«Аллаһ Елшісі ﷺ намазын аяқтаған кезде Аллаһтан үш рет кешірім тілеп...»
Хазіретті Саубан, оған Аллаһ разы болсын, риуаят еткен хадисте айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ намазын аяқтаған кезде Аллаһтан үш рет кешірім тілеп: «Аллаһумма әнтәс-сәләәм уә минкәс-сәләәм, тәбәәрактә иәә зәл-жәләәли уәл-икраам», – деп айтатын». Хадисті Муслим жеткізген.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 961) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Аллаһ Елшісі ﷺ намазын аяқтаған кезде) яғни, намазын бітірген кезде (Аллаһтан үш рет кешірім тілеп) яғни, «әл-Хисн» кітабында келгендей үш рет «Әстағфируллаһ» деп айтады. Бәлкім, Пайғамбардың ﷺ кешірім сұрауы Раббысына мойынсұнудағы кемшіліктерін көргендіктен шығар, әулиелерден болған ізгілер Аллаһқа жақындататын амалдарын кеміс\кәміл емес көретіні сияқты. Сондықтан олар: «Біздің Аллаһтан кешірім сұрауымыздың өзі үлкен кешірім сұрауды қажет етеді», - дейтін. («Аллаһумма әнтәс-сәләәм) яғни, біздің Саған деген мойынсұнуымыз кемшіліктерден ада емес, (уә минкәс-сәләәм) яғни, мойынсұнуымызды қабыл етіп, сәлемет ет, кемшілігіміз бен күнәларымызды кешір, (тәбәәрактә) яғни, ұлықтығыңа лайықты түрде Саған құлшылық ету және ұлықтығыңа лайықты түрде Саған мойынсұнудан Сен аса жоғарысың (яғни, біздің әлсіз болғанымыз соншалықты, Аллаһу Тағаланың ұлылығына сай құлшылық қыла алмаймыз) (иәә зәл-жәләәли) яғни, күнәһарлар мен қылмыскерлердің лайықты түрде жазасын беруші (уәл-икраам) яғни, шарапат пен жомарт иесі».