August 23

Уа, Айша! Міскіндерді жақсы көр және оларға жақын бол!

Хазіретті Анас, Аллаһ одан разы болсын, жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Уа, Аллаһым! Мені міскін күйінде тірілт, міскін күйінде өлтір, әрі махшар күні мені міскіндермен бірге қыл». Айша анамыз: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Неліктен?» — деп сұрады. Пайғамбар ﷺ айтты: «Себебі олар байлардан қырық жыл бұрын жәннатқа кіреді. Уа, Айша! Міскіннің қолын қайтарма, тіпті жарты құрмамен болса да. Уа, Айша! Міскіндерді жақсы көр және оларға жақын бол! Расында, Аллаһ сені қиямет күні өзіне жақын етеді». Хадисті әт-Тирмизи және әл-Байһақи «Шуғабул-иман» кітабында жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5224) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Уа, Аллаһым! Мені міскін күйінде тірілт) Пайғамбар ﷺ «пақыр күйінде» деп айтпады, өйткені бұл сөзден түкке тұрмайтын мұқтаждың бейнесі елестеп қалуы мүмкін. Өйткені бұл сөз Аллаһ Елшісінің ﷺ: «Уа, Аллаһым! Өз көзімде мені кішіпейіл ет, ал адамдардың көзінде ұлық ет!» деген дұғасына қайшы келер еді.

Ал «міскін» сөзі «المسكنة» («мәскәнә») түбірінен шығып, «аса кішіпейілдік» деген мағынаны білдіреді, тіпті кейде мұндай кішіпейілділік адамды қорлыққа ұшыратуы да мүмкін немесе («міскін» сөзінің түбірі) «السكون» («әс-сукун») және «السكينة» («әс-сәкина») — яғни, «байыптылық», «жүректің тыныштығы» және «тағдырды толық сабырмен қабылдау» мен «мойынсұну», Жаратушы Жәббардың үкіміне разы болу деген мағынада.

Кейбір ғалымдар: «Яғни мені тәкаппар емес, қарапайым, кішіпейіл ет!» — деген мағынада түсіндірген. Бұл дұға арқылы Пайғамбар ﷺ үмбетіне кедейлердің артықшылығын үйретіп тұр: оларды жақсы көріп, олармен бірге отыру, себебі олармен бірге болу — берекеге себеп. Сонымен қатар, бұл міскіндерге жұбаныш әрі олардың дәрежелерінің жоғары екеніне ишара. Мүмкін бұл сөздің (яғни, «Мені міскін күйінде тірілт» дегеннің) мағынасы: «Маған қажетті мөлшерде ризық беріп, ризық іздеумен әуре етпе» деген де болуы мүмкін. Себебі, Аллаһқа жақын құлдар үшін байлық — ақыретте сұрақ-жауап пен дүниедегі ауыртпалық қана, (міскін күйінде өлтір) – бұл Пайғамбардың ﷺ өмірінің соңына дейін кішіпейілділік пен міскіндік сипатын сақтап өткеніне дәлел, (әрі махшар күні мені міскіндермен бірге қыл») яғни, олардың тобында, жамағатында бірге қыл. Мұнда жасырын емес айқын көрінетін көркем әсірелеу бар: егер Ол ﷺ «Оларды менің тобыма қоса гөр» десе болары еді, бірақ Ол ﷺ: «Мені солардың арасына қоса гөр» деу арқылы міскіндердің дәрежесі биік екенін аңғартады (яғни, Пайғамбар ﷺ өзін олардың арасына қосуды сұрау арқылы міскіндердің мәртебесін көтерді). Сол секілді, Пайғамбар ﷺ бір хадисте: «Ғалымның құлшылық жасаушыдан артықшылығы – менің араларыңдағы ең төмен адамнан артықшылығым сияқты» деген. бұл жерде «ең жоғарыларыңнан» деп айтқан жоқ (яғни, өзінің үмбетіне кішіпейілділік танытып, сонымен қатар ғалымның дәрежесінің өте жоғары екенін көркем түрде жеткізді).

Осыған ұқсас бір оқиғада бір ислам билеушісі бір топ тақуа, міскін кісілердің жанынан өтіп бара жатып, олардың өзіне мән бермегенін көріп:
– Сендер кімсіңдер? – деп сұрайды.
Олар:
– Біз — дүниені тәрк етуді махаббат, ақыретті тәрк етуді дұшпандық деп білетін қауымбыз, – дейді.
Сонда билеуші:
– Біз сендерді жақсы көруге де, сендермен дұшпан болуға да қауқарсыз екенбіз… – деп жөніне кетеді. ( Айша анамыз: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Неліктен?» — деп сұрады) яғни, не үшін өмірде де, өлімде де, қияметте де міскіндермен бірге болуды қаладыңыз? Неге ауқатты, беделді адамдардың қатарын емес, кедейлердің қатарын таңдадыңыз? (Пайғамбар ﷺ айтты: «Себебі олар) басқа да көркем сипаттары мен мінездерінен бөлек (байлардан қырық жыл бұрын жәннатқа кіреді) — уақыт жағынан да, орын мен дәреже жағынан да. «Қырық жыл» – уәде етілген ең аз мерзім. Бірақ соның өзі кедейлердің байлардан алға шығуына жеткілікті. Бұл құлшылықта бір сауаптың он есе еселенуі тәрізді. (Уа, Айша! Міскіннің қолын қайтарма) яғни, оның қолын ешқашан бос қайтарма, келген-кеткенінде кешірімді болып, аз-көп демей жақсылық қыл (тіпті жарты құрмамен болса да) яғни, жарты құрмамен болса да, немесе оның бір бөлігімен болса да бер, тіпті ештеңе бере алмасаң да оны жақсы сөзбен қайтар, сонда үлкен сауапқа кенелесің. Осыған байланысты бірде Айша анамызға бір міскін келгенде, оның қолында тек бір түйір жүзім ғана бар еді — соны берді. Сол кезде әлгі міскін азсынып реніш білдіреді. Бірақ ол кісі Айша анамызға Аллаһтан қандай түсінік келгенін білмеген еді. Сонда Айша анамыз: «Аллаһу Тағала: ﴾Ендеше, кімде-кім зәредей (мысқылдай) жақсылық жасаса, соның қарамын алады﴿ («әз-Зілзәлә» сүресі, 7 аят) – деп айтқан емес пе? Бұл бір ғана дәннің ішінде қаншама мысқал бар ғой!» – деп жауап берді. (Уа, Айша! Міскіндерді жақсы көр) яғни, шын көңілмен жақсы көр (және оларға жақын бол) яғни, оларды өз мәжілісіңе жақын қыл! (Расында, Аллаһ сені қиямет күні өзіне жақын етеді») яғни, міскіндерге жақын болу арқылы сен Аллаһ Тағалаға жақындайсың. (Хадисті) толығымен (әт-Тирмизи және әл-Байһақи «Шуғабул-иман» кітабында жеткізді) яғни, Анастан жеткізді».