June 2

Шейх, фақиһ Уаһби Сулейман Ғаужи әл-Ханафи رحمه الله تعالى

Шейх, фақиһ Уәһби Сулейман Ғаужи әл-Ханафи, Аллаһ оны рақымына алсын.

Туғаны және өскен ортасы

Ол – шейх Уаһби ибн шейх Сулейман ибн хафиз Халил әл-Ханафи.

Шейх 1342 һижри / 1923 жылы маусым айында Албанияның солтүстігіндегі Шкодер қаласында дүниеге келген. Бұл қала Албаниядағы басқа өңірлермен салыстырғанда мұсылмандары басым аймақ болатын.

Ол ханафи фақиһы болған әкесі шейх Сулейман ибн Халил Ғаужидің тәрбиесінде өсті. Әкесі балаларын жинап, оларға Құран Кәрімді және Исламның негізгі қағидаларын үйрететін. Бес жасында әкесі оны куттабқа (діни бастауыш мектепке) берді. Жеті жасында мемлекеттік бастауыш мектепке түсті. Түскі үзілістерде және жаз мезгілдерінде куттабқа барып, Құран оқуын жалғастыратын. Осылайша Құран оқуды, Исламның кейбір негіздерін, яғни «Илмул-хал» деп аталатын ақида, ғибадат және көркем мінез-құлыққа қатысты білімдерді меңгерді.

1936 жылы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін оқуын жалғастырмады. Себебі сол кездегі Албания патшасы Ахмад Зоғу әйелдердің жүздерін ашуға және оқушылар мен мемлекеттік қызметкерлердің бастарына еуропалық қалпақ киюіне бұйрық берген еді. Мұны кәпірлерге еліктеу деп санаған әкесі оның оқуын жалғастыруына рұқсат бермеді. Бұл оның пайдасына болған еді.

Һижраты және білім жолы

1937 жылы әкесі шейх Сулейман мен ағасы шейх Мухаммад бүкіл отбасымен бірге діндерін сақтау мақсатында Албаниядан Шам өлкесіне һижрат етуге дайындалды. Бұл іс олардың игілігіне айналды, Аллаһқа мадақ болсын.

1937 жылдың жазында олар теңіз арқылы Албаниядан Шамға қоныс аударды. Сол кезде шейх Уәһби он үш жаста еді. Әкесі Дамаск қаласының Дәууәния ауданында қоныстанып, муфти шейх Мухаммад Шукри әл-Устууанидің орынбасары ретінде «әл-Умария» мешітінің имамы болды.

Шамға келгендерінен екі ай өткен соң әкесі оған араб тілін және шариғи ғылымдарды үйрену үшін әл-Әзһарға баруды ұсынды. Оның үлкен ағасы Шәукат бұған дейін әл-Әзһарда оқып жүрген болатын.

1937 жылдың қазан айында шейх Мысырға сапар шегіп, әл-Әзһарға қабылдау емтиханының келесі күні өтетінін білді. Құран оқуынан өткізілген емтиханға қатысып, сәтті өтті. Осылайша Мысырға келгенінің екінші күнінен бастап бастауыштан кейінгі деңгейдегі Каир институтының шәкірті атанды.

1939 жылы оған Шариғат факультетіне түсу мүмкіндігі туды. Ол шетелдік талапкерлерге арналған емтиханға қатысып, табысты өтіп, факультетке қабылданды.

Шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, былай дейді:

«Тілім әлсіз еді, бірақ білім алуға деген ынтам өте күшті болатын. Аллаһқа мадақ, Шариғат факультетінің төрт жылын үздіксіз әрі табысты аяқтадым. Бұл 1945 жыл еді. Кейін шариғи сот мамандығына түстім. Кейіннен бұл бөлімді (сол кездегі Мысыр басшысы) Абдул-Насыр жауып тастады. Оны екі жылдан кейін, яғни 1947 жылы тәмамдадым. Осылайша әл-Әзһардың сол замандағы әлемия дәрежесін алдым. Бұл бүгінгі докторлық дәрежеге тең болатын. Әл-Әзһарда жалпы он жыл оқыдым».
Содан кейін ол:
«Әкем менің шариғи сот саласына баруымды қалаған еді. Бірақ Аллаһ оны маған нәсіп етпеді. Сондықтан қазы қызметін атқармадым», – деген.

Одан кейін Сирияға оралып, 1949 жылы Білім министрлігіне қарасты ислам тәрбиесі пәні мұғалімдерін қабылдау байқауына қатысты. Сәтті өтіп, Халеб қаласындағы бір қыздар және бір ұлдар мектебіне мұғалім болып тағайындалды. Кейін тек қыздар мектебінде қалдырылды. Үш жыл қызмет еткеннен кейін Дамаскке ауыстырылды.

Халебте жүрген кезінде шейх Мухаммад Әли әл-Мурадпен танысып, араларындағы байланыс күшейді. Кейін шейх пен оның ағасы шейх Мухаммад Әли әл-Мурадтың екі қарындасына үйленді.

Шейх Уәһби, Аллаһ оны рақымына алсын:

«1951 жылы Хама қаласындағы білім мен дін иелері болған Мурад әулетінен үйлендім», – деген.

Ол Дамасктегі мемлекеттік мектептерде сабақ беруді жалғастырды. Сонымен қатар Аллаһтың үйлерінде ақысыз дәрістер өткізетін. Кей кездері аптасына сегіз дәріске дейін жететін. Солардың қатарында он жыл бойы үзілмей жалғасқан «ар-Рауда» мешітіндегі тәфсір сабағы да бар еді.

Шейх 1965 жылға дейін Дамаскта тұрды. Осы кезеңде бір жыл бойы Дамаск университетінің Шариғат факультетінде сабақ берді. Оның шәкірттерінің арасында 1961 жылы профессор доктор Мухаммад әз-Зухайли де болған.

Сол кезеңде ол «әл-Манар», «әл-Айям» және «әт-Тамаддун әл-Исләми» журналдары мен газеттерінде ислам тақырыбында мақалалар жаза бастады.

Қырық жасқа келген кезінде кітап жазуға кірісті. Исламның бес тірегіне арналған бес кітап, иман негіздері және басқа да еңбектер жазды. Кейін кітаптарының саны қырыққа жетіп, барлығы жарық көрді.

1966 жылы Эр-Риядқа барып, Имам Мухаммад ибн Сауд Ислам университеті жанындағы Шариғат факультетінде қызмет ету үшін шақырылды. Алайда университетке қарасты ғылыми институтқа тағайындалды. Онда бір жыл қызмет еткен соң Мәдинаға ауыстырылып, бес жыл сабақ берді.

1972 жылы Дамаскке қайта оралып, 1980 жылға дейін орта мектептерде ұстаздық етті. Зейнетке шыққан соң Мәдинаға қоныс аударып, Ислам университеті жанындағы орта білім беру бөлімінде қысқа уақыт жұмыс істеді. Кейін университеттің ғылыми зерттеу орталығына ауыстырылды.

Алайда «Иман негіздері» атты кітабы себепті университетте қысым көріп, қызметінен кету туралы өтініш берді. Екінші өтініші қабылданып, университеттен шықты.

Мәдинада бір жылға жуық жұмыссыз жүрген соң Иорданияға барып, Амман қаласына қоныстанды. Сол кезеңде ханафи фиқһына арналған «Мултақа әл-Абхурға жеңіл түсіндірме» атты еңбегін жазды.

1986 жылы Дубайға келіп, Араб және Ислам зерттеулері колледжінде фиқһ пәнінен сабақ бере бастады. Сонымен қатар бір жыл директордың орынбасары әрі фиқһ бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Колледжде 2001 жылға дейін еңбек етті.

2001 жылы 22 Рабиғул-әууәлде (14 маусым 2001 ж.) Дубайда шейхты құрметпен шығарып салу кеші ұйымдастырылды. Оған көптеген ғалымдар, шәкірттері мен жақсы көретін адамдары қатысты. Олардың қатарында шейх Ибарһим әс-Салқини, доктор Мухаммад Аджадж әл-Хатыб, доктор Мухаммад әз-Зухайли, доктор Мустафа Муслим, шейх Абдул-Карим Таттан, доктор Абдур-Раззақ әл-Кайлани, доктор Мәмун әш-Шақфа, доктор Абдул-Хаким әл-Анис және басқа да тұлғалар болды.

Сол жиында доктор Мәмун әш-Шақфа былай деген:

«Шынын айтсам, бұл мінберде сөйлейтін деңгейден өзімді әлдеқайда төмен сезінемін. Бірақ бір оқиғаны айтып берейін.
Көп жылдан бері осы елде тұрып келемін. Мұнда сақалы аппақ, жүзі нұрлы бір қарияны жиі көретінмін. Оны мешітте не көшеде көрсем, жүрегімде оған деген ерекше сүйіспеншілік пайда болатын. Сәлем берген сайын қолын сүюге тырысатынмын. Кейде мүмкіндік болатын, кейде болмайтын. Жылдар өтті. Кейін шейх Уәһби Сулейман Ғаужидің Әмірліктерге келгенін естідім. Кездескенімде әлгі бұрыннан жақсы көріп жүрген адамымның дәл өзі екенін білдім».

Содан кейін ол мына өлең жолдарын оқыған:

Уа, мырзам! Егер көлеңкең сатылатын болса, бар байлығымды беріп сатып алар едім.
Өмір бойы өз көлеңкең секілді, тіпті көлеңкеңнің көлеңкесі секілді қасыңнан шықпас едім.
Біз сирек кездесетін асыл қазыналар азайған заманда өмір сүріп жатырмыз.
Ондай асыл қазыналар неге бізден алыстап кетуі керек?
Сапар шексең де, сен ғашық жүректердің әрқайсысындасың.
Олар саған құрмет көрсету және қоштасу үшін жиналды.
Көздеріңдегі нұрға тамсанып қарап тұр.
Уа, Раббым! Құлшылық етуші, зікір айтушы жандардың жүздеріндегі бұл қандай көркемдік?!
Қараңдаршы, оның жүзіне!
Қартайған, әлсіреген шейх болса да,
Аллаһқа ант етемін, ол әлемдегі барлық әйелдерден,
Барлық бақтар мен гүлдерден,
Саяхатшылардың барлық серуендерінен де көркем.
Уа, ұстазым!
Қолдарыңызды көкке көтеріп,
Бізге дұға жасаңыз.
Өйткені бұл дүниедегі ең тәтті әуендердің бірі – ізгі жандардың дұғасы.

Шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, кейін Дамаскке оралып, сонда тұрақтады. Ол әл-Фатх әл-Исләми институты қабырғасында имам әл-Марғинанидің «әл-Һидая» кітабы бойынша ханафи фиқһынан дәріс бере бастады.

Еңбектері

Шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, араб және албан тілдерінде көптеген еңбектер жазды.

• Араб тілінде ханафи фиқһы, таухид, Құранның артықшылықтары, тұлғалар өмірбаяны және Пайғамбарымыздың ﷺ сирасы туралы қырық кітап жазды. Оның соңғы еңбегі «Мухаммад – Аллаһтың Елшісі ﷺ» атты кітабы болды. Бұл кітапты өзі сыйлап, құрметті қолтаңбасын қойып берген.

• Албан тілінде фиқһ, таухид және сира тақырыптарында жиырма үш кітап жазды.

• Сирия Уақыптар министрлігіне қарасты шариғи мектептерге арналған ханафи фиқһы оқулықтарын жазуға қатысқан.

• Дамаскідегі «Хадаратул-Ислам» журналына, «әт-Тамаддун әл-Исләми» журналына және «әл-Манар» газетіне төрт жүзге жуық мақала жазған. Сондай-ақ Әбу-Дабидегі «Манарул-Ислам» журналына, «әд-Дия» журналына және Дубайдағы Араб және Ислам зерттеулері колледжінің журналына мақалалары жарияланған.

• Доктор Мустафа әс-Сибаи, Аллаһ оны рақымына алсын, сырқатының соңғы күндерінде оған барып, социализм туралы жазылған мақалаға жауап ретінде өз мақаласын берген. Мустафа әс-Сибаи, Аллаһ оны рақымына алсын, оны еш өзгеріссіз жариялаған. Шейх Уәһби, Аллаһ оны рақымына алсын, мұны оның исламдық көркем мінезінің белгісі деп бағалаған және: «Ол Ислам үшін қызғанышы күшті, жанашыр әрі ғалым адам еді», – деген.

• «Нәсәматул-Құран» тәфсіріне, доктор Абдур-Раззақ әл-Кайланидің кейбір кітаптарына және «Джауһарату ат-Таухид» шархына алғысөз жазған.

• Шейх Абдуллаһ Әлуанның, Аллаһ оны рақымына алсын, «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабы туралы мақала жазған. Автор оны кітаптың кіріспесіне енгізген.

• Шейх Саид Хаууаның, Аллаһ оны рақымына алсын, «Аллаһ» және «Ислам» атты екі кітабын қарап, ғылыми редакция жасаған.

• Дубайдағы Уақыптар басқармасының пәтуа комитетінің мүшесі болған.

• Дубайдағы Араб және Ислам зерттеулері колледжінде берілген пәтуалар жинағының екі томы бар.

• Дамасктегі Арнаут мешітінде жұма құтпаларын оқыған. Сонымен қатар «әл-Иман», «ар-Рауда» және «әл-Буайра» мешіттерінде фиқһ пен тәфсірден дәрістер жүргізген.

Югославия коммунистік биліктен азат етілгеннен кейін шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, 1991 жылдан бастап алты жыл қатарынан жазғы демалыстарда Албанияға барып тұрған. Ол Аллаһқа шақыру мақсатында туған қаласы Шкодерде және басқа жерлердегі мешіттерде дәрістер оқып, өз кітаптарын албан тілінде үйреткен. Олардың қатарында:

• «Исламның тіректері»
• «Иманның тіректері»
• «Халал мен харам»
• «Пайғамбарымыздың ﷺ сахабаларының өмірі» атты еңбектері болды.

Албан тіліндегі кітаптарының ішіндегі ең атақтысы «ар-Рахматул-Муһда» атты Пайғамбарымыздың ﷺ сирасына арналған еңбек еді. Ол бірнеше рет қайта басылып шыққан. Жалпы алғанда шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, албан тілінде жиырмадан астам кітап жазған және олардың барлығы басылып шыққан.

Ұстаздары

Шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, білімді мына ұстаздардан алған:

• Әкесі шейх Сулейман ибн Халил әл-Ғаужи;
• Шейх Абдул-Уаһһаб Дибс Уәзәйт (әл-Хафиз деген атпен танымал);
• Шейх Әбу әл-Яср Абидин;
• Шейх Хасан Хабаннака әл-Майдани.

Ал әл-Әзһардағы ұстаздарының қатарында:

• Мухаммад әл-Хыдыр Хусейн;
• Мухсин Әбу Дақиқа;
• Мухаммад Заһид әл-Кәусәри;
• Мухаммад Әли әс-Сайис және басқа да ғалымдар болған.

Ижазалары

Оған ижаза берген ғалымдардың қатарында:

• Әкесі шейх Сулейман ибн Халил әл-Ғаужи;
• Шейх Инаятуллаһ Нәби әл-Искуби;
• Шейх Мухаммад Әли әл-Мурад;
• Шейхул-Ислам Мухаммад Зәһид әл-Кәусәри;
• Пәкістан муфтиі Шейх Мухаммад Шафиғ әл-Усмани;
• Шейх Мухаммад Тақи әл-Усмани;
• Шейх Мухаммад әл-Хамид;
• Шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда;
• Шейх Мухаммад Әләуи әл-Мәлики;
• Шейх Мухаммад Ашиқ Илаһи әл-Бәрни;
• Шейх Сағдуд-Дин әл-Мурад және басқалар бар.

Ғалымдардың ол туралы сөздері

Шейх Ахмад Куфтара ол жайлы:

«Аллаһ жолындағы бауырым, ардақты шейх Уаһби Сулейман әл-Ғаужи туралы айтқанда, оның әлемдегі ең үлкен әрі ең ұлы оқу орындарының бірі болған әл-Әзһарда білім алғанын еске аламын. Бұл тәрбиеші шейх – білім мен танымда дәлел, дағуат пен мінезде үлгі, әрі білім ізденушілер мен дағуатшылар жолындағы жарқын шам», – деген (2003 ж.).

Аллама шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда, Аллаһ оны рақымына алсын:

«Ардақты бауырым, қадірлі ұстаз шейх Уаһби Сулейман әл-Ғаужи. Аллаһ оны сақтап, оның ілімі мен артықшылығы арқылы құлдар мен елдерге пайда берсін», – деген (Рияд, 9/3/1390 һ.).

Доктор Мустафа Саид әл-Хин, Аллаһ оны рақымына алсын:

«Мен қадірлі бауырым шейх әл-Ғаужимен ұзақ уақыт бойы түрлі салаларда бірге болдым. Одан тек ізгі, насихатшы, білім мен тура жол негізінде Аллаһқа шақырушы адамды ғана көрдім», – деген.

Доктор Мухаммад Саид Рамадан әл-Бути, Аллаһ оны рақымына алсын:

«Ардақты ұстаз шейх Уаһби Сулейман әл-Ғаужи – Исламның сенім негіздері мен фиқһ үкімдерін терең меңгерген, сондай-ақ құлшылық, тақуалық, дүниеден безу және әһлу-с-Сунна уәл-жамаға сәләфтарының жолын ұстануды өз бойына жинаған ар-Раббани ғалымдардың бірі. Бүгінде мен оны ақидасы, мінезі, тақуалығы және өмір салты арқылы біздің ізгі сәләфтарымыздың жолын ең жақсы танытатын тұлғалардың бірі деп есептеймін», – деген.

Қайтыс болуы

Шейх, Аллаһ оны рақымына алсын, өмірінің соңына дейін Дамаскте тұрды. Қайтыс боларынан шамамен екі ай бұрын Бейрут әуежайы арқылы елден шыққан. Әуежайда оған қасақана кедергілер жасалып, шамамен жиырма төрт сағатқа жуық ұсталып қалғандықтан ұшағын өткізіп алған.

Ол кезде шейх ауыр науқас еді. Жүрегі қатты әлсіреген, өкпесіне су жиналған және жалпы денсаулығы нашар болатын.

Келесі күні Әмірліктерге жеткен бойда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Онда бір аптадан астам емделіп шыққан соң, шамамен бір ай өткеннен кейін тыныс алуы қиындап, қайтадан шұғыл түрде ауруханаға түсті. Дәрігерлер оң өкпесінде қатты қабыну бар екенін анықтады. Ол тағы екі апта ем қабылдады.

Алайда Аллаһ Тағала Өз аманатын қайтарып алуды қалады.

Тоқсан жылға созылған өмірінде ғылым үйреніп, ғылым үйретіп, Аллаһқа шақырып, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюмен және білімге ынталандырумен өткен осы ғалымның өмірі 1434 һижри жылдың 9 Рабиғул-ахирі, сейсенбі күні, 2013 жылдың 19 ақпанында, ақшам намазынан кейін аяқталды.

Оның пәк рухы Раббысына қайтты. Артында отбасы, шәкірттері мен сүйікті адамдарының жүрегінде қайғы мен сағыныш қалдырды.

Шейх жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылғаннан кейін Дубайдағы әл-Қуәз зиратына жерленді. Жаназа намазы 1434 һижри жылдың 10 Рабиғул-ахирі, 2013 жылдың 20 ақпанында, аср намазынан кейін оқылды. Жаназаны имам ретінде шейх Абдул-Карим Таттан жүргізді. Оған шейхтың көптеген достары, шәкірттері, туыстары мен жақсы көретін адамдары қатысты.

Аллаһтың таңғажайып тағдырларының бірі – шейхтың қайтыс болуы (1982 жылы ақпан айында) Хамадағы үлкен қырғын болған ақпан айына сәйкес келді. Сол қырғында қырық мыңнан астам адам қаза тапқан болатын. Олардың ішінде шейхтың құдалары болған Мурад әулетінің ғалымдары да бар еді. Бұл оқиға шейхтың қайтыс болуынан отыз бір жыл бұрын орын алған.

Аллаһ Тағала шейхымызды рақымына бөлеп, кең жәннаттарына орналастырсын. Оның орнын біз үшін қайырмен толтырсын, бізге де, отбасына да сабыр мен жұбаныш берсін.

«Расында, біз Аллаһқа тәнбіз әрі Оған қайтамыз».

Бұл өмірбаянды шейхтың өз аузынан және өзінің қолымен жазылған парақтарынан шәкірті Мухаммад Майсар ибн шейх Мухаммад Башир әл-Мурад жазып алған.

21 ақпан 2013 жыл
11 Рабиғул-ахир 1434 һижри.