﴾Кім Аллаһ елшісіне бағынса, шүбәсіз, Аллаһқа бағынғаны. Ал кім бағынудан бас тартып, одан сырт айналса, Біз сені оларға қорушы етіп жіберген жоқпыз﴿.
﴾Кім Аллаһ елшісіне бағынса, шүбәсіз, Аллаһқа бағынғаны. Ал кім бағынудан бас тартып, одан сырт айналса, (уа, расулым, көңіліңе алма), Біз сені оларға (төбелерінен төніп, әрдайым бақылап, күзетіп тұратын) қорушы етіп жіберген жоқпыз﴿ «ан-Ниса» сүресі, 80-аят.
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Аллаһ Тағала айтты: ﴾Кім Аллаһ елшісіне бағынса, шүбәсіз, Аллаһқа бағынғаны﴿.
Себебі Аллаһ Тағала Елшіге бойсұнуға бұйырды. Демек, кім Оның Елшісіне бойсұнса, Аллаһқа бойсұнған болады. Өйткені ол Аллаһтың әмірін орындады. Көрмейсің бе, Аллаһ Тағала: ﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар ﴿ («ан-Ниса» сүресі, 59-аят) — деп айтты. Тіпті Ол Елшіге бойсұнуды иманның шарты етті: ﴾Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды (оңтайлы шешу үшін) сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан (өзіңе) толық бойсұнбайынша, иман келтірмек емес﴿ («ан-Ниса» сүресі, 65-аят).
Екінші мағынасы: Расында, Елші ﷺ тек Аллаһқа бойсұнуға бұйырады. Сондықтан кім Елшіге бойсұнып, оның әмірін орындаса, Аллаһқа бойсұнған болады. Өйткені ол Аллаһқа бойсұнуға шақырушының әмірін орындады. Аллаһ қана табыс беруші.
Тағы бір пікірде: Елші ﷺ Аллаһтың әмірімен бұйырады. Сол себепті оған бойсұну — Аллаһқа бойсұну болып есептеледі.
Кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыздың ﷺ Мәдинада былай дегені айтылған:
«Кім мені жақсы көрсе, расында Аллаһты жақсы көрген болады. Ал кім маған бойсұнса, расында Аллаһқа бойсұнған болады». Осы сөзге байланысты мұнафықтар оны айыптаған кезде, Аллаһ Тағала Пайғамбарымыздың ﷺ сөзін растау үшін мына аятты түсірді: ﴾Кім Аллаһ елшісіне бағынса, шүбәсіз, Аллаһқа бағынғаны﴿».
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
«Кім Аллаһқа бойсұнса, ол Аллаһты еске алған болады, тіпті оның намазы, оразасы және Құран оқуы аз болса да. Ал кім Оған қарсы келсе, ол Аллаһты ұмытқан болады, тіпті оның намазы, оразасы және Құран оқуы көп болса да».
Сондықтан Аллаһқа бойсұну — Оның әмірлеріне еріп, тыйымдарынан тыйылу арқылы жүзеге асады. Сол сияқты Аллаһты сүю де — Оның әмірлері мен тыйымдарына ілесу арқылы болады. Бұл жайында Аллаһ Тағала былай дейді: ﴾(Уа, Мухаммад! Адамдарға): «Егер Аллаһты (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Аллаһ тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт﴿ («Әли Имран» сүресі, 31-аят).
Аллаһ Тағаланың: ﴾Кім Аллаһ елшісіне бағынса, шүбәсіз, Аллаһқа бағынғаны﴿ деген сөзі – айқын, анық мағынаға ие.
Оның шынайы мәні: адам Елшіге Аллаһқа бойсұну үшін бойсұнады. Өйткені Елшіге бойсұну – Аллаһқа шақыруына жауап беру. Ал оған бойсұну – Аллаһқа бойсұнатын нәрседе оған жауап беру деген сөз.
Мұндағы даналық: Аллаһ Тағала Елшіге бойсұнуды жеке бір құлшылық (ғибадат) деп атамады, бірақ негізінде ол – Аллаһқа арналған ғибадат. Себебі Елшінің өзін құлшылық етуге болмайды. Сондықтан Аллаһ Тағала оған бойсұнуды Өзіне жасалған ғибадатқа айналдырды.
Осыдан біл: «бойсұну» әрдайым «ғибадат» атауына лайық бола бермейді. Кейде ол басқа мағынада да қолданылады. Сол себепті жаратылыстар арасында «бойсұнылатын» (مطاع) деп айтуға болады, бірақ «құлшылық етілетін» (معبود) деп айтуға болмайды.
Сондай-ақ, бұл аятта Пайғамбарымыздың ﷺ шақырған және бұйырған барлық нәрсесінде қателіктен қорғалғандығына (исметіне) куәлік бар. Әрі адамдарға оның сол істерінде шыншыл екеніне куәлік ету және соны орындау міндеттеледі. Бұл мағына Аллаһ Тағаланың мына сөздерімен күшейтілген: ﴾Аллаһ елшісінің бұйрығына қайшы келгендер бастарына (берекелерін кетіретін) бір бәленің немесе жан төзгісіз ауыр азаптың келуінен қорықсын﴿ («ан-Нур» сүресі, 63-аят) және ﴾Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды (оңтайлы шешу үшін) сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан (өзіңе) толық бойсұнбайынша, иман келтірмек емес﴿ («ан-Ниса» сүресі, 65-аят). Бұл аяттар оның әміріне қарсы келудің азапқа ұшыратуынан қатты қорқытатынын білдіреді.
Оның бойсұнуы тек іс-әрекеттерінде немесе айтқан сөздерінде ғана емес, екі түрде жүзеге асады:
Біріншісі: оның әрбір ісі мен сөзін – жеке мағынада ма, жалпы мағынада ма, міндетті ме, әдепке қатысты ма, рұқсат етілген бе, әлде ынталандыру ма – қалай болса, сол күйінде сеніммен қабылдау.
Екіншісі: оның мақсат еткен нәрсесін орындау. Яғни оның істегенін істеу, тыйғанынан тыйылу, рұқсат еткенінде сол рұқсатпен амал ету және әр нәрсені өз орнымен қолдану. Мұның барлығы дәлелдер арқылы анықталады. Күш-қуат тек Аллаһтан.
Ал «оның істерінде бойсұну міндет емес» немесе «міндет» деп жалпылама айту – мағынасыз сөз.
Аллаһ Тағала айтты: ﴾Ал кім бағынудан бас тартып, одан сырт айналса, (уа, расулым, көңіліңе алма), Біз сені оларға (төбелерінен төніп, әрдайым бақылап, күзетіп тұратын) қорушы етіп жіберген жоқпыз﴿.
Яғни олардың амалдары мен іс-әрекеттеріне сен жауапты емессің. Әркім өз істегеніне жауап береді: олар — өз амалдарына, сен — өз амалыңа. Сен олардың істері үшін сұралмайсың, әрі олар да сенің істегендерің үшін сұралмайды. Аллаһ жақсырақ біледі.
Сондай-ақ, аяттың тағы бір ықтимал мағынасы: ﴾Біз сені оларға (төбелерінен төніп, әрдайым бақылап, күзетіп тұратын) қорушы етіп жіберген жоқпыз﴿ — яғни сен олардың ішкі сырларын, жүректерін бақылаушы емессің. Саған тек олармен сыртқы көрінісіне қарай мәміле жасау жүктелген. Аллаһ жақсырақ біледі».