Нәпіл намаз оқып тұрған адамның артынан парыз намазға ниет етіп ұю рұқсат па? Немесе имам мен ұюшының ниеттері бірдей болу шарт па?
Бұл мәзһабтар арасындағы хиләф мәселе. Имам Әбу Ханифа, Имам Мәлик және Имам Ахмадтың (Аллаһу Тағала олардан разы болсын) ұстанымдары бойынша имам мен ұюшының ниеттері әртүрлі болуы рұқсат емес деді, яғни: имам мен ұюшының ниеттері бір болу керек.
Рұқсат деген көзқарасты ұстанатын азшылық дәлел ретінде хазіретті Джәбир риуаят еткен хадисін алға тартады:
«Муғаз (ибн Джабал) Пайғамбардың ﷺ артынан ұйып құптан намазын оқып, сосын өз қауымына барып (имам болып) сол құптан намазын оқып беретін» (Муслим). Әл-Бухариде: «Өз қауымен парыз оқитын» деп келеді.
Бұл хадис көпшілік ғалымдардың құзырында бірнеше тараптан мансұх болған (яғни, күші жойылған):
1. Хазіретті Әнәстен (Аллаһ одан разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар ﷺ айтты: «Имам оған еру үшін тағайындалды, сондықтан сендер имамға қайшы келмеңіздер» (әл-Бухари, Муслим).
Бұл хадис имам мен ұюшының ниеттері бір болу керек екеніне анық дәлел. Өйткені ниеттердің әртүрлі болуы хадистегі «қайшы келмеңіздер» деген тыйымға кіреді.
Егер қарсы тарап былай деп айтса: «Қалайша сендер бұл хадисті ниеттер бір болу керек дегенге дәлел етесіңдер, егер сендер парыз оқып тұрған имамның артынан ұйып нәпіл намаз оқуға рұқсат берсеңіздер? Бұл жерде де ниеттер әртүрлі ғой!». Біз айтамыз: «Өйткені парыз намаз оқушының артынан нәпіл намаз оқуға Пайғамбардан ﷺ ашық рұқсат бергендігі туралы сахих хабар келген: «Кімде-кім парыз намаз оқып болғаннан кейін жамағат парыз намаз оқып тұрғанын көрсеңіздер, ұйып кетіңіздер, бұл намаз (яғни, имамға ұйып оқыған намаз) сендерге нәпіл болады» (Әбу Дәуіт, әт-Термизи, ән-Нәсәи, Имам Ахмад). Бұл ашық әрі анық келген рұқсат.
2. Имам Ахмад өзінің «әл-Муснад» жинағында (және Муслимде) Сәлимнен жеткен хадисте: «Бану Сәлимнен болған бір адам Пайғамбарға ﷺ келіп айтты: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Муғаз ибн Джабал сізге ұйып намаз оқығаннан кейін бізге келіп имам болады. Біз күндіз жұмыс жасаймыз, кейін (кешкі) намазға азан шақырғанда біз мешітке шығамыз. (Муғаз ибн Джабал) намазды тым созып жібереді»,- дейді. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: «Иә, Муғаз! Бүлікшіл болма! Намазды бізбен оқы немесе қаумыңа барып намазды жеңілдет», - дейді». Бұл хадис Пайғамбар ﷺ Муғазға екі нәрсенің бірін істеуге әмір еткенін көрсетеді: «Намазды бізбен оқы», яғни: қауымыңға барма «немесе қаумыңа намазды жеңілдет», яғни: намазды бізбен бірге оқымай, барып өз қауымыңмен оқы.
3. Ниет ішкі дүние болғандықтан, біз Муғаз ибн Джабалдың Пайғамбардың ﷺ артынан қандай ниетпен ұйып оқығанын білмейміз, мүмкін намаздың үкімін үйрену үшін нәпіл ниетімен ұйыған болар. Бұл көзқарасты «әл-Мунтақа» (2\166) кітабында жоғарыда біз келтірген хадистің түсіндірмесінде Ибн Тәймия айтты: «Пайғамбардың ﷺ: «Намазды бізбен оқы немесе қаумыңа барып намазды жеңілдет» деген сөзі, нәпіл намаз оқып тұрған адамның артынан парыз намазға ниет етіп ұюға болмайтындығын көрсетеді. Өйткені Пайғамбар ﷺ өзімен бірге (парыз) намаз оқыған адамды имам болудан қайтарды. Ал парыз намаз оқып тұрған адамның артынан нәпіл намазға ниет етіп ұюға ешқандай кедергі жоқ екеніне ғалымдардың иджмасы бар».
4. Имам ат-Тахауи Муғаз ибн Джабалдың құптан намазын екі рет оқуы (Пайғамбар ﷺ артынан ұйып және жамағатқа имам болуы) Исламның алғашқы уақытында болған, бірақ кейін Пайғамбардың ﷺ мына хадисімен күші жойылған деп, Ибн Омардан мына хадисті келтіреді: «Бір күнде бір намазды ері рет оқымаңыздар» (Ат-Тахауи, «Мәғәни әл-Әсар», 187; Ибн Хазм, «әл-Мухәллә» кітабында риуаят етіп, сахих деді, 4\259; имам ән-Нәсәи 138 бер).
5. Имам Ахмад «жамағатпен намаз оқып, кейін дәл сол намазды басқа адамдарға имам болып оқи алам ма?» деп сұралғанда, Имам Ахмад: «Жоқ, егер адамдар оның артынан ұйып намаз оқыған болса, онда намаздарын қайта оқиды», - деді. Сосын имам Ахмадқа Муғаз ибн Джабал Пайғамбардың ﷺ артында ұйып намаз оқып, кейін жамағатқа имам болғандығы туралы хадисті сұрағанда, имам Ахмад айтты: «Бұл хадисте шатасу бар (мудтариб), егер сахих деп алғаннан өзінде, күнімізде оған амал етуге болмайды» («Табақату әл-Ханабиля» (53 бет) және ханбали мәзһабының ғұламасы Алауд-Дин Әбу әл-Хасан әл-Бағдади әл-Ханбалидің «әл-Уәджиз» (2\652) кітабында, ханбалилердің шейхы әл-Буһути әл-Ханбали өзінің «Рауду әл-Мурбиғ» (2\406) кітаптарында ханбали мәзһабында осы көзқарас муғтамад (яғни, негізгі ұстаным) екенін айтады).
Қорытынды: көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша имам мен оған ұюшы адамның ниеттері бір болу шарт және екі түрлі ниеттегі адамдардың бір-біріне ұйып оқыған намаздары дұрыс емес.
Қосымша дереккөз: Шейх Мухаммад Аууама әл-Ханафидің тахқиқымен Имам әз-Зәйләғидің «Насбу ар-Райа» (2\52) кітабы; Шейх Зафар Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуридидің «Иғлә әс-Сунан» (4\289) кітабы.
Дереккөз: Шейх Мухаммад Аууама әл-Ханафидің тахқиқымен Имам әз-Зәйләғидің «Насбу ар-Райа» (2\52) кітабы; Шейх Зафар Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуридидің «Иғлә әс-Сунан» (4\289) кітабы.