған Аллаһу Тағалам! Сен билікті қалағаныңа бересің һәм қалағаныңнан билікті тартып аласың. Сондай-ақ қалағаныңды үстем етесің және қалағаныңды қор қыласың. Жақсылық атаулы бір Өзіңнің ғана қолыңда. Шүбәсіз, Сен барлық нәрсеге толық құдіреттісің»﴿
«Әли Имран» сүресі, 26-аят

Ал енді Жоғарғы билік тек Аллаһу Тағалаға ғана тән болғандықтан, бұл дүниеде үкімет билігін қолына алатын адам – Аллаһу Тағаланың шариғатын жүргізетін, Оның жердегі орынбасары (халифасы) болып саналады.

Аллаһу Тағала Адам ата (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жаратылған кезде былай деген:

Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын», - дегенде...﴿
«Бақара» сүресі, 30-аят

Сондай-ақ, Дәуіт пайғамбарға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) үкімет билігі берілген сәтте Аллаһу Тағала оған былай деп үн қатқан:

Уа, Дәуіт! Біз сені жер бетінде (Біздің үкімдерімізді басшылыққа ала отырып билік жүргізетін) халифа қылдық. Ендеше адамдар арасында әділ билік айт. Нәпсіңнің қалауларына ерме, әйтпесе, ол сені Аллаһтың ақ жолынан тайдырып жібереді. Анығында, Аллаһтың ақ жолынан адасқандарға жауапқа тартылар күнді ұмытқандары үшін тым қатты азап бар﴿
«Сад» сүресі, 26-аят

Осы ұлы қағида арқылы ислам саясаты мен зайырлы демократия бір-бірінен ажырайды.
Зайырлы демократия халық билігін ең жоғары билік деп тануға негізделген. Бұл түсінікке сай, халық өзіне не қаласа, соны заңдастыра алады — ешбір бастапқы негізге немесе үкімге байланбастан. Тіпті, бұл философияда жақсылық пен жамандық деген ұғымдар салыстырмалы (өзгермелі) нәрселер, сондықтан оларда абсолютті жақсы немесе абсолютті жаман деген ұғым жоқ.

Халық (өз өкілдері арқылы парламентте) қандай да бір нәрсені жақсы деп таныса — ол жақсы, егер жаман десе — ол жаман болып есептеледі. Бұл үкімдер үнемі өзгеруі мүмкін: кеше жаман саналған нәрсе, бүгін парламент шешімімен жақсы болып кетуі мүмкін, және керісінше де болуы мүмкін.

Мысалы, егер парламент халықтың қалауы бойынша екі ер адамның немесе екі әйелдің жыныстық қатынасқа түсуіне рұқсат беру қажет деп шешсе — бұл іс жақсы болып саналады, тіпті олардың некелесуіне де рұқсат берілуі мүмкін. Ал енді осы жағдайға қарсы шыққандардың дауыстары — жамандық ретінде қабылданып, қарсылыққа ұшырайды.

Ал ислам мемлекеті болса, ол Жоғарғы Құдайлық Билікке мойынсұнады.
Онда абсолютті жақсылық пен абсолютті жамандықты анықтайтын тұрақты өлшемдер мен қағидалар бар. Халықтың нәпсілік қалаулары бұл тұрақтылықты өзгерте алмайды. Аллаһу Тағала былай дейді:

Егер жер бетіндегілердің көпшілігінің сөзіне еріп, ырқына көнетін болсаң, сені Аллаһтың ақ жолынан адастырып жібереді. Өйткені олар (ілімнің емес) құр болжалдың жетегінде жүреді, әрі тек қу нәпсінің өлшемдеріне, әуейіліктері мен бас пайдаларына қарай үкім айтады﴿
— «әл-Әнғам» сүресі, 116-аят.
Егер ақиқат олардың ерік-қалауына ерген болса, онда сөзсіз, күллі аспан әлемінің, жердің және онда тіршілік еткендердің бәрінің жүйесі бұзылып, күл-талқаны шығар еді. Әйтсе де, Біз оларға екі дүниеде де бақытты да абыройлы болуы үшін бұл өмірде ұстануы тиіс насихат пен нұсқаулар жиынтығын тарту еттік. Алайда олар өз бақыты мен абыройынан сырт айналуда﴿
— «әл-Мүминун» сүресі, 71-аят.
(Уа, Мухаммад!) Соған қарамастан (күпірлікте қасарысқан) кітап иелеріне қанша аят, қанша дәлел келтіріп, қанша жерден мұғжиза көрсетсең де, олар бәрібір сенің құбылаңа қарамайды. Әрине, сен де олардың құбыласына қарамайсың. Олар да (өзара алауыз болғандықтан) бір-бірінің құбыласына қарамайды. (Олар бір нәрсе білгеннен емес, нәпсілеріне ергендіктен солай істеуде). Ендеше, өзіңе мұншама ілім берілгеннен кейін, солардың әуейіліктеріне еріп, айтқанымен жүретін болсаң, онда (күнәға белшесінен батқан) залымдардың қатарында боларың сөзсіз﴿
— «Бақара» сүресі, 145-аят.
Олай болса, олардың арасында (билік айтқаныңда,) Аллаһтың түсіргені бойынша үкім шығар. Өзіңе келген ақиқаттан сырт айналып, олардың әуейіліктеріне еріп, өзіңе келген ақиқаттан тайма﴿
— «әл-Мәида» сүресі, 48-аят
Саған мынаны бұйырдық: Олардың арасында Аллаһтың түсіргені бойынша үкім шығар. Олардың әуейіліктеріне ерме, сондай-ақ Аллаһтың өзіңе түсірген бірқатар үкімдерінен сені айнытып не болмаса жаңылтып жіберуінен сақтан. Егер олар Аллаһтың үкімдерінен сырт айналса, онда біліп қой, демек, Аллаһ оларды кейбір күнәлары үшін бір бәлеге ұшыратқысы келеді. Задында, адамдардың көбі – Аллаһқа бағынбайтын азғын күнәһарлар. Жоқ әлде олар жаһилият (Исламға дейінгі надандық) дәуірінің үкімдерін көксей ме?! Әйтпесе, ақиқатқа әбден көзі жеткен, ілімі мен иманы берік қауым үшін Аллаһтан жақсы билік айтып, (әділ) үкім шығаратын кім бар дейсің?!﴿
— «әл-Мәида» сүресі, 49–50-аяттар
Міне, осылайша бұл Құранды араб тілінде ақырғы үкім және хикмет бастауы ретінде түсірдік. Олай болса, өзіңе осыншама ілім келгеннен кейін, солардың (яғни, Құранды мойындамағандардың) қалауына еріп, айтқанымен жүретін болсаң, ондай жағдайда саған Аллаһ тарапынан ешбір қамқор дос та, қорған да жоқ﴿
— «ар-Рағд» сүресі, 37-аят
Оларға: «Егер (бұл екі Кітап та сиқыр деген) сөздерің рас болса, онда Аллаһтың құзырынан тура жолды ол екеуінен де жақсы көрсететін басқа кітап әкеліңдер, мен де соны басшылыққа алайын», – деп айт. Егер олар саған жауап бере алмаса, біліп қой, олар тек қу нәпсінің жетегінде кетіп, өз әуейіліктеріне ерігендер. Аллаһтың нұсқауын басшылыққа алмай, тек қу нәпсіге ергеннен өткен адасқан бар ма? Шүбәсіз, Аллаһ залым қауымды әсте тура жолға салмайды, олардың ісін әсте оңғармайды﴿
— «әл-Қасас» сүресі, 49–50-аяттар
Сен (еш нәрсеге алаңдамай) адамдарды (өзің түскен хақ жолға) шақыр һәм өзіңе бұйырылғандай түзу бол! Сондай-ақ (дінде жік-жікке бөлінген әлгі кітап иелерінің) ығына жығылып, қалауларына ерме! Һәм: «Мен Аллаһ түсірген Кітапқа иман келтіремін. Мен араларыңда (билік айтқанда, ешкімді бай-кедей, күшті-әлсіз, араб-ғажам, ақ-қара деп алаламай) қара қылды қақ жарған әділ болуға һәм әділдік орнатуға бұйырылдым. Аллаһ біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың! Біздің істеген істеріміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе. Біз бен сендердің араларыңда талас-тартыстың орны жоқ. Қайткен күнде де Аллаһ уақыты келгенде бәрімізді бір араға жинап, арамызда әділ билігін айтады. Ақыр соңында бәріміздің қайтар жеріміз Оның құзыры», – деп жар сал﴿
— «Шура» сүресі, 15-аят

Расында, бұл қасиетті аяттар адамдардың қалаулары Аллаһу Тағала түсірген үкімдерге қайшы келмеуі керек екенін білдіреді. Міне, жоғарғы билік иесі ретінде Аллаһ Тағаланы мойындау дегеніміз — осы.

Ал бұл қағиданы іс жүзінде жүзеге асыру жолы — Аллаһтың шариғатын өмірдің барлық салаларында қолдану болып табылады.
Алайда бұл қағида үкіметті өзгермелі жағдайларға қарсы әрекет етуге қабілетсіз етіп қояды деп қауіптенудің қажеті жоқ¹. Өйткені шариғат мұндай жағдайларға қатысты кең ауқымды мүмкіндіктер мен икемділікке ие.

Бұл мәселені, инша Аллаһ Тағала, «Шариғатты қолдану» деген тақырып аясында толығырақ көретін боламыз».

¹яғнни, егер мемлекет шариғатқа толық байланса, онда заманауи, күтпеген, күрделі жағдайларға (мысалы, экономикалық дағдарыс, технологиялық өзгерістер, қауіпсіздік қатері, халықаралық қатынастардағы өзгерістер т.б.) дер кезінде бейімделе алмайды деп қауіптенудің қажеті жоқ.

Шейхул-ислам, муфти Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди, «Мақалату әл-Усмани», 2/487-490.